Сұхбат

Игорь РОГОВ: Конституцияда ұлттың ерекшелігі қамтылмай қалмады

1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға сәйкес конституциялық бақылаудың квазисот органы – Конституциялық Кеңес құрылды. Өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдар мен азаматтардан тәуелсiз, дербес қызмет атқаратын Кеңес Респуб­лика Конституциясына ғана бағынып, саяси және өзге себептердi негiзге ала алмайды. Ата Заң күніне орай біз Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Роговпен сұхбаттастық.

index

Ең қымбат қазына адам және оның өмірі

– Игорь Иванович, осыдан жиырма бір жыл бұрын қабылданған Казақстан Конс­титуциясы ел азаматтарына не берді, оның ерекшеліктері қандай?
– Конституция мемлекеттің негізін құрайтын қағидаларды бекітіп берді. Оның ішінде елдің аумақтық тұтастығын, мемлекеттік тіл туралы ережені, барлық азаматтың заң алдында бірдейлігін, өмірдің әр кезеңінде, әр салада әділдіктің үстемдік етуін, кез келген белгілер бойын­ша кемсітушілікке жол беріл­меуін айқындап берді.
Мемлекетіміздің қалып­та­­суын­да шешуші рөлді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
атқарды деп айтсам, жаңалық аша қоймаспын, мұны халықтың өзі біліп отыр. Конституция жобасы да Елбасының тікелей басшылығымен әзірленді. Оның алдында Мемлекет басшысы өзге ондаған мемлекеттің Конс­титуция мәтіндерімен танысып шықты. Мамандар мемлекеттің басты заңын әзірлеу үдерісіне біздің Президент секілді мұқият араласқан өзге елдердің басшыларын атау қиын деп отыр. Ал Елбасы ерінбей, жалықпай, бұл жұмыспен айналысты.
Конституциялық қағидалар бір жағынан қалыптасқан қаты­настарды бекітеді, нормаларды нақтылап, реттейді. Бұған қоса, Ата Заңда мемлекеттің даму жолын айқындайтын мақсатты нормалар да бар. Бұл нормалардың арасында айтарлықтай шекаралар жоқ, олар бір-бірімен диалектикалық бірлікте байланған.
Мәселен, Конституцияда Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені айтылып, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені ай­қындалған. Бір жағынан бұл нормалар қолданыстағы ережелерді бекітіп, реттесе, екінші жағынан мемлекеттің алдағы қадамдары мен бағыттарын көрсетеді.
Қазақстан тәуелсіздігін алғанда, демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мемлекет болып па еді? Әрине, болды. Алайда оның демократиялық және құқықтық құрылымының дәрежесі өзге еді. Өткен жылдар ішінде Қазақстан экономикалық жағынан ғана емес, құқықтық және мемлекеттік тұрғыдан едәуір алға басқанын айта кетуіміз керек.

Өзгертулер не үшін енгізілді?

– Ел Конституциясына бір емес, бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл қадамдар өзін-өзі ақтады ма?
– Өмір бір орнында тұрмайды. Соған сәйкес конституциялық нормалар да өзгертулерді қажет етіп тұрады.
Кейде саяси және қоғам қай­раткерлері Конституцияға енгізілген өзгертулерге қатысты зілді сұрақтарын жолдап жатады. Заңгерлер де ауық-ауық бұл жөнінен сауалдарын қояды. Кейбіреулер, керісінше, Ата Заңға өзгертулерді жиірек енгізу керектігін айтса, өзгелер мұндайды қажетсіз деп санайды. Осы тұрғыдан алғанда, Конс­титуцияға қашан өзгертулер енгізілді, ол қандай мақсаттарды көздеді деген сұрақтарға жауап берейін.
Ата Заңға алғашқы өзгертулер 1998 жылы енгізілді. Онда Парламент пен Үкімет, Президенттік құрылымдар арасында құзы­реттілік бөлінді. Басқаша айт­қанда, Парламентке үлкен өкілеттілік берілді. Онда Парламент құрудың жүйесі қайта қаралып, шақырылымдардың қызмет ету мерзімі ұзартылды. Біз сайлаудың мажоритарлық жүйесінен аралас жүйеге өттік. Сот жүйесіне қатысты өзгертулер енгізілді, алқа билерінің қаты­суымен сот шешімін шығаруға мүмкіндік ашылды.
Ал мұның қажеттілігі болды ма? Сөзсіз керек болды. Өйткені өмір өзгеріп, мемлекеттің алға қарай жылжу қажеттігі туындады. Бұл тұрғыдан алғанда, Конституцияға толықтырулар енгізуді заманның өзі талап етті. Бірақ мынаған назар ау­дарыңыздар: өзгертулер мен толықтырулар негізінен адамның құқықтары мен бостандықтары аясын тарылтпай, керісінше, кеңейтті.
Мәселен, 2007 жылы адамды қамауға алу тәртібі өзгерді. Осыған сәйкес адам бостандығынан тек соттың қаулысымен айырылатын болды. Адамды қамауға алу үшін прокурордың санкциясы ғана жеткіліксіз болып танылды. Өлім жазасын тағайындау мәселесі қайта қаралды. Яғни, өлім жазасына кесудің мүмкіндігіне шектеу қойылды. Сондай-ақ, заңды ізгілендіру, адам құқығын кеңейту жағынан толықтырулар енгізілді.

Ел азаматтары белсенді ұстанымда болуы шарт

– ҚР Конституциясы халық­аралық заңдар мен келісімдер алдында басымдыққа ие ме?
– Конституцияда «Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімшарттар оның заңдарынан басым келетіні және тікелей қолданатыны» айтылған. Халықаралық келі­сімшартты қолдану үшін жеке заң шығару керек болған жағдайда ғана бұл талап жүрмейді. Алайда біздің Конституция халықаралық келісімшарттардан басым келеді. Мұндай шешімді халықаралық келісімшарттарға қатысты нақты бір іске байланысты Конс­ти­туциялық Кеңес шығарды.
Мұндай шешімді алғашқы шығарған біз емеспіз. Бұдан
бұрын Германияның Конститу­циялық Кеңесі мен өзге елдердің бұл органы халықаралық келісім­шарттарға емес, өз Конституцияларына басымдық берген.
– Құқықтық реформа аясында конституциялық реформаны өткізу жоспарда бар ма?
– Конституцияның қоры мен әлеуеті таусылмады деп ойлаймын. Барша мемлекеттік органдары
алдында барлық конституциялық нормаларды нақты мазмұнмен толтыру мақсаты тұр. Аталмыш нормалар өмірде жүзеге асып, мүлтіксіз орындалуы тиіс. Бұл үшін ел азаматтары белсенді ұстанымда болуы шарт. Сол мақсатта құқықтары мен бостандықтарының аяққа тапталуына төзбеуі тиіс. Ал бұл конституциялық-құқықтық тәрбиені қажет етеді. Осындай тәрбиеге зейінді аз бөліп отырмыз. Басқаша айтсақ, жүрдім-бардым қараймыз. Уақыт өте келе бұл олқылықты түзейміз деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет. Конституция мерекесі мен Кеңестің туған күні қатар келген мерекелеріңізбен!

  Аманғали  ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button