Денсаулық

Инфекция қатері азайды

Соңғы 5 жылда Қазақстанда ЖИТС салдарынан болатын өлім-жітім 2 есе азайды. Бұл жетістіктің басты нәтижесі – елімізде тегін ұсынылатын және диаг­ноз қойылғаннан кейін бірден басталатын антиретровирустық терапияға қолжетімділіктің артуы. Жыл сайын 1 желтоқсанда атап өтілетін ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай елордадағы АИТВ инфекциясының алдын алу және онымен күрес орталығында баспасөз жиыны өтті.

Аталған орталық директоры Сәбит Әбдрайы­мовтың айтуынша, қалада АИТВ инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен жылмен салыстырғанда халық арасында ауруды анықтау бойынша тестілеу көлемі 17%-ға артқан. Елордада бұл дерттен жыл сайын 300 мыңнан астам адам тексеріледі. Ерте тестілеудің арқасында 82% адамның ауруы 1-2 бастапқы сатысында анықталды, бұл, әрине, пациенттерді дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді. Астанада 1997 жылдан бастап 2604 АИТВ инфекциясы тіркелді, оның ішінде осы жылдың 10 айында 300 науқас анықталған.

– Қазіргі таңда дерттің таралу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. АИТВ-тің соңғы сатысы ЖИТС-ті тоқтату үшін мемлекет тарапынан алдын алу бағдарламалары тұрақты қаржыландырылып келеді. Біздің орталық халықтың осал топтары, оның ішінде, инъекциялық есірткі тұтынушылар, ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар және жыныстық қызмет көрсететін топтармен тікелей байланыста болу үшін ҮЕҰ-мен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл қауіпті топ өкілдері арасында жаңа жұқтыру жағдайларын азайтуға ықпал етеді және АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың қоғамдағы теңсіздігін реттеуге пайдасын тигізеді. Ол ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қызмет атқарады. Ұсынылған бағдарламаларды негізге ала отырып, жүйелі жұмыс істейді. Яғни негізгі топтар арасына кіру арқылы олармен қоғам ортасына байланыс орнатады. Жан-жақты көмек көрсетеді. Әр кездесушіге жасырын және құпиялылықты сақтауға кепілдік бере отырып, олардың ЖИТС орталығының медициналық және әлеуметтік қызметтеріне қолжетімділігін арттырады, – дейді орталық директоры.

Осал топтармен кездесу барысында дерттің жұғу жолдары түсіндіріліп, жеке сақтану құралдары таратылады, яғни инъекциялық есірткі тұтынатын топтарға бір рет қолданатын шприц үлестіріледі. Астанада халықтың негізгі топтарына профилактикалық қызмет көрсететін 4 ҮЕҰ бар. Науқастарды әлеуметтік қолдау жұмыстары осы үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік қорғау басқармасының қатысуымен тиімді жүзеге асырылуда.

– Соңғы екі жылда COVID-19 пандемиясына және басқа да жаһандық дағдарыстарға байланысты АИТВ-мен күрестегі прогресс баяулады, ресурстар азайды, бұл миллиондаған адамдардың өміріне қауіп төндірді. Қазіргі таңда аталған аурумен күресудің төрт онжылдығында әлемде алдын алу, тестілеу және емдеуде ең негізгі қыз­меттерді ұсынудағы теңсіздік әлі де сақталуда, – дейді спикер.

Әлемдік деңгейде өтетін ЖИТС-пен күрес күніне орай биыл Астана қаласының Қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы қосылып қала тұрғындары арасында онкүндік жарияланғаны мәлім. Баспасөз мәслихатында орталық өкілдері онкүндік аясында атқарылған жұмыстары туралы да баяндады. 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button