Қала мен сала

Индустриалды парктердің мәселесі талқыланды

Елордадағы №1 индустриалды парктің инженерлік инфрақұрылымының құрылысы 94 пайызға аяқталды. Ал №2 индустриалды паркті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы салу мәселесі пысықталып, тиісті экономикалық қорытынды шығарылды. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында баяндалды.

Қалалық ­Энергетика басқармасы ­басшысының орынбасары Мақсат Есма­ғұловтың мәлімдеуінше, №1 индустриалды паркке инженерлік желілерді тарту жұмысы 2006 жылы басталып, 3 кезеңге бөлінген. Осы кезеңде сорғы стансасының, 110/10 қосалқы стансасының, ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын жылу магистралінің, 7 тарату желісінің, 7,5 шақырым кабель каналының, 19,1 шақырым жолдың, 23,4 шақырым су құбырының, 22,4 шақырым тұрмыстық кәріздің, 33,5 шақырым нөсер кәрізінің, 4 шақырым жылу желілерінің құрылысы толығымен бітті.

Оның айтуынша, да­йын болған инженерлік инфра­құрылым «Астана су арнасы», «Elorda Eco Systems», «Астана-Теплотранзит» секілді коммуналдық кәсіп­орындар балансына тапсырылды. Қазіргі кезде жобаға түзету енгізіліп жатыр. Келесі жылы оны 100 пайыз аяқтау жоспарланған. Соның ішінде П1, П5, П12 көшелері бойында жолдар мен инженерлік желілерді салып, 5,5 шақырым су құбырын, 7,5 шақырым тұрмыстық кәріз бен нөсер кәрізін тарту керек. Бұған қоса, №1 ин­дустриалды парк аумағында қос КПП тұрғызу қажет.

«Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Мұхамеджанұлы №1 және №2 индустриалды парктердің инженерлік инфрақұрылымына қаржы жұмсаудың тиімділігі туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, бөлінген қаржыға былтыр №1 индустриалды парктің инженерлік инфрақұрылымына техникалық тексеру жүргізілді. Ал биыл нысан аумағында 700 көшет отырғызылып, 28 бейнекамера орнатылды. Осы қыркүйек пен алдағы қазан айында парк территориясында тағы 700 көшет отырғызу жоспарланған. Бұған қоса, 2025-2027 жылдары 10 мың ағаш егуге қаржы бөлу мәселесі қолдау тапты. Осы жылы қосымша 10 бейнекамера орнатуға бюджеттік сұраныс жіберілді.

– Қазіргі таңда №1 индустриалды парк аумағын жарықтандыру жұмысын Алматы ауданының әкімдігі жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша осы жылдың аяғына дейін тиісті аумақ толығымен жарықпен қамтамасыз етіледі, – деді Сәбит Мұхамеджанұлы.

Отырысты жүргізген Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбек Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында басты міндет ретінде азаматтардың табысын арттыруға тапсырма бергенін атап өтті.

– Президенттің тапсырмасын іске асыратын бірден-бір сала – өнеркәсіп. Ал Астана бюджетіне түсетін қаржының 60 пайызын шағын және орта бизнес қамтамасыз етіп отыр, – деген Кендебай Адамбек №1 және №2 индустриалды парктердің қалаға кіріс кіргізудегі маңызына тоқталды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button