Елорда тынысы

Илья Ильин турнирі басталды

Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде қазақстандық ауыр атлет, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильиннің бастамасымен күштік спорт түрлерінен «ILYIN IRON CUP» демонс­трациялық турнирі жалауын көтерді.

Турнирдің ашылу салтанатына Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығына ерекше көңіл бөліп, осы саланы дамытуды айрықша назарда ұстап келеді. Бұл ретте бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балалар спортына басымдық беру маңызды. Президент өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында әр оқушы үшін спорт үйірмелеріне тегін баруды қолжетімді ету міндетін жүктеді. Азаматтарымыз спорттың кез келген түрімен еркін айналысуы үшін мемлекет спорт нысандарын салуда. Осы ретте бүгінгі сайыс бұқаралық спортты дамыту және дәріптеу тұрғысынан ерекше мәнге ие. Мұндай бастамалар жас буынның ерік-жігері мен рухын шыңдай түседі.

Күштік спорт түрлерін насихаттау қажет. Ол, ең алдымен, денсаулығымыз үшін өте пайдалы, адамның мінез-құлқын қалыптастырады десе де болады. Осы бір спорт түріне келгендер көптеген қиындықты еңсеруге болатынын түсінеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Илья Ильин турнирдің басты мақсаты елімізде бұқаралық спортты насихаттау екенін атап өтті. Сайысқа Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Ольга Рыпакова және тағы басқа спортшылар мен спорт саласының танымал өкілдері қолдау білдірді.

Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасы аясында Астана қаласы әкімдігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіліп жатқан «ILYIN IRON CUP» турниріне елімізден және жақын шет елдерден 200-ге жуық кәсіби атлет қатысып жатыр. Олар ауыр атлетика, пауэрлифтинг, армрестлинг, кроссфит, мас-рестлинг, гір спорты, армлифтинг, воркаут және стронгмен сайыс түрлері бойынша бақ сынайды. Турнир екі күнге жалғасады.

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button