Жаңалықтар

Инновациялық білім сайысы

Нұр-Сұлтанда Қазақстанның білім беру ұйымдарының 8-11-сынып оқушыларының қатысуымен екі күндік республикалық STEM-олимпиадасы өтті.

[smartslider3 slider=1181]

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, «Астана Innovations» АҚ, «Stem Academia» халықаралық ғылыми-өндірістік орталығы және «Stem school Quantum» ұйымдастырған бұл шараға еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам оқушы қатысты.

STEM – бұл техникалық білім беру саласындағы барлық соңғы жетістіктерді қамтыған инновациялық білім беру олимпиадасы. Олимпиада инженерлік робототехника, бағдарламалау, 3D модельдеу және жобалық тапсырмалар сияқты пәндерді қамтиды.

STEM олимпиадасы 2018 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. 4 жыл ішінде іріктеу мен олимпиаданың финалдық кезеңіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 14000-нан астам оқушы қатысты.

– Біз STEM олимпиадаларын өткізудің ескі дәстүрін жалғастырудамыз. Ондағы мақсат, бірінші кезекте, оқушылардың әлеуетін ашу, білімдерін кеңейту және әрқайсысын ғылымдағы, оқудағы инновациялық тәсілге шабыттандыру. Сонымен қатар мұндай олимпиадалар Қазақстанда IT-саласын дамыту үшін іргетас қалайды. Себебі балалар – еліміздің болашағы, – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек.

Олимпиада қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар мен серіктес­терден 14 жеңімпаз Playstation 5, ойын лэптопы, GoPro, планшет, ұялы телефон және кинокуб сыйлықтары ретінде марапатталды. Қатысушылар ынталандыру сыйлығы ретінде Ардуино робототехника жиынтығын алды.

– Бізде балалардың білімін тексеру мақсаты жоқ. Олимпиада кезінде қатысушылар интернетті пайдаланады. Ең бастысы – бала сол білімді қалай пайдалана алатындығы. Білімді бизнес­те қолдану дағдысы – ең маңыздысы. STEM-олимпиадада біз бірінші кезекте мәселені шешудің емес, оны шешудің жолын қолдаймыз, – деп атап өтті «STEM Academia» әзірлеу жөніндегі директоры Мағжан Қыстаубаев.

Ұйымдастырушылар STEM-­олимпиадалар ҚР БҒМ республикалық олимпиадаларының тізіліміне енеді деп үміттенеді, содан кейін жеңімпаздар бағалы сыйлықтарды ғана емес, сонымен қатар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында белгілі бір мамандықтарға грант алатын болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button