Sport

Илья ИЛЬИН: ЖЕҢІСІМДІ ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНЕ ЖӘНЕ ХАЛҚЫМА АРНАЙМЫН

photo(2)
Алматыда өткен әлем чемпионатында Қазақстан ауыр атлеттері 3 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Қазақтың көк байрағын үш мәрте биікке көтерген Зүлфия Чиншанло, Жасұлан Қыдырбаев және Илья Ильин сынды саңлақтар ел мерейін тасытты. Владимир Седов пен Жазира Жаппарқұл күміс жүлдеге қол жеткізді.

ЗҮЛФИЯ БАСТАДЫ!

Қазақтың намысы үшін аянбаған қаршадай қыз бұл жолы да осыдан екі жыл бұрын Лондон ойындарында көрсеткен салқынқандылығын тағы бір көрсетті. Зілтемірді көтеруге шыққан сайын ешқандай артық эмоцияға берілмеді. Көңілінің күйін қарсыластарына білдірмеді. Шыққан сайын және өлшеніп берілген салмақты басынан асырып көтере берді. Осылайша биылғы Азия ойындарында алдын орап кеткен қытайлық Сю Шуцзиннен есесін қайтарып, үшінші мәрте әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ол ол ма, Зүлфия Алматы төрінде серпе көтеруде екі рет қатарынан әлем рекордын жаңартты. 133 келіні көтеріп әлемдік рекордты бір жаңартса, арада екі минут өткенде өз рекордын тағы бір өзгертіп тастады. Бұл жолы 134 келіні бағындырды.

зульфия

– Ендігі мақсатым қоссайыста әлем рекордын жаңартсам деймін. Қазір бұл көрсеткіш 233 келі болып тұр. Ал, мен болсам осыған дейін 232 келіні көтерген болатынмын. Бұл мақсатыма Рио-де-Жанейро ойындарында жетемін деп ойлаймын, – деді Алматыдағы әлем чемпионатында алғашқы алтынды алған Зүлфия Чиншанло.

ЖАСҰЛАН ҚОЛДАДЫ!

Қазақстан жерінде тұңғыш рет ұйымдастырылған әлем чемпионатының   есте сақталатын ең айшықты сәтінің бірі деп Жасұлан Қыдырбаевтың жеңісін айтуға болады. Бұл шын мәнінде қазақ баласының әлемдік ауыр атлетиканың асқар шыңын бағындырған, яғни, әлем чемпионы атағына ие болған тарихи сәті еді. Жақында ғана  жиырма екі жасқа толған, өмірінде тұңғыш рет әлем додасына түскен жас жігіт 94 келі салмақта топ жарды.

Ол  жұлқа көтеруде 179 келі салмақты көтеріп тек үшінші орынмен шектелген еді. Алайда, өзін аса қызу қолдаған жанкүйерлері алдында намысқа қамшыны басқаны соншалық серпе көтеруде алдына жан салмады. 229 келіні басынан бір-ақ  асырды. Сөйтіп, қоссайыстың қорытындысында барлық қарсыластарын қапыда қалдырып кетті. 408 келі көтеріп, әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Осы топта тағы бір қазақстандық Владимир Седов күміс жүлдегер атанды. Үшінші орынға атақты латыш атлеті Ауримас Диджвалис табан тіреді.

f9e99a5cb98f5a1466393cd53b794b4e

– Соңғы екі жылда үлкен спортта болған жоқпын (2011 жылы допингке қатысы бар деген айыппен екі жылға жарыстардан шеттетілген болатын. Ғ.Қ.). Енді оралдым. Алдағы уақытта да Қазақстанның атағын шығара беремін, – дейді алтын медаль иегері Жасұлан Қыдырбаев.

ИЛЬЯ ШЫРҚАДЫ!

Шынын айту керек, Илья Ильиннің сайысқа түсетін сәтін барша қазақстандықтар тағатсыздана күтті. Олимп шыңына екі рет көтерілген, әлем чемпионы атағын үш мәрте жеңіп алған атақты жерлесіміз Лондон ойындарынан кейін дүбірлі додаға түспей жүрген. Оның үстіне ауырлау салмаққа ауысқаны белгілі еді. Көптеген жанкүйерлердің «Алтын баланың» жаңа салмақтағы жағдайы қалай болар екен» деген күпті көңілмен жүргендерін несіне жасырамыз. «94 пен 105 келінің айырмасы айтарлықтай болады. Ильинге бұл жолы оңай болмайды» дегендер де жеткілікті еді.

Ал, енді, сол күпті көңілдерді сейілткен, қалың елін жеңісімен серпілткен Ильин рекордына тоқталайық.

Ильин осы әлем біріншілігінде 105 келіге дейінгі салмақта сынға түскен сайыпқырандар арасында «қазақстандық вундеркинд» өз мықтылығын тағы да дәлелдеп шықты. Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, әлем және құрлық чемпио­н­­дары тайталасқа түскен дүбірлі додада жерлесіміз нағыз толағай екенін, шын жүйрікке тұсау болмайтынын төрткүл дүниеге паш етті. Осы салмақтың көшбасшылары саналып жүрген, әлемдік жарыстың жеңімпаздары өзбекстандық Руслан Нуридинов пен ресейлік Давид Беджанян бастарын шайқаумен болды. Олай дейтініміз, осы жарыс үстінде серпе көтеруде Нуридинов әлем рекордын жаңартып жіберді. Осы сәтте «Менің рекордымды жаңартқан қайсың…» дегендей Беджанян да қаһарына мінгендей болды. Ол бір минут бұрын орнаған жаңа рекордқа тағы бір келі қосып, 240 келі зілтемірді басынан бір-ақ асырып, кең сарайды басына көтере айқайлап жіберді. Мұнысын енді қайсың бар дегені шығар деп ұқтық та, Ильинімізді күттік. Ал оның шегінетін жері қалмаған еді. Соңғы мүмкіндігі ғана қалған. Әлем чемпионы болу үшін 242 келіні көтеру керек. Бұл және жаңа рекорд болмақ.

Айтқандайын, Ильин бапкерлері 242 келіге тапсырыс берді. Балуан Шолақ сарайы сілтідей тынды. Ильин ортаға әдеттегідей еркін әрі сенімді қадаммен келді де, көп мүдірмей зілтемірді кеудесіне бір-ақ көтерді, сөйтті де, кеудесін кере демін тартты да, басынан асырып жіберді. Кең сарай іші гуілдеп-уілдеп кетті. «Ильин – чемпион!!!»

Илья жеңіс тұғырында тұрып Қазақстан әнұранын шырқағанда ел болып толқыдық. Ел болып марқайдық.

photo_141377

Осылайша, Илья Ильин төртінші мәрте әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының шешімімен әлем чемпионатының үздік атлеті атанды.

– Мен осы жеңісімді Қазақстан Президентіне және халқыма арнаймын, – деп ағынан жарылды барша қазақстандықтарды ерекше күшімен тәнті еткен Илья Ильин.

Келесі әлем чемпионаты  Хьюс­тонда өтетін болады.

       

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button