СаясатЭкономика

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНДУСТРИЯ – ЕЛ ИГІЛІГІ

IMG_4046

Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында еліміздің экономикалық-әлеуметтік ахуалын әрі қарай дамытуға, іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынтыландыруға байланысты жаңа міндеттер жүктеді. Кезекті елдік құжат – экономиканың қозғалтқыш күші іспетті. Ал шағын және орта бизнесті дамытуға, қосымша инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын құруға елордада 2001 жылдан бері жұмысын жүргізіп келе жатқан «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық әкімшілендіру аймағының қосар үлесі үлкен.

Жолдауда жүктеген міндеттерді орындау инновациялық индустрия­ландыру мен орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға тікелей байланысты екендігі белгілі. Астана болашақта әлемдегі ірі мега­по­листердің қатарына қосы­луға талпынып отыр. Ол үшін бас шаһар қай жағынан да озық, заманауи сұраныстарға лайықты ша­һар болуы керек. Елорданы қалай көркейту керек, қандай жобаларды іске асыру қажеттігі «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы аясында ойластырылып, жүзеге асы­рылады. 2005 жылы құрылған Ин­дустриалдық парк 2007 жылдан бастап осы АЭА-ның аумағына енгізілді. Ел экономикасын алға сүй­рейтін серпінді жо­­балар осы өнер­кәсіп аймағында іске асырылып жатыр. Бүгінде №1 Индустриалдық парк аумағында жалпы көлемі 173,6 млрд теңге инвестицияны құрайтын 50 жоба жүзеге асырылуда. Оның 21 нысаны 2009-2014 жылдар аралығында пайдалануға берілді. Ал 15 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, 14 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттандыру процесі жүргізілуде. Бұл жобалар парк аумағының 90 пайызын алып жатыр. Осында ашылған нысандардың арқасында 2 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Ал 2015 жылы тағы 300 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.

Елордадағы өнеркәсіптік жобалар, негізінен, осы №1 Ин­дус­триалдық паркте шоғыр­ланған. Мұндағы кәсіпорын­дардың бар­лығы тың технологиялармен жұмыс істейді. Олар өндірген жобалардың сапасы да жоғары. Кәсіпорындардан бюджетке келетін пайда да айтар­лықтай. Мысалы, биылдың өзінде №1 ИП аумағындағы өндіріс орындарынан бюджет қоржынына 3,3 млрд теңге көлемінде салық төленді. Осы жылы екі нысан пай­далануға берілді. Соның бірі – «Кама-Қазақстан» сауда үйі» ЖШС шинно-логистикалық кешен.
Мұн­дағы қойманың өткізгіштігі 1,5 млн автодөңгелекті құрайды.  Екіншісі – «Казглавпродукт» ЖШС бөлшектеп өлшейтін желісі бар көліктік-логистикалық орта­лық. Өндірістің қуаттылығы, шамамен, айына 90 тонна өнім.

Заманауи технологиялармен жұ­мыс істеп жатқан жобалардың бір легі ретінде электрондық-оптикалық құрылғылар мен тепловизорлар шығаратын «Қазақстан ASELSAN Инжиниринг» ЖШС мен «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытын атап өтуге болады. Алдыңғы кәсіпорын былтыр құрылған, жобаның құны  7,8 млрд теңгені құрайды. Осы өндірісте 83 жаңа жұмыс орны ашылды. Өндіріс орындарының жоғары технологиялық құрылғылары, не­гізінен, қорғаныс өнеркәсібінде пайдалануға арналған.

Ал былтыр тұсауы кесілген Аффинаж зауытында 72 жұмыс орны құрылды. Жоба құны – 5,4 млрд теңге. Өндіріс орны алтын, күміс және басқа да бағалы металдарды италиялық технологиямен өңдеумен айналысады. Бұл кәсіпорын – еліміз бойынша жалғыз өндіріс орны.

Елбасының Жолдауында  жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдарды қалыптастыру жұмыстарын аяқ­тау мәселесі кеңінен айтылды.  Астанадағы №1 Индустриалдық парк бастан-аяқ инженерлік желі­лермен қамтамасыз етілген. Жолдары төселген. Магистралдық жылу трассалары, су, кәріздік жүйелері жүргізілген.

Енді «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы жалпы аумағы 433 гектарды құрайтын №2 Ин­дустриалдық парк құрылысын да қолға алды. Бүгінде оның тех­никалық-экономикалық негіз­де­месін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Негіздемесі қолға тиіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы шығарылғаннан кейін №2 Индус­триалдық парк­тің жобалық-сме­талық құжат­тамасы әзірленіп, әрі қарай ин­фрақұрылымын салу шаруалары қолға алынатын болады.

Медер МӘСЕЛОВ, 

«Астана – жаңа қала» АЭА әкім­шілендіру басқарма­сы­ның басшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button