Sport

ІЛИЯС СҮЛЕЙМЕНОВ – «CHEMISTRY CUP» ИЕГЕРІ

508bdc2b2e544

Германияның Галле қаласында өткен «Chemistry Cup» турниріне қатысқан қазақстандық боксшылар тәуір нәтиже көрсетіп қайтты. Ілияс Сүлейменов алтыннан алқа тақса, Теміртас Жүсіпов, Берік Әбдірахманов және Әділбек Ниязымбетов сынды спортшыларымыз елге күміспен оралды.

Ілиястың қарсыласы молдавиялық Александр Рышкан ақтық сынға шығудан бас тартуына байланысты 52 келі салмақтағы жеңіс біздің жігітке бұйырған болатын. Ал 49 келіде өнер көрсеткен Теміртас Жүсіпов финалда Оңтүстік Корея өкілі Джонгун Шинге 1:2 есебімен есе жіберді. Екеуінің де Азия чемпионы болғанын ескере отырып, кездесудің тартысты болғанына күмән тудырмаймыз. Шин 2011 жылы құрлықтың жеңімпазы атанса, ол атақ Теміртасқа 2013 жылы бұйырған еді.

60 келідегі боксшымыз Берік Әбдірахманов та алтын жүлдеге таласу барысында қарсыласына 1:2 есебімен жол беріп, бүкіләлемдік WSB жобасына қатысушы ирландиялық Дэвид Джойс бірінші орынға тұрақтады.

Біздің қоржынымызға үшінші күміс жүлдені әдеттегідей 81 келідегі «Күмісбегіміз», яғни, Әділбек Ниязымбетов салды. Әлем және олимпиада ойындарының жүлдегері бұл жолы Еуропаның 2011 жылғы жеңімпазы әрі 2013 жылғы әлем біріншілігінің қола медаль иегері Джо Уардтан айласын асыра алмады. Есеп тағы да 1:2.
Бұл турнирге 17 мемлекеттен барлығы 106 боксшы қатысқанын ескерсек, біздің спортшылар көрсеткен нәтижені жаман деуге келмейді. Бүгінге дейін «Chemistry Cup-тың» алтын жүлдесіне Василий Жиров (1995), Болат Жұмаділов, Василий Жиров (1996), Болат Жұмаділов, Серік Өмірбеков (1997), Ермахан Ыбырйымов (1998), Бауыржан Қайырменов (2001), Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев (2005), Галиб Джапаров, Қанат Ілиясов (2006), Серік Сәпиев, Ердос Жаңабергенов (2007), Серік Сәпиев (2012), Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов (2013) секілді қазақстандықтар иелік еткен екен.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button