Басты ақпаратЭкономика

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ – ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ИГІЛІК

[wppa type=»slideonly» album=»15″ size=»570″][/wppa]

Кеше Тәуелсіздік сара­йында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ел өміріндегі елеулі оқиға – Индустрияландыру күні өтті. Осыған орай, Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында биыл пайдалануға берілген инвестициялық жобалардың ашылуына арналған жалпыұлттық телекөпір ұйымдастырылып,  «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлық­тарының лауреаттары марапатталды.

 

Серпінді жобалар іске қосылды

Елімізде Индустрияландыру картасы бойынша көптеген ірі жобалар қолға алынды. Индустриялан­дыру бағдарламасына қатысқан кәсіп­орын­дар бүгінге дейін 2 триллион 500 мил­лиард теңгенің өнімін өндірген. Ал, тауарын экспортқа шығарған алпыстан аса кәсіпорын шетелдік нарыққа 126 миллиард теңгенің өнімін шығарыпты.  Сондай-ақ, 50 мыңға жуық адам тұ­рақты жұмысқа орналасқан екен.

Индустрияландыру картасының биылғы жетістіктерін паш еткен телекөпірді Маңғыстау облысы бастады. Мұндағы Ақтау теңіз портындағы құрғақ жүк тасымалдау компаниясы флотының алғашқы екі кемесін теңізге түсірді.  Елбасы су  көліктеріне «Түркістан» және «Бекет ата» деген атау берді.  Бұдан кейін Мемлекет басшысы қазіргі кезде жұмыс істеп жатқан басқа да кәсіпорындардың жұмысымен танысып, он жаңа жобаны іске қосуға рұқсат берді.  Атап айтқанда, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралінің бір бөлігі болып табылатын Шымкент-Түркістан тас жолы, Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету жобасы, Алматы облысындағы Қапшағай күн электр стансасы және Жаркент  крахмал-сірне зауыты, Қарағанды облысындағы темір-бетон бұйымдары зауыты, Қостанай қаласындағы болат илеу зауыты, «Химфарм» АҚ-ның дәрі-дәрмектер өндіретін жаңа өндірісі, Павлодар облысындағы күйдірілген анодтарды шығару зауыты, Маңғыстау облысындағы жол битумын өндіру зауыты («Caspi Bitum» ЖШС-і),  Шығыс Қазақстан облысындағы фотоэлектр пластиналарын шығару зауытының («Kazakhstan Solar Silicon» ЖШС-і) тұсауын кесті. Дәл осы күні «Сарыарқа АвтоПром» ЖШС құрастырған алғашқы отандық «Тойото-Номад» ав­токөлігін тамашалаудың орайы келді. Елбасы бұл қазақстандық көліктің сапасы шетелдіктерден бір мысқал да кем түспейтінін, бағасы әлдеқайда арзан екендігін айта келіп, әр азамат өзгенікінен гөрі отандық өнімді сатып алуға ынталы болу керектігін ескертті.

 

Ең бастысы – бәсекеге қабілетті өнім өндіру

Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде биыл іске қосылған жо­балардың салтанатты тұсаукесерінен кейін Елбасы сөз сөйлеп, бағдарламаны жүзеге асыру барысында атқарылған шаруаларға тоқталды.

Президенттің айтуынша,  елімізде индустрияландыруды қамтамасыз етудің заңнамалық базасы қалыптасты. Жаңа өндірістер қанат қақты. Ин­дус­триалдық-инновациялық дамудың төрт жылында 500-ден аса жаңа кәсіпорын ашылды. Бизнес саласындағы жеке бастамаларды мемлекеттік қолдаудың жүздеген тетіктері қарастырылды. Жалпы алғанда, Индустрияландыру картасы бойынша бүгінде 900 жоба жүзеге асырылуда.

– Бұл – барша қазақстандықтардың ортақ жеңісі. Мұның барлығы эко­но­микамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, қазақстандықтарды ла­йықты жұмыспен қамтамасыз етуге,  өмір сапасы мен тұрмысты жақсартуға бағытталып отыр. Жүзеге асып жатқан осы жобалардың арқасында 2013 жыл­­дың қорытындысы бойынша эко­но­микалық өсім алты пайыз деңгейінде күтіліп отыр. Әлемнің барлық мем­лекеттері жапа шегіп отырған жа­һандық дағдарыс жағдайында бұл аса маңызды көрсеткіш, – деп атап өтті Елбасы.

Енді еліміз өндірісті дамытудың 2020 жылға дейінгі екінші бесжылдығын жүзеге асыруға кіріседі. Бұл кезеңнің мақсат-мүддесі, оған енгізілетін әр жоба мұқият зерделенуі керектігін ескерткен Мемлекет басшысы қолға алған әр іс сапа мен тиімділікке негіз­делгенде ғана жетістіктерге жете­лей­тініне екпін түсірді. Осы орайда индустрияландырудың алғашқы бес­жылдығының тәжірибесі де ескеріліп, әрбір отандық өнімнің бәсекеге қа­білеттілігі басты міндет болуы тиіс.

Нұрсұлтан Әбішұлы кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет ерекше мүдделілік танытып отырғанын, сондықтан бизнесті өркендетуге қолбайлау болатын заңсыз тексерулерге тыйым салыну қажеттігін еске салды. Тіпті, егер кәсіпкерлік субъектілерін жөн-жосықсыз тексеру тыйылмаса, бірқатар тексеруші органдарды тарату туралы шешім қабылдануы мүмкін екендігін қатаң ескертті.

 

Маңдайалды кәсіпорын­дар марапатталды 

Елбасы салтанатты жиын барысында «Парыз-2013» кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі бай­қауының бас жүлдесін биылғы жеңімпаз – «Өс­кемен титан-магний комбинаты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Геллерге табыстады. Сонымен қатар, Президенттің қолынан «2013 жыл­дың өндiрiстегi үздiк инновациялар» атты ҚР Президентiнiң арнайы сыйлығын Ақтөбе облысындағы «ҚазХром» АҚ» трансұлттық компаниясы және «2013 жылдың үздiк индустриалдық жобасында» үздік танылған Қостанай облысындағы «Сарыарқа Автоөнеркәсiбi» ЖШС алды.

Президенттің «Алтын сапа» кон­курсының «Өндiрістiк бейіндегі үздiк кәсiпорын» аталымында iрi кәсiпорын субъектiлерінің ішінде павлодарлық «Нефтехим LTD» ЖШС, сондай-ақ «Мембрандық тех­нология» ЖШС жеңiмпаз атанды.

Ал, «Халық тұтынатын тауар шығаратын үздiк кәсiпорын»  ата­лымын оңтүстiк қазақстандық «Химфарм» ЖШС және Батыс Қазақстанның «Кублей» ЖШС еншіледі. «Қызмет көрсететiн үздiк кәсiпорын» аталымында Астана қаласындағы «ҚазТрансГазАймақ» пен Республикалық ғылыми нейрохирургия орталығы жеңімпаз атанды.

Бизнестің әлеуметтік жауап­кер­ші­лігін арттыруды көздейтін «Парыз» сыйлығын ірі бизнес өкілдері арасында Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі алса, ал, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары ішінде елордалық «Алтын қыран» ЖШС «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымында жеңімпаз болды. «Үздік ұжымдық келісімшарт» номинациясы бойынша Оралдағы «Зенит» зауыты мен қостанайлық «Қайрат» өндірістік-коммерциялық фирмасы үздік деп танылды.

«Үздік әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорындар» бәйгесінде Астана қаласындағы  KEGOK  электр желілерін басқару компаниясы мен «Атырау агроөнімдері» шаруа қожалығы топ жарды. «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында  «СевКазЭнерго» компаниясы мен қостанайлық «Шаруа» ЖШС жеңіске жетті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button