Қоғам

Игілікті істің үздігі

Елордамызда өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілер қатары жыл санап артып келеді. Бос уақытын тек жақсылық жасау­ға арнаған жандардың елеулі еңбегіне қоғам да риза. «Жыл волонтері-2021», «Volunteer fest 2022» жеңімпазы атанған «Астана қайырымды жандары» атты еріктілер тобының мүшесі Нұрсейіт Жұпар да дәл осындай ел сүйсінер іспен айналысып келе жатқанына біраз уақыт болыпты.

Қазіргі таңда Астана қаласының №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші қызметін атқарып жүр. Күнінің бос уақытында барын жоқ-жітікпен бөлісіп, қайырымдылық жасап, абыройлы болып жүрген азамат жыл басынан бері бірталай жұмыс істеп үлгерген. Еріктілер тобы 43 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еткен, Манас көшесіндегі мамандандырылған балалар үйіндегі балаларды сыйлықпен қуантқан, Қостанай облысында орын алған өртке байланысты аймақ тұрғындарына азық-түлік жіберген, сонымен қатар қаладағы 7 мешітті тазалауға көмектескен. Жастайынан жақсылық жасауға ұмтылып, еріктілер қатарына 2019 жылы қосылған.

Жақсылық жасаудың шегі жоқ әрі ол уақыт талғамайды. Десе де жыл мезгілдеріне байланысты аталған жұмыстың өзіне тән қиындығы мен қызығы болады. Атап айтқанда, қыс мезгілінде көшедегі қар тазалаушыларға ыстық шайы мен тамағын беріп, оларға көмектеседі, кей жағдайларда көмірін де төгіп береді. Ал басқа мезгілдерде қала көшелерін абаттандырып, мешіттердің маңайындағы тазалықты сақтау­ға атсалысады. Еріктілер қызметі көмекке мұқтаж адамдар мен қарттарға жәрдемдесуді ғана қамтиды десек, қателесеміз. Бұл қажырлық пен уақытты тиімді пайдалануды талап етеді.

Ерікті болудың өзі біраз ізденісті қажет етеді. Нұрсейіт Жұпардың айтуынша, еріктілер тобы көмекке мұқтаж немесе отбасылық жағдайы нашар ересектер мен балалардың тізімін мешіттерден және мектептерден алады екен. Кейбір кезде көмек қолын сұрағандарға әлеуметтік желілер арқылы кері байланысқа түседі. Ал тізімнен тыс қарттар мен балалар үйіне барып, олардың көңілін көтеру мақсатында әр түрлі шаралар ұйымдастырады. «Адамдардың жүзінен күлкі көру үшін жүректегі мейірді бос уақытымызға айырбастаймыз» дейді әңгімелесушіміз. Өрт сөндірушінің «Үздік әлеуметтік көмекші» номинациясы – атқарған жұмысының нәтижелі екенінің дәлелі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, еріктілер өзінің тапқан табысының белгілі пайызын қайырымдылық қорларына, әр жұма сайын мешіттерге немесе жоғарыда аталған қарттар мен балалар үйіне жұмсайды.

Ерікті болу атаулы білімді қажет етпейді. Ол үшін тек жылы жүректі жан болуыңыздың өзі жетіп жатыр. Адамдардың жүзіне бір күндік қуаныш сыйлағанына қуана білген Нұрсейіт Жұпар «Жылына бір рет қан орталығына барып, донор боламын» дейді. Мұндағы жылына бір рет деп отырғаны өзінің туған күніне сәйкес келетінін де жасырмады. Өзге адамдардың тағдырына алаңдап, туған күнінде өзгеге сыйлық сыйлаған қайырымды жан «Жақсылық жасау кез келген адамның қолынан келеді, оған тек ниеті түзу болса жеткілікті» деп сөзін түйіндеді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Л.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық

университетінің 4-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button