Экономика

Индустриялық парк – серпiндi жобалар серiктесi

Fotolia_60106081_Subscription_XXL

Еліміздің даму локомотивіне айналған Астанада іскерлік байланыстарды нығайтып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер көп.

Кейінгі жылдары еліміз іскерлік ортаны көтермелеп, кәсіпкерлікті қолдауға, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға айрықша маңыз беріп келеді. Бизнес-бастамаларды жүзеге асыруға ыңғайлы жағдайлар жасалып, кәсіп ашуға рұқсат беретін жүйелер оңтайландырыла бастаған. Әрі қарқынды дамып келе жатқан шаһарға инвестиция салғанның да пайдасы шаш етектен.

Жыл сайын елордада инвестиция көлемі ұлғайып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, тек өткен жылдың ішінде қаланың өнеркәсіп өнімінің көлемі 6,7 пайызға өсіп, 263,2 млрд теңгеге жеткен. 2007 жылға дейін өнеркәсіп өндірісінің өсімін негізінен құрылыс индустриясы кәсіпорындары құрап келгені белгілі. Енді инновациялық индустрияландыру елорда экономикасының басым бағыттарының біріне айналды. Бұл міндетті жүзеге асыруда басты рөл атқаратын – Индустриялық парк аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалар.

2005 жылы құрылған Индустриялық парк 2007 жылдан бастап «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы аясына енгізілді. Енді ел экономикасын алға сүйрейтін серпінді жобалар осы өнеркәсіп аймағында іске асырылуда.

Бүгінгі таңда оның аумағында жалпы инвестиция мөлшері 180 млрд теңге болатын 49 жоба жүзеге асырылып, парк алаңының 90 пайызын қамтиды. Оның ішінде 19 жоба белсенді жұмыс істеуде, тағы 4 кәсіпорынды биыл жыл аяғына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Қалған 25 жоба құрылыс жүргізу және жер телімін ресімдеу сатысында тұр.

Тұтастай алғанда, Индустриялық парктегі жобалардың барлығы 2016 жылдың аяғына дейін өндіріске кіріседі. Сол арқылы елорда нақты көрсеткіштер мен елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізетін болады. Мәселен, 2017 жылға қарай Индустриялық парк кәсіпорындары шығарған өнімдер мөлшері жыл сайын шамамен 300 млрд теңгеге жетеді деп күтіліп отыр. Соның арқасында 7,5 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ, мемлекеттік қазынаға құйылатын салық түсімдерінің мөлшері төрт есе өсіп, шамамен 70 млрд теңгеге жетеді. Ал, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердегі қазақстандықтардың үлесі 70 пайызға жетеді деп күтілуде.

Осы жыл ішінде екінші Индустриялық парктың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп бітеді. Оның 433 га аумағында қырыққа жуық жаңа кәсіпорын құрылады. Олардың барлығы да инновациялық және экономикалық тиімділік өлшемдеріне сай жұмыс істемек.

Индустриялық бағыттағы мұндай істер инвестициялық белсенділікті арттыра түседі. Оған дәлел де жоқ емес. Тек 2014 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, инвестиция мөлшері 8,2 пайызға ұлғайып, 70,2 млрд теңгеге жеткенін атап өту керек.
Жалпы, осы Индустриялық паркте инвесторлардың ештеңеге алаңдамай жұмыс істеуіне барлық техникалық жағдайлар жасалған.

Атап айтқанда, бұл аумақта еркiн кедендiк режим қалыптасқан. Импортталатын тауарларға акциз салуды қоспағанда, кеден бажы мен салық салынбайды және тарифтік реттеу шаралары қолданылмайды. Құрылыс нысандары салынып жатқан жер телімдері жер салығынан босатылған. Ғимарат салық салу нысаны болып табылмайды. Міне, осындай жеңілдіктерімен Индустриялық аумақ отандық және шетелдік инвесторларды өзіне тартып, инновациялық дамуды мақсат еткен серпінді жобалардың ортасына айналмақ.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button