Инклюзивті алаң ашылды
Астаналық саябақтың 800 шаршы метр аумағында ерекше қажеттілігі бар балалар үшін қолжетімді «Kunshyaq» инклюзивті балалар алаң ашылды.
Қалалық Есіл ауданы әкімдігі мен «Ротари-клуб Астана» қоғамдық бірлестігі бірлесіп өткізген бұл шараға АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің өкілдері де қатысты. Шара барысында бүлдіршіндерден құралған «Замандас» тобы ән айтып, би билеп, көпшілікке қуаныш сыйлады. Сонымен қатар түрлі спорттық ойындар ойнатылып, демеушілер тарапынан дастарқан жайылып, балаларға кітаптар сыйлыққа берілді. Бұл алаңда мүгедектер арбасының кіру мүмкіндігі бар ойын кешендері, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған қауіпсіз әткеншектер, бейімделген құмсалғыш үстелдері, арнайы тактильді панельдермен 15 түрлі қондырғылар орнатылған. Іс-шараға қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті алаң олардың әлеуметке бейімделуіне көмектеседі, әкімшілік тарапынан біз әрқашанда қолдау көрсетеміз деп атап өтті.