Денсаулық

ИНЕМЕН ЕМДЕУ – ТАБЫС ТАБУДЫҢ КӨЗІ ЕМЕС

Бүгінде елімізде қытай медицинасы дамып келеді. Дәстүрлі ем-домнан бөлек, әртүрлі сырқат түрлерін инемен емдеу – көптеген дертке дауа. Жарқын Есберұлы – емдеудің осы әдісі арқылы талай жанның тәнін емдеп жазған азамат. Ол Астана қаласы №6 емхананың бір бөлмесінде сырқаттарды қабылдайды. Қытай медицинасын терең меңгерген дәрігермен инемен емдеудің қыр-сыры туралы әңгімелескен едік.

Жарқын3

ӘЛЕМНІҢ 56 ЕЛІНДЕ ЕМ ЖАСАУҒА РҰҚСАТЫ БАР

– Жарқын Есберұлы, сіз атамекенге қоныс аударған қандас бауырлардың бірісіз, туған топыраққа не жетелеп әкелді сізді?

– Өзге қандастарымыз секілді мен де туған жұртыма оралып, елге пайдамды тигізгім келді. Менің дүниежүзінің 56 елінде ем жасауға рұқсат құжатым бар (сертификат), бірақ мемлекет тарапынан қолдау болмаса, оның құны, сенің білімің көк тиын дер едім… Жасыратыны жоқ, мен Қытай елінде дәл қазіргідей мүмкіндікке қол жеткізе алмас едім деп ойлаймын. Бүгінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев еңбек еткен жанға кең мүмкіндік ашып берді. Жергілікті әкімдік те маған қолдау білдіріп отыр. «Алмақтың да салмағы бар» дегендей, жан-жақты қолдау көріп жатқанда, неге білгеніңді ортаға салып, елің үшін қызмет етпеске? Әр қазақ азаматына жәрдеміміз тиіп жатса, дәрігерге бұдан артық бақыт бар ма?!

– Жалпы, қытай медицина­сына деген қызығу­шылы­ғыңыз қалай пайда болды?

– Мен Қытайдың қазақтар көп мекендейтін Іле ауданында дүниеге келдім. Сол Іледе орта мектепті ойдағыдай аяқтап, оқуымды Пекин қаласындағы Халықаралық мемлекеттік медициналық университетінде жал­ғастырдым. Қытайдағы ме­ди­циналық білім беретін оқу орындарында инемен емдеу әдісі туралы жалпы мағлұмат беріледі. Ал мен тікелей атақты шығыс медицинасының, соның ішінде, инемен емдеу тәсілінің «жілігін шағып, майын ішкен» Жонжи Пин ұстаздың алдын көріп, тәлім алдым. Еңбек жолымды да осы ұстазымның қол астында бастадым. Қызмет атқара жүріп ұстазымнан сабақ алып, мол тәжірибе жинадым. Әлі күнге дейін кейбір науқастардың ауруын анықтау кезінде сол ұстазымнан ақыл-кеңес алып отырамын. Бұл сала өмір бойы оқуды, ізденуді талап етеді. Ал осы саланы таңдауыма бірден бір себепші – өзімнің ата-анам. Әкем де өмірінің соңғы күніне дейін осы салада қызмет атқарып кетті. «Алма алма ағашынан алысқа түспесе» керек. Қазіргі күні осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Жұртқа азды-көпті көмегім тиіп жатқаны – мен үшін үлкен мақтаныш.

ИНЕМЕН ЖҮЗДЕЙ АУРУДЫ ЕМДЕУГЕ БОЛАДЫ

– Өзіңіз айтып отырған инемен емдеу тәсілінің пайда болу тарихы жөнінде де айта кетсеңіз?

– Инемен емдеу әдісі Қы­тайда қай кезеңде пайда бол­ғанын дөп басып айта алмаймын. Алайда, ерте кезде тасты үйкеу арқылы емдеу әдістері болды деген деректер бар. Ал инемен емдеу тәсілі 2000-3000 жыл бұрын пайда болды деген болжамдар айтылады. Ол кездері адамдар темір, болат инелер арқылы ем алса, кейін күміс, мыс, алтын инелерді пайдаланған. Бұл емдеу әдісінің негізгі отаны – Қытай. Бір қызығы, инемен емдеу әдісі көп шығынды қажет етпейді. Мәселен, арнайы құрылғысыз, ешбір отасыз іске асырылатын ем-дом түрі болғандықтан өте тиімді. Біздің дәуірімізге дейінгі 600 жылдары Корея, Жапония елдері аталмыш әдісті меңгерсе, инемен емдеу ХVІ ғасырда Еуропаға таралды. Қазір инемен емдеу әдісі әлемнің 120 елінде таралды. Негізінен, бұл әдіспен 400-ден астам дертті емдеуге болады. Мен емді бас­тамас бұрын, алдыма келген науқасқа арнайы аппараттың көмегімен тамыр лүпілі арқылы диагноз қоямын. Яғни адамның бойында 12 жұп мүше болады десек, осы 12 арнаның бойымен өтетін 34 емдік нүкте бар. Әрқайсысының орны бөлек. Сол нүктелерді дәл тауып ине салса, адамның бойындағы тепе-теңдік қалпына келеді. Осылайша, ағза сауығады. Инемен емдеудің мақсаты да – осы.

– Сіздің орталыққа келу­шілер, негізінен, қандай дертпен келеді? Жалпы, қан­дай ауруларды көбірек ем­дейсіздер?

– Негізгі мамандығым – жалпы емдеуші дәрігер. Біздің орта­лыққа келетіндердің көбі – нерв жүйесі ауруына шал­дық­қандар. Негізінен, бас, омыртқа, мойын аурулары, бет неврологиясы, қабырға аралық нев­рология сияқты дерт түрлерін емдейміз. Тіпті инсульт алып, сал болып қалған адамдардың да дертінен айығуына көмек­те­семіз. Ұзақ уақыт бала көтере алмай жүрген әйелдерді де ем­­дейміз. Сондай-ақ, қазір ор­та­­лыққа келіп емделетін нау­қас­тардың арасында кіш­кентай бүлдіршіндер де бар. Жо­ғарыда айтқанымдай, 400-ге жуық ауру түрлерін емдеуге бо­лады. Бізге келіп қаралған нау­қастардың 70-80 пайызы дертіне дауа тауып, алғыстарын айтып кетіп жатады. Тағы бір айта кетерлік жайт, қазір екі адамның бірі остеохондрозбен ауырады. Бірақ емделгеннен гөрі аурудың алдын алған жақсы. Мен ине салумен қатар, табиғи өсімдік­тер­ден жасалған шөп дәрілер­мен де емдеймін, науқастың дертінің деңгейіне қарай кешенді ем-дом тағайындаймын.

ПАЙДА МЕН ЗИЯН

– Ине қабылдаудың қарсы көрсеткіштері мен зияны бар ма? Қандай жағдайда инемен емдеу әдісін қолданбаған дұрыс?

– Әрине, кез келген емдеу әдісінің зияны мен пайдасы қатар жүреді. Инемен емдеудің зиянды тұстары да бар. Бірақ өте аз. Мәселен, қан обыры ауруына шалдыққан адамға, дене қызуы көтерілген және жүкті әйелдерге ине қоймаған абзал. Жалпы, адам денесінде ине қоятын арнайы орындары болады. Яғни, қол мен аяқтың терісі қалың болғандықтан, ине қою – қауіпсіз, бірақ терісі жұқалтаң тұстарға анатомия­ны терең меңгерген адам ғана ине қоя алмайды. Бауыр, бүйрек тұсына ине қояр кезде инені қаншалықты тереңдікте салу керектігін де өте жақсы меңгеру керек. Бүйрек пен бауырға немесе кеуде тұсқа инені тереңірек батырып жіберсе, ағзаға зияны тиеді, яғни аталған ағзаларды тесіп алу қаупі бар. Сондай-ақ, мойын тұсындағы арнайы нүктелерге де инені терең салуға болмайды. Өйткені мойынның кейбір қауіпті тұстарына ине салса, адам өліп кетуі мүмкін. Кейбір ісік ауруларына шалдыққан адамдарға ота қажет болса, инемен емдеудің керегі жоқ. Тым асқынып кеткен аурулардың себебімен алдымен күресу керек. Егер өзге медициналық тәсіл қажет болса, онда инемен емдеу кейінге шегеріледі. Бұл туралы науқасқа түсіндіріп, кәдімгі дәстүрлі емдеуге бару қажеттігін айтамыз. Өйткені инемен емдеу – табыс табудың көзі емес, адамды сауықтырудың тәсілі.

Жалпы, бұл әдіс кешенді емдеу шараларының бір бөлігі ғана. Инеден бөлек, жоғарыда айтқанымдай, кешенді емдеу шараларына массаж, кей кезде дәрілік шөптерді де пайдаланамыз. Қытай медицинасын зерттегендіктен, дәл сол елде пайдаланылатын шөптерден жасалатын дәрі-дәрмектерді қолданамыз.

– Қазір инемен емдейтін орталықтар Астанада өте көп. Олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?

– Иә, қазір мұндай орталықтар көптеп ашылып жатыр. Бізге санынан гөрі сапа болса екен дейміз. Негізінен, ине салатын маман медицинаны жан-жақты меңгергені дұрыс. Ал өзінің білімі мен іліміне сенімді адамдарға ешкім шектеу қойып отырған жоқ. Қазір инемен емдеу тәсілін меңгерген дәрі­герлер арнайы емтихан тапсырып, ем-дом шараларын жүр­гізуге рұқсат беретін арнайы сертификат алады. Аталмыш құжатсыз инемен емдеу әдісін жүргізуге болмайды.

– Сіз – жеке кәсіпкерсіз. Кірісіңіз шығыныңызды өтей ме? Кешенді ем қабылдау құны қанша тұрады?

– Мен үшін ең негізгі пайда – алдыма келіп емделген нау­қастың аяғынан тұрып, емделіп кеткені. Ал ақша-қаражатқа келетін болсақ, бұйырғаны болады. Біз инелерді, шөп дәрілерді Қытайдан тапсырыс­пен алдыртамыз. Жолдағы кедергілер бар, көк қағаздың қымбаттауы – бәрі оңай емес. Дегенмен де, біздің бағамызды емделушілердің қалтасы кө­тереді деп ойлаймын.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button