ӘлеуметБасты ақпарат

Инклюзивті орта – жайлы қоғам

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша әлем халқының шамамен 15 пайызы мүгедектіктің қандай да бір түріне шалдыққан. Бүгінгі таңда елімізде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдардың саны шамамен 340 мың адамды және 80 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар балаларды құрайды. Соңғы деректерге сенсек, Астанада мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары 36 мыңнан асып барады. Оларды толғандыр­ған мәселелер туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Өңірлік даму және экономикалық реформа комитетінің мүшесі, «Инклюзивті Парламент» депутаттық топтың басшысы Ерлан ӘБДИЕВ пікір білдірді.

– Соңғы уақытта мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөліне бастады. Әсіресе, Астананы кедергісіз аймаққа айналдыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға Мемлекет басшысы да ерекше назар аударып келеді. Олар тек жәрдемақы алып қана қоймай, өздерін қоғамның мүшесі әрі пайдалы еңбеккер ретінде сезінуі керек қой, қалай ойлайсыз?

– Әрине, сөзіңіздің жаны бар. Соңғы жылдары елімізде инклюзивті қоғам құруға үлкен көңіл бөлінуде. Қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелер бар. Бүгінгі таңда Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен ауқымды саяси реформалар жүзеге асып жатыр. Алайда инклюзивті қоғам бір күнде құрылмайды. Инклюзия өміріміздің барлық саласына енуі үшін оған тек мемлекет қана емес, сонымен бірге қоғамдық қатынастардың барлық субъектісі де, оның ішінде жеке бизнес те қатысуы керек.

Биыл Бурабайдың баурайында ұйымдастырылған Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент көптеген маңызды мәселені көтеріп, осы тұста тағы да инклюзия тақырыбына ерекше назар аударғаны қуантады. Айтуынша, тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға баспананың қолжетімді болуы – тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш. Былтыр мемлекет осы санаттағы адамдар үшін 21 мыңға жуық пәтер сатып алды, сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін оңалту орталықтары ашылды. Семей, Тараз, Кентау, Орал қалаларында осындай орталықтар бой көтерді, 2026 жылға дейін Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Шымкент және Талдықорғанда да ашылатыны жоспарлануда. Қазіргі уақытта мүгедектігі бар адамдар үшін оңалту және тұрғын үймен қамтамасыз ету – ең өзекті мәселелердің бірі.

«Қазақстанда ерекше қажет­тілігі бар әрбір баланың толық­қанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан жыл соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеу керек» деді Мемлекет басшысы. Бұл бастама, яғни жаңа бөлек заң еліміздің әрбір мүгедектігі бар бала үшін тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған нақты қадамдар болатынына сенімдімін. Біз инклюзияны қолдаймыз және осы бағыттағы жұмыстардың жалғасатынына сенеміз. Біздің қоғамда әрбір азаматтың өмірі маңызды.

– Ерлан Тұрсынбайұлы, кедергісіз орта құру кез келген дамыған қоғамның басты міндеті екені белгілі. Осы бағытта Астанада біртіндеп жақсы үрдіс қалыптасып келеді. Бұл ретте Еуразиялық инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығының атқарып жүрген жұмыстарына тоқталсаңыз. Бүгінде олар немен айналысады?

– Еуразиялық инклюзивті қоғамды дамыту ассоциациясының президенті Вячеслав Ев­геньевич Пактің жетекшілігімен біз әлемді барлық адамға бірдей қолжетімді етуге тырысатын жандардың басын біріктіріп, топ құрдық. Ерекше қажеттілігі барлар мен олардың отбасыларын қолдау мақсатында бұл топ бизнес және мемлекеттік органдар үшін ұсынымдар әзірлеп, оқыту семинарларын өткізіп тұрады.

Бүгінгі таңда елордамызда мүгедектер мәселесіне қатысты маңызды жұмыстар жалғасуда. Атап айтсақ, қала мүгедектігі бар жандар үшін ыңғайлы болуға тырысуда. Жақында «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен «Инклюзивті қоғамды дамыту Еуразиялық қауымдастығы» ЗТБ мамандары «Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қайырымдылық қоры оңалту орталықтарының, Астана қаласы ІІД полиция бөлімшесінің және қаланың 17 кітапханасының қаншалықты қолжетімді екенін тексеруді бастады. Жалпы елордада мүгедектердің мәселесін шешу үшін көптеген іс-шара қабылдануда. Бұл игі істердің дені медициналық оңалту, әлеуметтік қызметтер, тұрғын үй мен жұмыспен қамту мәселелерін шешуге бағытталған.

Астана қарқынды түрде дамып, қалада көліктер саны артып келеді. Бірақ қарапайым жаяу жүргіншілер жолы әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, атап айтқанда, арбамен жүретіндерге қиындық тудырып келеді. Атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, көп нәрсе жүзеге асырылды. Қала мекемелерінің маңындағы ыңғайлы пандус­тар, жаңа ғимараттардың кең дәліздері, лифтілер мен арнайы дәретханалар сөзімізге айқын айғақ. Бірақ, әрине, шешімін күткен проблемалар да жоқ емес. Мысалы, пандустар барлық жерде бірдей мүмкіндігі шектеу­лі жандар үшін ыңғайлы деуге келмес, кей жерлерде көмекке шақыру түймелері жетіспейді, арнайы дәретханалардағы мүгедектігі бар жандарға арналған құрылғылар дұрыс жобаланбаған немесе орнатылмаған, кейбір ескі ғимараттарда лифтілер жоқ, аялдамалар мен тұрақтарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай қарастырылмаған. Кейбір тұрғын үйлердің бірінші қабаттарындағы дәріханалар мен минимаркеттерге кіру де қиынға соғып жатады. Сондықтан мекемелердің сайттарында сол орынға қалай жетуге болатыны және оның мүгедектігі бар жандар үшін қаншалықты қолжетімді екені туралы ақпараттың болуы маңызды деп есептеймін.

Қаладағы барлық мекеме басшылары мүгедектердің қоғамдық ұйымдарымен ынтымақтаса жұмыс істесе, көп мәселенің түйіні шешілер еді. Біз болашақта еліміздің кез келген адамы үшін қандай да бір кедергілер мен шектеулер жоқ қоғам болғанын қалаймыз.

Астана әркім өзін жайлы сезінетін қала болуға ұмтылуда. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «ЕАРИО» ЗТБ сарапшылары мүгедектігі бар жандар үшін бірнеше маңызды мекеменің: оңалту орталықтары, полиция қабылдау бөлмелері және қала кітапханалары қызметтерінің қолжетімділігін тексеруді бастады. Мекемелердің маңына мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы пандустар мен лифтілер орнатылып жатқанына қарамастан, инфрақұрылымның ыңғайсыз жақтары да, атап айтсақ, навигацияның болмауы және веб-сайттардағы ақпараттың жетіспеу­шілігі, нысандарға барған кезде қажетті көмектің аз көрсетілуі секілді проблемалар баршылық. Жекелеген жаяу жүргіншілер жолында пан­дустар бар болса да, олардың сапасы нашар. Азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек деп ойлаймын. Физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, әр адам өзін жайлы және сенімді сезінетін қалада, қолжетімді ортада өмір сүрсе дейміз.

– Астананы инклюзивті қалаға айналдыру жолында маңызды қадамдар жасалуда. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Еліміздің бас қаласында мүгедектігі бар жандар үшін ыңғайлы орта құру бойынша үлкен жұмыс жалғасуда. Президент реформаларының тағы бір жеңісі – халықты мазалайтын мәселелер көшеде емес, Парламент қабырғасында талқылана бастады. Біз мазмұнды, конструктивті талқылау мәдениетін қалыптастырып жатырмыз.

Конституциялық соттың құ­рылуы сот төрелігі мен азаматтардың құқығын қорғау­да жаңаша қуатты құралға айналды. Париж қағидаттарына сәйкес, жұмыс істейтін дамыған Еуропа елдерінде адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтына конституциялық мәртебе берілді. Президент жария еткен заң мен тәртіп үстемдігі әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі ретінде қоғамда сындарлы ахуал қалыптастыруда. Ал заң мен тәртіп идеологиясы адамдардың санасына бекем орнығып, қазақстандықтардың өмір салтына айналып келеді.

Президенттің тапсырмасымен тұрғын үй саясатына өзгерістер енгізіліп, әлеуметтік осал топтарға жалға берілген баспананы жекешелендіру құқығы берілді. Өзгерістер енгізілген заңға сәйкес, I, II топтағы мүгедектер, соғыс ардагерлері, Чернобыль апаты мен Семей полигонынан зардап шеккендер пәтерлерін тегін жекешелендіре алады. Ал қалған азаматтар қалдық құнымен сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бұған дейін сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғын үйлерді жекешелендіру мүмкіндігі болмаған, алайда жаңа заңның арқасында мыңдаған отбасы баспананың толық иесі атанады. Бұл өзгеріс – әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешуге бағытталған маңызды қадам.

Депутат ретінде алға қой­­ған миссиямның бірі – мү­гедектігі бар адамдарға арналған қызметтерді оңтайландыру. Парламент қабылдаған әртүрлі заңда белгілі бір дәрежеде мүгедектерге қатысты нормалар бар, мен осы нормалардың соларға пайдалы болуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаудамын.

Мен үшін инклюзивті қо­ғам немесе инклюзивті орта – бұл жынысына, жасына, мүгедектігінің болуына, тұрғылықты жеріне, қалада немесе ауылда тұратынына қарамастан, барлығына ыңғайлы және жайлы қоғам. Мұндай қоғамда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүруі, оқуы, жұмыс істеуі немесе адамдармен араласуы және арманын жүзеге асыруы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта керек. Бұл бағытта бірлесе жұмыс жүргізіліп жатыр. Елордамыз­да толық қолжетімді орта қалыптастыру үшін әлі де көп жұмыс істеуіміз қажет.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button