Руханият

Иманжүсіптің жаңа әні табылды

Иманжүсіп Құтпанұлы – Жаяу Мұса, Мәди сияқты әділет, теңдікті жырлаған күрескер сал-серілердің соңы. Оның кең ауқымды әндері бүкіл қазақ даласына кеңінен танымал болған. «Иманжүсіптің әні», «Сарымойын», «Ерейментау», «Қараөткел», «Сарыарқа сайран жерім-ай» т.б. әндері өр үнді әнші-композитордың азаматтығын танытады.         

[smartslider3 slider=2044]

Иманжүсіптің 5 әні А.В.Затаевичтің 1925 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақтың 1000 әні» жинағына енгізген. Олар: №217 «Иманжүсіптің әні», №449 «Ел қайда», №758, «Иманжүсіп әні», №657 «Сармойын» және №840 «Иманжүсіптің әні».

2014 жылы Иманжүсіптің «Сейфіл-Мәлік» әнін және «Иманжүсіптің толғауының» толық (28 ауыз) нұсқасын Жаңаарқа жерінен таптым. Консерваторияның үн-таспа архивін іздестіру барысында «Сарыарқа» (4 нұсқасы), «Сарыбел», «Ерейментау» (2 нұсқасы), «Болған жастан» (2 нұсқасы), т.б. әндері әр жылдарғы фольклорлық экспедициялар кезінде жазылып алынған әндері табылды. Ал «Сармойын» әні Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Бекежанның ариясы болып кеткенін, оны иесіне қайтару керек деп, ұлы әнші Жүсіпбек Елебеков айтып кеткен болатын.

 Аталған әндердің басын қосып, Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдығына орай СD диск әндер жинағын шығарып, «Тілеп» қобыз сарайында концертін ұйымдастырдық. Баба мұраларын талмай іздеу арқасында Қазақ радиосының «Алтын қорынан» Манарбек Ержановтың орындауында халық әні болып жүрген «Ақмола – туған жерім-ай» атты әні табылды. «Бұл ән – Иманжүсіп бабамыздың туған жерін анықтауға бірден-бір нақты дәлел».

Әннің мәтіні төмендегідей:

Ақмола, қош есен бол, туған жерім,

Кір жуып, кіндігімді буған жерім.

Айқасып ертелі-кеш кәззаптармен,

Сүмектеп маңдайымнан

аққан терім.  

 

Ақмола, қош есен бол, туған жерім,

Кір жуып, кіндігімді буған жерім.

Қаршыға ертелі-кеш баптап салып,

Салдықпен тарқатушы ем көңіл шерін.

 Серік ОСПАН,

өнер зерттеуші

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button