Қала тіршілігі

ИІСШІЛ ИТТЕР

Астана қаласы Көліктегі ішкі істер департаментінің Кинологиялық орталығы әуе, теміржол көліктерінде есірткі мен жарылғыш заттарды табуда, қылмыскерлерді құрықтауда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Жақында кинологиялық орталықтың шағын питомнигіне барып, ондағы иісшіл иттердің жайымен таныстық.

6 жыл бұрын бой көтерген орталықта ұзын-саны 70-ке жуық қызметтік-іздестіру иті бар екен. Олардың барлығы – Алматыда орналасқан ІІМ Кинологиялық орталығының «түлектері». Себебі, ішкі істер органдарындағы иісшіл иттердің барлығы алдымен осы орталықта үйретіледі.

Кинология орталығының бастығы полиция майоры Қанат Жәкеновтің айтуынша, жаттықтыру мен үйретуге көбіне неміс овчаркасы, спаниель және лабрадор-ретривер тұқымындағы ит­тер қолайлы. Ал, оларды асырап-баптау үшін аз қаражат кетпейтін көрінеді. Өйткені, олардың құрамы пайдалы дәрумендер мен элементтерге аса бай тағамдарын Франциядан арнайы алдыртады екен.

Орталықтағы Яна, Лада, Марго, Мона, Вита, Джек деген иттер 2-3 жаста көрінеді. Иісшіл хайуандар ша­мамен 8 жыл қызмет етеді екен. Осын­ша уақыттан кейін иіс сезу қабілеті төмендей бастаған иттер «құрметті» демалысқа шығады.

«Ит – адамның досы» екендігіне кәміл сенетін осы орталықтың кинолог-мамандарының айтуынша, ит бір секунд иіскеген иісті 5 жылға дейін ұмытпайды. Адаммен салыстырғанда сезу қабілеті 10 мың есе күшті. Түнгі уақытта біз 5 метрден көретін болсақ, олар 100 метрге дейін қозғалған қыбыр-сыбырды байқап, 25 метрге дейін дауысты ажыратады. Тіпті, есірткі заты бір метр тереңдікте жатса да тауып алады. Қызметте иттің осы қабілетін тиімді пайдаланып жүрген кәсіби кинолог-маман бұл салаға қызметке орналасам деушілер алды­мен итті жақсы көруі, оны түсіне алуы керектігін де айтып өтті.

Кинологтар бұл салаға кездейсоқ келе алмайды. Ең бастысы, итпен тіл табыса білу керек. Бұл орталықта он­дай мамандар да аз емес. Орталықта жұмысқа деген белсенділігімен, жауапкершілігімен көзге түсіп жүрген Алмас Дәулетұлы жас болса да өз қызметін жетік меңгерген. Шұғыл қоңырау түскен бойда «Марго» есімді итімен әуе, теміржол көліктерінен заңсыз әрекеттерді әшкерелеуге да-йын. Төбет тәрбиелеудің қыр-сырын меңгерген, жан-жақты дайындықтан өткен кинолог-мамандар иісшіл ит­термен жедел топтың құрамында оқиға болған жерге шұғыл жетіп, қылмыскердің соңына түсіп, оны қолға түсіруге көп септігін тигізеді.

«Жаз маусымы келді. Есірткіге қарсы күрестің қызатын кезі. Иттердің барынша тиімді, кәсіби түрде жұмыс істеуі үшін, бүгіннен бастап қамданып жатырмыз. Дайындықтары да жа­ман емес. Иттермен күнделікті жаттығулар жүргізілуде. Мысалға айтатын болсақ, жуырда, белгісіз бір ер азамат қоңырау шалып, «Астана қаласының әуежайындағы ұшақтың біріне шаһид белдігімен бір әйел отырды» деген хабарлама түсті. Де­реу кинолог-мамандар қызметтік-іздестіру иттерін алып, әуежайға бардық. Жедел іздестіру шараларын жүргізіп, хабардың жалған екендігін анықтадық», – дейді Көліктегі ІІД Кинологиялық орталығының бастығы Қ.Жәкенов.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button