Ел тынысы

Індет өршісе, сақтық күшейеді

Үкімет үйіндегі кезекті отырыста еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасап, әлемде індеттің өсуі жалғасып, зерттелген үлгілердің 95 пайызын құрайтын «Омикрон» штамы басым нұсқа екенін айтты.

[smartslider3 slider=3642]

 Ресми статистикаға сәйкес, елімізде пандемия басталғаннан бері коронавирус инфекциясымен 1 млн 400 мыңнан астам адам ауырып, аурудың 5 толқыны болды. 20 маусымнан бастап республика бойынша КВИ-мен сырқаттану арта бастады. Соңғы екі аптада ауырған адамдардың саны 3,2 есеге өсті. Өткен тәулікте КВИ-дің оң нәтижесімен 2021 жағдай, КВИ-дің теріс нәтижесімен 1 жағдайы тіркелді, өлім-жітім жоқ.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау үшін «Омикрон» нұсқасының сипатын, денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені және саланың дайындығын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылғы 15 шілдеден бастап сырқаттану көрсеткішін 100 мың тұрғынға шаққандағы ауруханаға жатқызу көрсеткішіне ауыстыра отырып, ағымдағы матрицаны өзектендірді. Ведомство басшысының айтуынша, бағалау матрицасына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласы «сары» аймақта, Қазақстан Республикасы және қалған өңірлер «жасыл» аймақта тұр. Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың өсуі маусым айының ортасынан бастап тіркелуде, аурудың ең көп өсуі еліміздің 6 өңірінде байқалады, онда соңғы екі аптада сырқаттану 5 есе және одан жоғары өсті.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, сырқаттану 3-тен 5 есеге дейін өскен өңірлердің екінші тобына республиканың 5 өңірі енді. Сырқаттанудың 3 есеге дейін өсуі еліміздің 6 өңірінде байқалады.

«Бүкіл әлемдегідей «Омикрон ВА.5» штамының нұсқасы тудырған COVID-19-дың кезекті толқыны осы жылғы шілдеде елімізде жүргізілген генетикалық зерттеу нәтижелері бойынша зерттелген үлгілердің 70 пайызында анықталды. Бұл нұсқа жоғары жұқпалығымен сипатталады және «Дельта» нұсқасымен салыстырғанда ауру әлдеқайда жеңіл өтеді. Бұл науқастардың 94 пайыздан астам амбулаторлық жағдайда емделетіндігімен де расталып отыр» деді Ажар Ғиният.

Стационарлық ем қабылдайтын науқастардың жағдайын талдау кезінде 36 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар, 64 пайызы ересектер екені, ал ауырған барлық адамдардың 52 пайызында қосалқы созылмалы аурулары бар екені анықталды.

«Өткен жылмен салыстырғанда індетке күдікті жедел медициналық көмекке шақырулар саны 3,7 есеге азайғанын атап айтқым келеді, бұл көрсеткіш те аурудың жеңіл түрде өтіп жатқанын айқындайды» деді министр.

Ведомство басшысының хабарлауынша, ауырған адамдардың 80 пайызы екпе алмағандар немесе 6 ай бұрын екпе алғандар екенін ескерсек, уақытында індетке қарсы ревакцинациямен қамту қажет екендігін көрсетеді.

Ажар Ғиният республикада ревакцинация одан әрі жалғасып жатқанын айтты. Бүгінде ревакцинацияны 5 млн-нан астам адам алды, бұл тиісті контингенттің 68 пайызын құрайды. Аурудың өршуіне байланысты, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасының өзектенуін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі аймақтар бойынша шектеу шараларын қайта қарады және бұл шараларды Ведомствоаралық комиссия мақұлдады. Мәселен, «жасыл» және «сары» аймақтарда шектеу шаралары бизнес нысандарының қызметін шектемей, инфекция көзін оқшаулауға бағытталған. Яғни нысандарда санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті күшейту, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте медициналық маска тағу ұсынылады.

«Қызыл» аймақта шектеу шаралары денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесіне байланысты екі кезеңмен қабылданатын болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button