Инфрақұрылым игілігі – халыққа

Былтыр елорда тұрғындарының саны 1 520 756 адамды құрап, 7 пайызға өскен. Ал 2035 жылға қарай қала халқының саны 2,5 миллион адамға дейін артады деп болжанып отыр. Қолайлы мегаполис қалыптастыру үшін Астананың бас жоспарына сәйкес, алдағы 10 жылда 120-дан астам мектеп, 170-тен астам балабақша және 50-ден көп денсаулық сақтау нысанының құрылысын жүргізу қарастырылыпты. Сонымен қатар, жаңа жылу көздерін, Қ.Сәтпаев атындағы каналдан су құбыры желісімен бірге сорғы-сүзгі станциясы және кәріздік тазарту құрылғыларын, электр желілеріне жүктемені төмендететін кіші станцияларды салу жоспарланған. Айтпақшы, алдағы екі жыл ішінде бас қаладағы жеке секторлар толық газдандырылмақшы.
Елордада 5 жылу станциясы бар
Астана қаласының қазіргі орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі бес негізгі энергия көзі негізінде жұмыс істейді. Олар – ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 пен «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газбен жылыту станциялары. Биыл «Тельман» газды жылу станциясының құрылысы жалғасуда. Ал келесі жылы «Оңтүстік-Батыс» жылу станциясының құрылысы басталмақ. Бұл қалаға 2035 жылға дейін жеткілікті жылу береді.
Жекелей тоқталсақ, ЖЭО-1 үш энергетикалық қазандық, жеті су жылытқыш қазандық және үш турбоагрегаттан тұрады. Станция жылу энергиясын сағатына 794 Гкал, ал өз қажеттілігі үшін 22 МВт электр энергиясын өндіреді. Нысан 1961 жылдың желтоқсан айында іске қосылыпты. Ал ЖЭО-2-де сегіз энергетикалық қазандық, алты су жылытқыш қазандық және алты турбоагрегат бар. Сағатына 1917 Гкал жылу мен 555 МВт электр энергиясын өндіретін нысан 1979 жылдан бері жұмыс істейді.
«ЖЭО-3 төрт су жылытқыш қазандық пен бір бу қазан агрегатынан тұрады. Жылу энергиясын өндіру көлемі сағатына – 440 Гкал. 2023 жылдың 3 қазанында пайдалануға берілді. Сондай-ақ 22 су жылытқыш қазандықтан тұратын «Тұран» газбен жылыту станциясы сағатына 575 Гкал жылу энергиясын шығарса, «Оңтүстік-Шығыс» 350 Гкал жылу өндіреді» дейді Астана қаласы Энергетика басқармасының жылумен жабдықтау бөлімінің бас маманы Жарас Болатбек.
Энергетика басқармасы берген мәліметке сүйенсек, қазір қалада ЖЭО-3-тің көмірмен жұмыс істейтін бөлігінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, «Тұран» газбен жылыту станциясының үшінші қазандық тобын салу жұмысы жалғасып жатыр.
«Бас қаладағы жылу желілерінің ұзындығы – 1009 шақырым. Сонымен қатар, 14 сорғы станциясы және 2 жылу тарату пункті бар. Қазір «Тұран» станциясынан жылу желілерін тарту бойынша 15,2 шақырымды құрайтын жаңа желі құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 арасындағы «Жылу магистралі-14» құрылысының 7,5 шақырымдық бөлігі салынып жатыр. Жалпы елордадағы жылу маусымы жоспар бойынша өтуде. Жылу маусымына дайындық аясында 5 қазандық пен 2 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 19 қазандыққа және 7 турбинаға ағымдағы жөндеу жұмыстары орындалды» дейді Жарас Қалмаханұлы.
Айта кетейік, Астанадағы жылу желілерінде 2024-2025 жылдардағы жылу маусымына дайындық аясында 9,7 шақырым жылу магистральдары ауыстырылыпты. Қазіргі уақытта барлық тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда бекітілген ауа температурасына сәйкес режимдік картамен жылу берілуде.
Су тұтыну көлемі ұлғайды
Кез келген елдегі сумен жабдықтау және кәріз жұмысы – маңызды инженерлік жүйелердің бірі. Жоғарыда айтқандай, бас қаладағы халық санының артуы әсерінен құрылыс нысандарының саны өсіп, жыл сайын суды тұтыну көлемі ұлғайып отыр. Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасының деректеріне сүйенсек, өткен жылы елорданың инженерлік жүйесінде көп жұмыс атқарылған.
Былтыр бас қалада 24 шақырым сумен жабдықтау, 11 шақырым тұрмыстық кәріз желісі салынған. Сонымен қатар, 8,1 шақырым сумен жабдықтау желісі, 2,1 шақырым тұрмыстық кәріз желісі ауыстырылыпты. Қосымша 3 кәріз сорғы станциясы және 7,3 шақырым нөсер су кәрізінің магистральды коллекторы салынды.
Өткен жылы қалада сумен жабдықтау желілерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүрген. Одан бөлек, жалпы ұзындығы 6,5 шақырым болатын су құбыры желілерінің учаскелері ауыстырылған. Жалпы елордада үшінші сорғы-сүзгі станциясының іске қосылуы мен Астана су қоймасынан екінші су құбыры желісінің аяқталуының арқасында судың қоры тәулігіне 70-80 мың текше метрді құрап отыр.
Биыл Нұра жерасты су көзінен су құбырының құрылысы және «Тельман» сорғы станциясын кеңейту жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, Қ.Сәтбаев атындағы каналдан жаңа су құбыры жобалануда. Аталған жобалар қаланы 2035 жылға дейін тұрақты сумен қамтамасыз етеді.
Тағы бір маңызды жұмыс – қала тіршілігінде шаруашылық-тұрмыстық және жаңбыр мен сарқынды суларды шығаруға арналған кәріз жүйесі. Былтыр ағымдағы жөндеу жұмыстарынан бөлек, 4,2 шақырым кәріз желілерінің учаскелері ауыстырылды.
Бас қалада жаңбыр жиі жауады. Соның салдарынан бірқатар көше су астында қалатыны белгілі. Мысалы, бес-алты жыл бұрын қалада 245 су басу учаскелері болған. Бүгінде кәріз жүйелерін салу және қолданыстағы тазарту құрылғылары мен коллекторларды тазарту мен жаңғыртудың арқасында 4 учаске қалды. Олар – Т.Рысқұлов көшесі, Тұран даңғылы, Мәңгілік ел – Салтанат (Триумф) қақпасы, Қорғалжын тас жолы. Бұл мәселелерді шешу үшін көктемде тәулігіне қуаттылығы 188 мың текше метр екінші кәріз-тазарту құрылғыларының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ ұзындығы 4,73 шақырым су құбыры желісі мен және 1,54 шақырым кәріз желісі қайта жаңартылмақ. Сорғы станцияларын жаңғырту бойынша инвестициялық бағдарламаны іске асыру, су құбыры желілерінде 171 құдықты жөндеу, 265 ұңғыманы тазарту және 620 люкті орнату жоспарланған. Қосымша кәріз желілерінде 9200 құдықты тазарту, 530 құдықты жөндеу, 57 шақырым желіні гидродинамикалық жуу жұмыстары атқарылмақ.
Ержан ҚОЖАС