Басты ақпарат

Қазақ тілін тұқырта береміз бе?

Жақында тілге қатыс­ты екі мәселе жұрт назарын айырықша аударды. Оның бірі – импорттық тауарлардағы мемлекеттік тілге қатысты талаптарды алып тастау болса, екіншісі – депутаттардың қыруар қаржы жұмсап, қазақ тілін үйрену мәселесі. «Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кез келді» деп атап көрсеткен Президентіміз «Жаңа Қазақстан» құру бас­тамасын көтергенде ана тіліміздің дамуында да үлкен серпіліс­тер болатын шығар деп үміттенген жұрт бұл «қарарларды» көріп, қарадай қарны ашты. Сосын да шығар, әлеуметтік желі қолданушылар мұны жерден алып, жерге салып жатыр. Ана тілінің қамын ойлайтын әрбір азаматты бейжай қалдырмайтын бұл мәселеге біздің де айтарымыз бар.

[smartslider3 slider=2541]

Қанша қаржы үнемдейді?

Дағдарысқа қарсы жедел штаб отырысында импорттық тауарлардағы мемлекеттік тілдегі этикетка мен қосымшалар туралы заң жобасын уақытша алып тастауды талап етті. Мұндай шараның этикетканы жабыстыру, көбейту және шығаруға қатысты шығынды азайтатынын алға тартқан кәсіпкерлер оған балама ретінде сөрелерде тауарлар туралы барлық қажетті ақпаратты қамтитын тауарлық QR-кодтарды уақытша пайдалануды ұсынды. Дегенмен, кәсіпкерлер тауар­ларды импорттауға қазақ тілінің қаншалық шығын келтіріп жатқанын ашып айтқан жоқ. Премьер-министр Әлихан Смайылов та қолдаған бұл ұсыныс соңында, Президенттің қарауына жіберілді.

Кәсіпкерлердің дағдарыс кезінде шығынды үнемдеу туралы бастамасы дұрыс та шығар, алайда дағдарысқа қарсы үнемшілдіктің алдымен қазақ тілінен басталғаны түсініксіз. «Атының басы қатып, жорғасы қап па?!» дегендей, барлық шығындар үнемделіп, мәселе тек соған ғана тіреліп тұрса бір сөз, Кеден одағының кесірінен кірістен қағылып отырғанымыз, кедендік рәсімдеудің қымбаттығы, тасымал жұмысындағы түйткілді мәселелер айтылмайды да, тап сол қазақ тіліне жұмсалған ақшаның кәсіпкерлердің арқасына аяздай батқанын көрмеймісіз?! Біздің мемлекет ақша жұмсап, қазақ тілін жалпыластыра алмай жатса, бұлар қазақша жазуға кеткен аз ақшаны ауырсынғаны қалай? Қанша қаржы үнемдейді сонда ана тіліміз есебінен? Соны қолдап отырған Үкімет басшысының ойы не? Қазақ тілін өсіру ме, әлде өшіру ме?! Сұрақ көп…

Тіл үйренуді желеу етіп ақша бөлмек

«Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, тосын келген дағдарыстан есі шығып қалған Үкімет үнемшілдікті осылайша қазақ тіліне жұмсалатын ақшадан бастағанда, мына жақта депутаттар қазақ тілін үйренуге 27 млн теңге жұмсаудың жолын қарастырып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Мемлекеттік сатып алу порталының дерегінше, «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» деген мекеме мемлекеттік тіл бойынша тренингтер өткізу үшін 27 млн теңге қарастырып, «Парасат» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасаған. Тендер «тікелей бір терезеден сатып алу» тәсілі арқылы өткен. Келісімшартқа сәйкес, «Парасат» ЖК биылғы 25 желтоқсанға дейін «тапсырыс берушінің 50 тыңдау­шысына» мемлекеттік тілден тренингтер өткізуі тиіс. Құжатта «тыңдау­шылардың» нақты кім екені айтылмағанмен, еліміздің басым көп санды БАҚ-ы «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» негізінен, Парламенттің шаруашылық жұмыстарына жауапты екенін алға тартып, «50 тыңдаушы» депутаттар деп болжам жасады. Байқаймын, «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, бұл шудың шығуы да тегін емес секілді. Яғни депутаттарға қазақ тілін үйрену деген желеумен жыл сайын қазынадан қаржы бөлгізіп отырған.

Енді салыстырып көріңіз: Үкіметі тауардың сыртына жапсырылатын қағаздың бетіне жазылатын қазақша жазудың өзінен ақша аяса, Парламенті қазақша білмейтін дүмшелерге қазақ тілін үйрету үшін миллиондап ақша жұмсайды. Үкіметі мен Парламенті баланың теріс киген аяқ киімі секілді екі жаққа қарап жұмыс жасайтын біз қандай елміз, сірә?!

Енді салыстырып көріңіз: Үкіметі тауардың сыртына жапсырылатын қағаздың бетіне жазылатын қазақша жазудың өзінен ақша аяса, Парламенті қазақша білмейтін дүмшелерге қазақ тілін үйрету үшін миллиондап ақша жұмсайды. Үкіметі мен Парламенті баланың теріс киген аяқ киімі секілді екі жаққа қарап жұмыс жасайтын біз қандай елміз, сірә?!

Тіліміздің түтіні қашан түзу ұшады?

Еліміздің аты – «Қазақстан», мемлекет құрушы тұлғалық ұлт қазақ ұлты болғанымен және оның Республика көлеміндегі үлесі 80 пайыздан асқанымен, отанымызда қазақ тілі әлі күнге дейін өгей баланың күйін кешіп келеді. Сосын да біздің кәсіпкерлер импортталатын тауарлардың бетіне орысша жазса үндемейді де, қазақша жазса шығынсынады. Бұл, шын мәнінде, экономикалық шығыннан емес, қазақ тілін менсінбеуден туған мәселе. Әйтпесе, әр елде шетелден енгізілген тауарларға мемлекеттік тілде жазылған сілтеме, сөзсіз, жапсырылады. Ол бір жағынан, сол елдің мемлекет тіліне құрмет болса, екінші жақтан, халыққа қолайлы. QR-кодтары бар дегенмен, кім тауар сатып аларда оны жаймалап, қазақшасын оқып жүреді?! Демек, бұл мемлекеттік тілді менсінбеу, қазақ тілді тұтынушыларды көзге ілмеуден басқа дәнеңе емес. «Уақытша» деген сылтаумен, басқа тілдің еліміздің нарығында емін-еркін «есіруіне» заңды түрде, үкіметтік деңгейде жол ашу. Онсыз да еңсесін көтере алмай тұрған қазақ тілін одан ары тұқырту. Бұдан басқа бұл шараның ешқандай «тиімділігі» жоқ. Ал Парламенттің қазақ тілін үйренуге миллиондап ақша бөлуі – қазақ тіліне болған жанашырлықтан емес, амалын тауып, өз қалтасын қампайтудың қамы. «LRT-дан жемқорлықтың иісі шығады» деп Мемлекет басшысы айтқандай, шынын айтқанда, біздің Парламенттен де жемқорлықтың иісі аңқып тұр.

Ата заңда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық жазылғанмен, біздің билік жүйемізде қазақ тілін білмейтін, білгісі де келмейтін шенділер өріп жүр. «Су басынан тұниды» дегендей, бұған ең алдымен, қашанда орыс тіліне жалтақтап тұратын биліктің өзі кінәлі. Өйт­кені әлі күнге дейін қазақ тілінің мәртебесі туралы кемелді заң жоқ, «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген бір ауыз сөзді 30 жылдан бері өзгерте алмай келеміз. Халқы жаппай орысша сөйлейтін Ресейдің өзінде Мемлекеттік тіл – орыс тілі туралы заң бар. Бәрін орыс­тан көшіретін біздің билік дәл осы мәселеге келгенде табандап тұрып қалатынына таң қаласың. Шын мәнінде, Қазақстанда қазақ тілін дамытуға орыстар да, Ресей де емес, қазақ тілінде сөйлегісі келмейтін қазақтар өздері кедергі жасап отыр. Жоғарыдағы екі мысал да – соның көрінісі.

Парламент, билік қазақша сөйлемей, қоғам толыққанды қазақ тіліне көшпейді. Билік биік мінберден қазақша сөйлеп, халыққа қазақ тілінде қыз­мет өтеуге пәрмен бермесе, бұқара қанша қазақша сөйлегенмен, ана тіліміз отбасылық тіл деңгейінде қалып қоятыны белгілі. Екінші жақтан, біздің елде Президент сайлауына түсетіндерден ғана қазақ тілінен емтихан алынады да, қалған шенділерге ондай талап қойылмайды. Керісінше, қазақ тіліне судай болсаң да, орысша білмесең, шен де, шекпен де ала алмайсың. Сосын да біздің билікте орыс тілді азаматтар көп. Оның үстіне оларға қазақ тілін білу міндеттелмейді. Яғни оларға «Орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген үлкен қорған да, қазақ тілін талап ететін ұлт жанашырлары үшін ол алынбас қамал сияқты.

Қысқасы, тіл біздің басты байлығымыз – ол біздің бабадан балаға жалғасқан ең үлкен аманат. Жақында бабалар аманатын орындаймыз деп атын «Нұр Отан»-нан AMANAT-қа өзгерткен партия үшін де қазақ тілінің мәселесі бірінші орында тұруы керек. Өйткені қазақ үшін ана тілден артық аманат жоқ.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button