Мәдениет

Иманжүсіп әндері

Конгресс-холда халық композиторы, ақын, әнші Иманжүсіп Құт­панұлының өмірі мен шығар­машы­лығына арналған «Уа, ағайын, мен боламын қазақтың Иманжүсібі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Белгілі режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов сахналаған кешке астаналық және еліміздің әр шалғайынан келген әртістер қатысты.

Кеш ұйымдас­тырушылары «Жасында топтан асып, менменсіген талайдың көңілін басқан», Ақан мен Біржаннан қалған сал-серілік дәстүрді ұстанып, заманына иілмеген тұлғаның бейнесін барынша ашуға тырысты. Ол үшін Иманжүсіп туған, жүрген жерлерден өнерпаздар елордаға шақыр­тылды. Мәселен, оның өмірбаянында кіндігі кесілген жер ретінде Павлодар облысының Ақсу ауданы көрсетіліп тұр. Сол сияқты Кереку өңірінен Астанаға арнайы келген әнші-ұстаз, осыдан үш жыл бұрын Павлодар қаласында өткен Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдығына арналған байқаудың бас жүлдегері Медғат Манапов Иманжүсіптің әндерін құйқылжытты.
«Біздің әулетте Иманжүсіп әндерін айту дәстүрі үзілген емес. Атам сол кісінің «Сарыарқа» әнін ел жиі ести бермейтін нұсқасымен орындайтын. Жиын-тойларда айтатын жалғыз әні осы болды және бір қызығы бұл нұсқасын атамнан басқа ешкім орындамайтын еді. Ашаршылық кезінде арғы атам Манап бай ауылынан Омбыға қудаланған екен. Иманжүсіп әндеріне деген сүйіспеншілік, елге деген сағыныштан туындаған болса керек. «Бүркіт ұстап басыңа бір шығайын, көзіме бір көрінші Ерейментау» дейтін жолдары бар ғой. Туған жерін аңсағанда қиялдап айтып отыратын көрінеді. Иманжүсіп әндері солай бала кезден бойымызға сіңіп қалды» дейді әнші.
Өткен ғасырдың басында қуғынға түскен Иманжүсіп Өскеменге, одан соң Жетісу өңіріне жер аударылады. Шұбарағаш, Ойжайлау, Лепсі, Қапалда тұрған бұдан бірнеше рет жауап алынады. Алматыдан концертке келген Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеттің оқытушысы Гауһар Сапарбаева Иманжүсіп әндеріндегі ерекшеліктерді тарқатып берді. Алатау баурайынан Астанаға ат шалдырған Досхан Одаманов Құтпанұлының қуатты әндеріне салды.
Қуғыннан оралған Иманжүсіп Сырдария губерния­сының Шиелі болысын біршама уақыт паналағаны белгілі. Қызылордадан шақыртылған Сейтімхан Әлімхан да өнер көрсетті.
Астаналық Иранғайып Күзембаев, шымкенттік Нұрлан Есенқұл, көкшетаулық Бисара Бакенова сынды айтыскер ақындар Иманжүсіп рухындағы өткір сөздерді айтып, көрермендердің делебесін қыздарды.
Сондай-ақ, кешке қатысқан Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері Жәнібек Мұсаев пен Алтынай Нөгербек Иманжүсіп өмірінен бір әдемі көріністі қойды. Концертте өнер көрсеткендерді Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі сүйемелдеп отырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button