Басты ақпаратЕлорда тынысы

Индустриялық аймақтың игілігі

Елорда экономикасында кәсіпкерліктің үлесі 69 пайызды құрайды. Бұл озық елдердің деңгейіндегі көрсеткішпен тең. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 30 пайыз. Ендеше Астана өзге өңірлерге шағын және орта бизнесті қолдап, дамыту жағынан үлгі болып отыр. Ал ел орталығында бизнес­тің жан-жақты дамуында индустриялық аймақтардың септігі бар.

НЕ ҮШІН КЕРЕК?

2006 жылдың 1 наурызында экс-Президенттің Жолдауында көтерілген міндеттерді іске асыру мақсатында 31 наурызда Үкімет индустриялық аймақтар құру және дамыту туралы тұжырымдама қабылдады. Содан бері елдің әр өңірінде арнайы экономикалық аймақтар құрылып, өнеркәсіптің белгілі бір саласын, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жұмыс жүргізе бастады.

Индустриялық аймақтар 100 жыл бұрын Ұлыбритания мен АҚШ-та пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Еуропа елдерінде арнайы аймақтар кеңінен қолданыла бастады. Бүгінде әлемде 20 мыңнан астам индустриялық аймақ бар.

Әлем бойынша ең танымал технополистің бірі – «Кремний алқабы». Сан-Францискодағы индустриялық аймақта ұзақ жылдар бойы бірегей технология­лық шешімдерді іске асыру және жаңа робототехника жүйесін меңгеруде кешенді жұмыстар жүргізіледі. Ол үшін әлемнің түкпір-түкпірінен креативті ойлайтын интеллект иелерін тартып, жұмысты жандандыра түсті. Онда 200-ден астам компания, мыңнан астам стартап жобасы іске асырылды.

Озық елдердің санатына кіретін Жапонияда индустриялық аймақтар өткен ғасырдың 50-60 жылдары іске асты. Мәселен, Цукуба технопаркі ғылыми-зерттеу институты мен инновациялық стартапты дамытатын бірегей орталыққа айналды. Қазір мұнда 300-ден астам ғылыми мекеме жұмыс істейді.

Әрине, озық елдерде индустриялық парктер ғылым мен технологияның үйлесімді дамытатын, индустрия 4.0 элементтерін іске асыратын алаң ретінде бағаланса, Азияда жедел экономикалық дамудың негізгі тетігіне айналды. Соның ішінде, Астана қаласындағы индустриялық аймақ – шағын және орта бизнестің орталығы ретінде құрылды.

ИНДУСТРИЯ ОРТАЛЫҒЫ

Ел аумағында құрылған индустриялық орталықтар ішінде елордадағы арнайы экономикалық аймақтың ісі көш ілгері. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқан. Екіншіден, ірі көліктік-логистикалық торап саналады. Үшіншіден, үлкен тұтыну нарығы бар. Төртіншіден, инфрақұрылымы қолжетімді. Бесіншіден, инвесторлар үшін мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары бар.

2027 жылға дейін 15,4 мың гектар аумақты қамтитын «Астана – жаңа қала», сондай-ақ 2042 жылға дейін 653 гектарда іске асатын «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағында кәсіпорындар мен бизнес субъектілері орналасады. Бұл аймақтағы жұмысты «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» ЖШС үйлестіреді.

– Индустриялық аумақтар – экономиканы әртараптандыруда, бәсекеге қабілетті болуда маңызды рөл атқарады. Бастысы, тұрақты жұмыс орнын құрып, Астана тұрғындарының әлеуметтік әлеуетін арттыруы керек. «Астана – жаңа қала» аумағына әкімшілік-іскерлік орталықтар мен №1 индустриалды паркі кіреді. Онда 247,08 миллиард теңге инвестиция құйылған 54 жобада 5172 адам тұрақты жұмыс істейді. Одан бөлек, 24,56 миллиард теңге инвестицияланған 51 жоба іске асыру сатысында. Алдағы 3 жылда 2329 жұмыс орнын құру жоспарланды. Бұл бағытта 76,1 миллиард теңге қаржы тартылады, – деп түсіндірді «Astana Invest» қалалық инвес­тицияларды дамыту орталығы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Арсен Меңдіғазиев.

«Астана – жаңа қала» құрыл­ғалы өндіріс көлемі 7077 миллиард теңгеге, экспорт көлемі 115,5 миллиард теңгеге жетті. Жалпы парктің өнеркәсіптік нысандарының инвестициялық портфелі 105 жобаны құрайды.

– Экспортқа бағытталған LKZ, EKZ, SWISSGROW, ASTANA Yutaria ltd, TOKK Kazakhstan, EKTs, ZTOWN Development, STAHLBAU және AROMAT сынды компаниялардың тауарлары Түркия, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Беларусь, Эстония және тағы басқа елдерге экспортталады. Негізгі экспорттық тауарлар: локомотивтер, арнайы жұмыс киімдері, түрлі қақпақтар, оптикалық құрылғылар және тағы басқасын айтуға болады.

Паркте құрылған кәсіпкерлік субъектілерінен 212,8 миллиард теңге салық түсті. 2019 жыл – 7,06 миллиард теңге, 2020 жыл – 18,2 миллиард теңге, 2021 жыл – 3214 миллиард теңге, 2022 жылға – 44,1 миллиард теңге, 2023 жылдың 3 жарты жылдығына 39,5 миллиард теңгені құрады, – деді Инвес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқарма басшысының орынбасары Темірлан Келдібаев.

БИЗНЕСКЕ ТАРТЫМДЫ МА?

Астананы бизнеске ыңғайлы етуде «Астананы дамыту» орталығы мен «Astana Invest» фронт-офисі жұмыс істейді. Бұл орталықтарда отандық және шетел инвесторларына «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі.

– Инвестициялық келісімшарт механизмі жер учаскесін беру, кедендік баж және салықтан босату, шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндігін қарастырады. Қолдаудың тағы бір тетігі – «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заңнамаға сәйкес берілетін жеңілдіктер. Бұл басымдық «Астана – жаңа қала», «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларына ұсынылады. Өз кезегінде шетел инвесторына жер учаскелерін, кейбір салықтар мен кедендік баждардан босатуды және сырттан жұмыс күшін тарту жеңілдігін береді, – деді Темірлан Келдібаев.

Астананы шағын және орта бизнес саласына қолайлы етуде индустриялық парктер оң әсер етеді. №1 Индустриалды парк аумағында түрлі салада қызмет ететін бизнес субъектілері шоғырланды. Алдағы уақытта 409 гектар болатын 150 жобаға арналған екінші парк құрылады. Жобаның мерзімі – 2024-2025 жыл. Басқарма басшысының орынбасарынан екінші парк туралы сұрадық.

– Онда машина жасау, химия, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, ағаш өңдеу, фармацевтика, агроөнеркәсіп кешені және тағы басқа бизнестің бағыттары бойынша жұмыс істейді. Екінші парк резиденттері үшін кедендік баждар мен салықтардан босату, жер учаскесін өтеусіз қосалқы жалдау және ШЖК-ны квотадан тыс тарту мүмкіндігі қарастырылады. Жеңілдіктің бұл түрі шетел инвесторларын қызықтыратыны анық, – деді ол.

Елордаға инвесторлар 1,1 триллион теңге қаржы құйып, оған 163 жобаны қамтитын 15,9 мың жаңа жұмыс орындарын ашты. Сөйтіп, бас қала инвестициялық жобалардың бірыңғай пулына айналды.

– 2022 жылы 39,7 миллиард теңге сомасына 10 жоба пайдалануға берілді, 1,1 мың жаңа жұмыс орны құрылды. 2023 жылы 1,7 мың жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 84 миллиард теңгеге 25 инвес­тициялық жобаны іске қосу жоспарланды. Жыл басынан бері 700 жаңа жұмыс орнын құрумен 53,55 миллиард теңге сомасына 6 жоба іске қосылды, – деді Темірлан Келдібаев.

ҚАНДАЙ ЖОБАЛАР БАР?

Бұл сұраққа Арсен Меңдіғазиев былай жауап берді:

– 2022 жылы «Астана жаңа қала» және «Астана технополис» арнайы экономикалық аймағында құны 28,3 милли­а­рд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылды. Атап айтқанда, лак-бояу өнімін шығаратын «ВМП Астана зауыты» ЖШС жүзеге асырылды. Бетон бұйымын өндіретін «DSK GLB» ЖШС, құрылыс материалын өндіретін «Спектр плюс» ЖШС және медициналық маскалар шығаратын «MFA International» ЖШС құрылды. Сондай-ақ көп профильді зауыт – «ATM CONSTRUCTION & INVESTMENT» ЖШС, ДНҚ зертханасын іске асыратын «Microread Technology» ЖШС жұмыс істейді.

2023 жылдың қаңтар-қараша айында 23,6 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылды. Олар: полимер құбыры мен арматура өндіретін «Астана құбыр зауыты Арыстан» ЖШС, терезе мен балкон жұптарын дайындайтын және орнататын «Астана Пласт Строй» ЖШС, генератор өндірісін іске асыратын «Art Xtal» ЖШС, электр жетегін өндіретін «Power Conversion System» ЖШС. Сондай-ақ «Нұралтынорда» ЖШС-ның оқушылар сарайы мен «BI property Alatau» ЖШС-нің Riviera International School-сы құрылды.

Әрине, индустрия туралы сөз болғанда индустриялық-инновациялық жобалар еске түседі. Бұдан бөлек, әлеуеті жоғары сектордың қатарында креативті индустрия бар екенін ұмытпауы­мыз керек. Яғни елордада креативті индустрияны ілгерілететін арнайы орталықтар құруды шешу маңызды.

P.S: Сингапурде іскерлік кварталдарда ғылыми және инновациялық орталықтар жұмыс істейді. Әлемдегі ауқымды индустриялық орталықтарға Сауд Арабиясындағы Юбайл өнеркәсіп қаласы, АҚШ-тағы Тахо-Рено өнеркәсіп орталығы жатады. Астана қаласындағы индустриялық орталықтар да сондай деңгейге жетіп, елордамен бірге ел дамуында шешуші рөлге атқаратынына сенеміз.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button