Елорда тынысы

Індет өршіп барады

Өткен тәулікте Қазақстанда 11524 адамның коронавирус инфекция­сын жұқтырғаны анықталып, індет 7 есеге артты. Оның ішінде ең көп ауру Нұр-Сұлтан қаласынан, бас қалада бір тәулікте 4 639 науқас тіркелді. Соның салдарынан науқастардың бір тәулікте анықталатын саны 800-ден 5,5 мыңға дейін өсті. Ал коронавирус инфекциясын жұқтыр­ғандардың жалпы саны 1 061 432-ге жетті.

[smartslider3 slider=1803]

Нұр-Сұлтан қалалық Санитарлық-­эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, кеше елордада коронавирус індетінің тез таралуына байланысты эпидемиологиялық жағдай шиеленісе түскен.

Қаңтардың 16 күнінде 36 347 дерек анықталды. Бұл 2021 жылғы желтоқсанда тіркелген 2 737 жағдайдан 12 есе жоғары. «Омикрон» коронавирусының жаңа штамы вирустың басқа мутацияларына қарағанда тезірек таралады. Сол себепті COVID-19-бен ауырып шыққандар және 2021 жылдың наурыз-қыркүйек айларында вакциналанған тұрғындар да әбден жұқтыруы мүмкін. Қала бойын­ша, қазіргі уақытта 244 824 адам ревакцинациядан өтуі қажет (ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде айларында вакцинаның толық курсын алғандар), олардың 27 874-і немесе 11,3 пайызы – қайта вакциналанған адамдар. Нұр-Сұлтан қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологиялық қауіп­сіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салады.

Осыған орай өткен апта соңында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, емханалар мен инфекция­лық стационарлар басшыларының қатысуымен эпидемиологиялық ахуал мәселелері бойынша қалалық штабтың отырысы өтті. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордада эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы айтты.

Елорда әкімінің мәліметі бойынша, біріншіден, 14 қаңтардан бастап мобильді бригадалар тәулік бойы тоқтамайтын жұмыс тәртібіне көшті. Тиісінше қосымша машиналар саны бөлінді. Бұған медицина мекемелері мен медицина қызметкерлері толығымен жұмылдырылды. Күрделі эпидемиологиялық жағдай кезіндегідей колледждер мен университеттердің студенттері де қосымша жұмысқа тартылатын болады. Екіншіден, колл-орталықтар іске қосылды. «Амбулаториялық қызметтердің жұмысын күшейттік, себебі ең үлкен күш алдымен осы емханаларға түседі. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында коронавирус мәселелері бойынша колл-орталықтар жұмыс істей бастады» деді әкім сөзінде. Үшінші, қосымша инфекциялық стацио­нарлар ашылды. Ал төсек-орын саны 1200-ден 1,5 мыңға дейін көбейтілді. Сонымен қатар ПТР-зертханалардың тәуліктік қуаты 15 мыңға дейін өсті. Төртінші, Pfizer вакцинасын алушылар санаты кеңейтілді. Қала тұрғындарын вакцинациялау, ревакцинациялау жұмысы қатар жүргізіледі. Ревакцинация үшін QazVac, Sinopharm және Pfizer қолжетімді. Ал Pfizer екпесі жүкті және бала емізетін балаларға арналған, енді оны 60 жастан асқан адамдарға, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне қолданылуда. Вакцинация үшін Спутник, QazVac, Pfizer (жүкті және бала емізетін аналар, балалар үшін) екпелері бар. Вакцинация пункттері медициналық мекемелерде, сондай-ақ «Абу Даби Плаза», «Керуен», «Еуразия», «Азия парк» СОО-ларында, сол сияқты «Нұрлы жол» ТЖ вокзалында орналасқан. «Шұғыл түрде вакцинациядан, ревакцинациядан өткеніңіз абзал. Өз денсаулығыңызға зиян келтірмеңіз. Коронавирус індетімен алдыңғы шепте үшінші жыл қатарынан күресіп келе жатқан дәрігерлерімізге ауыртпалық түсірмеңіз» деп жазды елорда әкімі.

Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған соң елордада жедел жәрдем жұмысы қыза түсті. Күніне 2500-ге жуық пациенттен шақырту түсіп жатыр. 17 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, елімізде «сары» аймақта бір облыс қана қалды, қалғандары – «қызыл» аймақта. Сонымен «қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс ­Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, ­Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары. «Сары» аймақта: Түркістан облысы. «Жасыл» аймақта ешбір өңір жоқ. Еске сала кетсек, кеше Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстары «сары» аймақта болған еді. 2022 жылғы 16 қаңтардағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 9 062 324 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін салдырды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram каналына сілтеме жасап хабарлады. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы вакцинаның II-компонентін 8 620 751 адам салдырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button