Туризм

ІНДЕТ ІШКІ ТУРИЗМДІ ЖАНДАНДЫРДЫ МА?

Талас жоқ, індет ішкі туризмнің жандануына жаңа дем берді. Оны демалыс маусымы қыза түскен шақтағы әлеуметтік желідегі оқырмандардың жазбаларынан да байқауға болады. Бірі батысты бетке алып ­Каспий жағалауына жол тартса, бірі Бурабайды, бірі Қайыңды мен Көлсайды, енді бірі шығысқа сапар шекті. Дегенмен мұндай нөпірді көрмеген курорттық аймақтардың сұранысқа толық жауап бере алмай жатқаны да жасырын емес. Жылдар бойы жөнделмей жатқан жол мәселесі де ішкі туризмнің дамуына қолбайлау болып тұр.

Жер жәннаты – Жетісу, асқар шыңды Алтай, емдік қасиеті мол Алакөл, көрген көзді таңғалдырар Балқаш, суы балдай, шөбі шүйгін Баянауыл, ауасы шәрбат Қарқаралы… Біздің елдегі осы іспетті көрікті жерлерді айтып тауыса алмайтындайсың. Қарасаң көзің тоймайды. Қасиетті қазақ жерінің асты да, үсті де табиғат байлығынан кенде емес. 30 жыл ішінде қазба байлықты игеруді бір жолға қойсақ та, тұмса табиғаттағы туризмді жандандыруға әлі де атүсті қарап жүрміз. Әйтпесе Каспийдің Антальядан, Алтайдың Швейцариядан несі кем?

Індет басталғалы әлем бойынша ең көп зардап шеккен де туризм саласы. Өткен жылы амалдың жоғынан тек қана шетелдік демалушылардан келетін табыспен күн көріп отырған кейбір мемлекеттер шекарасын жабуға мәжбүр болды. Осы кезеңде ішкі туризмнің мәртебесі өсті. Өйткені шетелге шығу қиын. Бірнеше жыл бұрын Елбасы еліміздегі қалталы азаматтарға демалысты шетелде емес, Қазақстанда өткізу керектігін айтқан болатын. Сол мақсат шынымен де осы жазда жүзеге асқандай. Шетелге саяхаттап бару үшін ПЦР-тест тапсыру керек немесе індетке қарсы вакцина алғаныңды дәлелдейтін паспорт қажет, кей елдердің шекарасы мүлде жабық. Бұл, әрине, өз кезегінде отандық туризм саласына мүмкіндік берді. Себебі әуресі аздау. Бірақ ішкі туризмді дамыту үшін әлі де толық жағдай жасалмаған.

 

БУРАБАЙДЫҢ БАУРАЙЫ ТОЛЫ ҚОҚЫС

Елордалықтар үшін демалыс күндері қаланың у-шуынан қашып, тынығуға таптырмайтын жерлердің бірі Бурабай еді. Көкшеде жер жетпейтін курорттық аймақтан қысы-жазы демалушылар қарасы азаймайды. Апта сайын Нұр-Сұлтаннан 1-2 күнге ұйым­дастырылатын жеке турлар да қаптап тұр. Бағасы көңілге қонымды – 10 мың теңге. Қалтаға ауырлық салмайды. Күнделікті қатынайтын таксилермен де осы бағаға барып-қайта аласыз. Бірақ бір әттеген-айы – құжынаған адам, мереке күндері көліктердің көптігі сондай, Нұр-Сұлтан-Щучинск тасжолы сағаттап кептеліске қамалады. Көбі жеке көліктерімен барады да, көңілі қалаған жерге сайран салып, артындағы қоқыстарын жинамай кетеді. Демалу мәдениеті қалыптаспағандықтан да шығар көше бойында жабайы сауда қаптап тұр. Ауыл халқы үйлерін жалға беріп жүргелі де он шақты жыл болыпты. Өздері тұратын баспанасының қасына тағы да бір есікті бірнеше қуықтай бөлмелер салып қойған. Қонуға барсаңыз, бір түнегеніңізге 20-50 мың теңге төлейсіз. Жағдайы да анау айтқандай керемет емес, душ пен әжетханасы, асханасы сыртта орналасқан. Өткен жылы Бурабайға жаңадан арбат салынды. Бірақ ол жерге де бара қалсаңыз, қоқыстары қоқыс жәшігінен шығып, шашылып жатыр. Қаладан шығып тікелей ұлттық паркке апаратын түзу жол асфальт болса да, ауыл ішіндегі жол қиқыш-ойқыш. Тәртіп бұзушылар көп. Қас қарайғанда ішімдікке сылқия мас болып, бір-бірімен жаға жыртысып жататын жастарды жиі кездестіруге болады. Көл жағасы да пакеттер мен қоқыстардан көз ашпай жатыр. Бас қаланың дәл жанында орналасқан демалыс аймағының осындай халіне қарап «ішкі туризм қайда кетіп бара жатыр?» деп ойлайсың. Айтпақшы, ұлттық парктің ішінде жүріп суды көп іше бермеңіз. Жаныңыз қысылса, бара қояр әжетханасын да санап орнатқандай.

Мегаполистердің барлығындағы жағдай ұқсас сияқты. Алматы қаласының тұрғыны Алпамыс Тәйкеновтің айтуынша, Көлсайдан да тыныштық кетіпті. «Көлсайға тыныштық іздеп, демалу үшін барған едік. Сол тыныштықты таба алмай қайттық. Таңғалдырғаны – елдің көптігі емес, асығыс «демалысы». Катамаранның кезегінде сағаттап тұрған, атқа мінем деп жанталасқан, пирста суретке түсем деп таласқан жұрт көп. Байқасақ, қаладағы қарбалас бұл жаққа да жетіпті. Ал Қайыңдыда суда қалықтаған қайықтары жоқ демесең, онда да жағдай Көлсайға ұқсас екен. Даңғырлаған музыка қосып жастар дискотека ұйымдастырып жатыр. Осыны көріп ішкі туризм дамып жатыр екен деп қуануға да болатын шығар. Бірақ Көлсай мен Қайыңдыда адам тым көп, тіпті жылдан-жылға саны шектен асып бара жатыр. Түсінгенім, өңірімізге ел қызыға баратын жаңа локациялар қажет. Тек табиғи емес, Мұқағали музейі, Жаркент мешіті, Орбұлақ, Ойрантөбе шайқастарының орны сияқты мәдени-тарихи нысандар да көбірек насихатталғаны дұрыс болар еді» деді Алпамыс Тәйкенов.

ТАҚТАЙДАЙ ТҮЗУ ЖОЛ ҚАЖЕТ

Әлеуметтік желіде зиялы қауым өкілдерінен бастап қарапайым халықтың жартысы Алакөлде жүргендей. Жағадағы суреттерін жаппай желіге салып, демалыстарының қалай өтіп жатқанын жариялауда. Бір байқағанымыз, барлығына көл жағасы ұнаса да, апарар жолдың нашарлығы ұнамапты. Шынымен де, ең бірінші демалатын орынға жеткізетін жолдың жақсы болғаны қажет. Қос бүйрегіңді түсірердей қозғап, селкілдеп баратын демалыс орындарынан ел қашады. Оған қоса көлікке де обал. Темір тұлпарын әйелі­нен артық көретін еркектер ондай жерге тіпті де аяқ баспайды. Жол соғып демалған демалыстың да мәні қалмайды. Өйткені қайтқанда тағы да жол соғатынын білесің. Соңында достарыңа «Баратын жер емес екен» деп қайтарың да анық. Сондықтан туризмді дамытамыз десек, ең әуелі тақтайдай түзу жол қажет. Демалысын батысқа барып өткізген астаналық мұғалім Несібелі Махаттың айтуынша, жолдың сапасы Маңғыстауда да сын көтермейді. «Осы жылы бір топ мұғалім болып киелі Маңғыстау жеріне, Бозжыра мен Үстіртке барып қайттық. Атмосферасы мүлдем бөлек, ғарыш кеңістігінде жүргендей сезінесің. Тіпті қолымыздағы смартфон камерасы да Бозжыраның ерекшелігін жеткізе алмайды. Голливудтағы марс жайлы фантастикалық фильмге сұранып тұрған дайын декорация дерсіз. Мұндай әсем өлкенің төл теңгемізде таңбаланғаны да бекер емес шығар. Алайда қанша жыл өтсе де Бозжыраға апарар 10 шақырым жолға асфальт төселмегеніне таңғалмау мүмкін емес. Биыл Қайыңдыға да жолым түсті. Ол жақта да осы мәселе өзекті екен. Көлсайдан Қайыңдыға дейін 40 минут жол бойы екі өкпемізді қолға алып, әрең жеттік. Демалушыларды тасымалдау үшін ұйымдастырылатын көліктер де кеңестік заманнан қалған ескі көліктер. Осыдан соң еліміздегі ішкі туризм жайлы айту ұят» деді мұғалім.

САЛАҒА САПАЛЫ МАМАН КЕРЕК

Бұрын жағдайы барлар «Қазақстанда қайдағы туризм?» деп жаз шықса шекара асып Дубай мен Грузияның, Мальдив пен Антальяның табалдырығын тоздыратын еді. Бірақ соңғы жылдары жолдар жөнделіп, түрлі субсидиялар арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіле бастады, ақпарат та көбейіп, кең ауқымда отандық туризм насихатталып жүр. Соның бәрі нәтижесін бере бастағандай. Адамдар шетелді емес, өзімізде демалуды таңдай бастады. Биылғы бірінші тоқсанда Қазақстанға шеттен келетін туристердің саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Ал отандастарымыз ішкі туризмге көбірек көңіл бөле бастаған.

Жергілікті туристер саны бір жыл ішінде 10,4 пайызға өсіп, 931,1 мың адамға жетті. Осы орайлы сәтті пайдаланып, қазақстандық туризм саласы келушілердің назарын өзіне аударуы тиіс еді. Дегенмен біраз жерде қызмет көрсету сапасы ақсап тұр. Кей қонақүйде тіпті тапсырған затыңды екі сағатта алып келеді. Қызметкерлері әр қонаққа жылы, сыпайы жауап беруді ұмытып кететін жерлер де жоқ емес. Сондықтан да ішкі туризмді дамытамыз десек, ең бірінші келген қонақты қашырып алмай, жылы шырай танытып, бабын жасайтын кәсіби мамандарды көптеп дайындағанымыз дұрыс.

КӨП ЖЕРДЕ КӨКТЕН ТҮСКЕН БАҒА

Ішкі туризмді дамытамыз десек, демалыс орындары бағасының халыққа қолжетімді болғаны да өте маңызды. Біздегі біраз демалыс орны өзіне бәсекелес болмағандықтан, қалаған бағаны қоя салады. Келген демалушының қалтасындағы соңғы тиынына дейін қағып алғысы келеді. «Ол ертең екінші рет айналып келеді-ау, туыстарын шақырады-ау» деген ой көбінде жоқ. Айталық, қарт Каспийдің жағалауында күнге қыздырынып, Ақтаудың «нән» балықтарын жеп, әлемдегі таңдаулы қонақүйлердің бірі саналатын Rixos-та демалғыңыз келсе, миллионер болуыңыз қажет. Себебі «Ақтау Rixos» қонақүйінде 2 адамдық нөмірдің 1 тәуліктік құны – 300 мың теңге. Егер теңіз жағалауындағы орташа деңгейлі қонақүйлерге жайғасамын десеңіз, онда бір тәуліктік баға 8500 теңгеден басталып, қонақүй деңгейіне байланысты 35-50 мың теңгеге дейін барады. Еліміздің қай өңіріне барып емін-еркін бірнеше күнге демалып қайтамын десеңіз, қалтаңызда кемінде 200-300 мың теңге қаражатыңыз болуы керек. «Неге сонша қымбат? Күніне жүз мың төлегенше, шетелде дем алған арзанырақ қой. Бағасын шарықтатпай, халықтың қалтасына сай келетін баға қою керек» дейді белсенді Алмаш Сейдікенова.

Сондай-ақ қазір біраз адам демалысын тек өзі ғана емес, өзгелердің де көргенін қалайды. Сол себепті әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізіп, жиі видео жариялап отыруы үшін демалыс аймағында интернеттің болуы маңызды. Бірақ бізде табиғат аясындағы туристік орталықтардың көбінде интернетпен мәселе бар. Кейбірінде ол жоқ та. Сонымен қатар көп туристік аймақта әжетхана қойылмаған. Кірсең не тұншығып өлесің немесе баратын жеріңе дейін қиналсаң да шыдайсың. Сондықтан алдымен әжетхана мәселесі шешілмей, туризм алға баспас.

ӘЛЕМДІК КУРОРТТАР қалай?

Соңғы екі жылда індет туризмге үлкен соққы жасады. Әлем шекаралары жабылып жатыр. Пандемияға дейін Таиландтың туризм саласы елдің жалпы ішкі өнімінің 20 пайызын құрайтын. Енді сарапшылар мұндай көрсеткіш жақын арада болмайтынын айтуда. Егер 2019 жылы туризмнен 100 млн доллар, ал былтыр 30 млн доллар кіріс кірсе, биыл бұл сома одан да аз болады деген болжам бар. Түркияда ырық бермей тұрған орман өрті туризм саласына кесірін тигізді. Қызыл жалын өршіп тұрған курорттық аймақтардан мыңдаған саяхатшы эвакуацияланып жатыр. Эгей ауданына жолдама алған туристер билеттерін кері қайтарып жатыр. Мармаристе де дәл осындай жағдай. Енді сарапшылар аймаққа келетін саяхатшылардың саны биыл 80 пайызға қысқаруы мүмкін деп отыр. Ал Сочиге егілмей келген демалушылар айыппұл төлейді. Қонақүйге тоқтар алдында туристер алдымен вакцинация төлқұжатын көрсетуі шарт. Егер паспорты болмаған жағдайда 3 күннің ішінде екпе салдыруы тиіс. Болмаса, әкімшілік жазаға тартылады.

Иә, қолда бар алтынның қадірі жоқ. Туризм саласына барынша жағдай жасап дамытатын болсақ, қазақ жерінің тұмса табиғатына әлем жұрты ағылар еді. Біздің өлке әсемдікке де, тарихқа да бай түркінің ата жұрты емес пе?.

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button