Басты ақпаратЕл тынысы

Интеграцияның әлеуетін жұмылдыратын кезең

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына қатысты. Президент өз сөзінде қонақжайлық көрсетіп, жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Ресей тарапына және Владимир Путинге алғыс айтты. Президент осы жылдың оңай болмағанын, әсіресе, жаһанды жайлаған тұрақсыздықтың күшейе түскенін атап өтті.

Еуразияны байланыстыратын стратегиялық буын

«Инфляцияның қысымы, халықаралық логистикалық тізбектердің трансформациясы, аймақтардағы қақтығыстар, санкциялық текетірестер – бұл әлемдік экономиканың даму қарқынын бәсеңдететін факторлардың бір парасы ғана. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан жылдық экономикалық өсімді 4,9 пайыз көрсеткішпен қорытындылауды жоспарлап отыр. «Еуразиялық бестікке» кіретін барлық елде оң динамика байқалатыны қуантады. Әйтсе де экономикамыздың орнықты даму траекториясын сақтау үшін 2024 жылдың сын-қатерлеріне бірлесе дайындалуымыз керек. Сарапшылар болжамына сәйкес келесі жылы жаһандық экономика бірқалыпты, тіпті баяу қарқынмен, яғни 1,5 па­йыздан 3 пайызға дейін өседі. Нарығының көлемі 2,6 триллион долларға тең Еуразиялық экономикалық одақ әлемдік экономиканың ажырамас бөлігі ретінде өсімнің бәсеңдеуін сезінуі мүмкін. Сондықтан біз қазіргі экономикалық резервті және өзара тиімді интеграцияның қолда бар әлеуетін барынша жұмылдыруымыз қажет. Қазақстан әуел бастан Одақтың экономикалық сипатын айқындайтын қағидатты берік ұстанды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өз істері мен шешімдерінде дәл осы күн тәртібінен ауытқымауға тиіс деп санаймыз» деді Қасым-­Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ЕАЭО-ға мүше елдер үшін технологиялық кооперацияны экономиканың нақты секторында дамыту – басты міндеттердің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев озық технологияларды және инновацияларды кеңінен енгізу экономикалық бірлестіктің әлемдік аренадағы орнын нығайтады деп есептейді. Мемлекет басшысы бұл мәселенің кеңесте қабылданған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясында көрініс тапқанын құптады. Құжат Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштасады.

Тың серпін қажет 

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негіз болған іргелі мақсатты толыққанды жүзеге асыру, яғни тауарлардың еркін қозғалысына тың серпін беру қажет деп санайды. Кеден шекаралары ашылғанына қарамастан, әрбір ел іс жүзінде отандық өндірушілерін ЕАЭО-ға қатысушы өзге бәсекелестерден қорғауын жалғастырып отыр.

«Біз ортақ нарықта кездесетін кедергілер мен шектеулерді жойып, бірыңғай техникалық регламенттер енгізуді жылдамдатуымыз керек. ЕАЭО-ның біріккен ақпараттық жүйесінің толық форматта жұмыс істеуі мүше мемлекеттер арасында тауар тасымалдау кезіндегі бизнес шығындарын айтарлықтай азайтуға септігін тигізер еді. Электронды сауда саласында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мол мүмкіндік бар. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақтағы аталған нарықтың жалпы көлемі 80 миллиард долларға жетті. Жақын арада бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүмкін. Алайда мұнымен тоқтап қалмаймыз. Кедендік рәсімдерді жетілдіру және онлайн сауданың тиімді, тең құқылы экожүйесін құру бағытында барынша белсенді жұмыс істеуіміз қажет» деді Президент.

Сонымен қатар агроөнер­кәсіп кешені ынтымақтас­тықтың маңызды бағыты ретінде атап өтілді. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде «еуразиялық бестік» елдері өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізе алды.

«Соған қарамастан, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің әлемдік нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының үлесі әлі де өте төмен, яғни екі пайыздан сәл ғана асады. Ал дүние жүзінде 800 миллионнан астам адам аштық пен азық-түлік тапшылығының зардабын тартып отыр. Өкінішке қарай, азық-түлік жеткізуге қазіргі геосаяси ахуал, әсіресе, бірінші кезекте санкциялар кедергі келтіруде. Нәтижесінде азық-түлікке мұқтаж халық жапа шегіп отыр. Сарапшылардың бағалауынша, ЕАЭО елдерінің әлеуеті 600 миллионға жуық адамға тамақ тауып беруге жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған, озық халықаралық стандарттарға сай өнім шығару мақсатында тығыз кооперациялық байланыстарды жолға қою басым бағыттарымыздың біріне айналуы керек. Сондай-ақ агрологистика және өнім сақтау жүйесін дамытып, ауыл шаруашылығы саласына цифрлық шешімдерді енгізу үшін күш біріктіруіміз қажет. Бірлескен агроинновациялық орталықтар құру мәселесін пысықтаған жөн. Мұндай орталықтар агроөнеркәсіп кешенін коммерцияландырумен және өндіріске жаңа технологияларды енгізумен айналысады» деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, ЕАЭО күллі Еуразия кеңістігін байланыстыратын стратегиялық буын қызметін атқарады. Ұйымның осы мәртебесін сақтап қалуға мүше мемлекеттердің барлық мүмкіндігі бар.

«Бұл жерде, ең алдымен, Таяу Шығыс, Иран, Пәкістан және Үндістан елдеріне шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту туралы сөз болып отыр. Осы орайда Қазақстан бастамасымен «Челябинск – Болашақ – Иран» бағытын іске қосу жобасының жүзеге асырыла бастағаны қуан­тады. Біз өз тарапымыздан еліміздегі теміржол желілері мен автомобиль жолдарының талапқа сай келмейтін учаскелерін реконструкциялауға әзірміз. Мен бұл ретте Бейнеу – Маңғыстау, Мақат – Қандыағаш теміржол желісі мен Бейнеу – Шалқар автомобиль жолы туралы айтып отырмын. Көлік дәлізін одан әрі дамыту үшін Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның логистикалық компаниялары бірлескен кәсіпорын құрып жатыр. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің теміржол әкімшіліктерін осы жұмысқа атсалысуға шақырамын. Қазақстан өзінің көлік-логистикалық құрылымы мен оның Еуразиялық экономикалық одақпен байланысын белсенді нығайтуда. Біз Қытайдың Сиань қаласында және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысын аяқтауға жақын­дадық. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекарада және Каспий теңізінде 5 трансшекаралық көлік-логистикалық хабын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Таяу жылдары 1300 шақырымдық жаңа теміржол желісінің, «Бақты» және «Қалжат» құрғақ порттарын, сондай-ақ Иранның Бендер-Аббас қаласында теңіз портын салу жоспарланған. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді өзара тиімді жобаларды бірлесе іске асыруға, соның ішінде ірі стратегиялық порттардың серіктес желілерін, логистикалық орталықтар мен пошта хабтарын салуға шақырамыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі» мен қытайдың «Цифрлық жібек жолы» бастамасын ұштастыру мүмкіндігін қарас­тыруды ұсынды. Президенттің пікірінше, цифрлық және интеллектуалдық ықпалдастықтың жетілдірілген моделін құру Еуразия кеңістігіндегі елдер экономикасының дамуына елеулі үлес қосады. Мемлекет басшысы осы күрделі кезеңде үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық байланыстарды дамыта отырып, сыртқы саясатта ЕАЭО-ның әлеуетін кезең-кезеңімен нығайту маңызды екеніне тоқталды.

Саммитке Қазақстан Пре­зи­дентімен қатар, Ресей Президенті – ЖЕЭК төрағасы Владимир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қатысты, сондай-ақ ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекет басшысы – Куба Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудес бейнеүндеу жолдады. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды. Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қызметіне Қазақстанның өкілі Бақытжан Сағынтаевты сайлады.

Мәдени нысандарды аралады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Санкт-­Петербург қаласындағы мәдени нысандарды аралап көрді.

ТМД мемлекеттері басшыларының бірлескен экскурсия­сы «Павловск» мемлекеттік музей-қорығынан басталды. Мұнда олар Павлов сарайының залдары мен экспозицияларын тамашалады. Қонақтардың құрметіне сарайдағы «Грек залы» амфитеатрында «Северная симфония» концерті ұйымдастырылды. Музей-қорық – XVIII ғасырдың соңындағы орыс сәулет өнерінің бірегей үлгісі. Павлов сарайы архитектуралық ансамбльдің ең басты көрнекті бөлігі саналады. Бұл мәдени мұра ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.

Содан кейін мемлекеттер басшылары «Царское село» музей-қорығын және Екатерина сарайының залдарын аралап көрді. «Царское село» сарай-­саябақ ансамблі – ХVIII ғасыр мен XX ғасырдың басындағы әлемдік сәулет және бағбандық өнерді айшықтайтын ескерткіш. Орыс императорларының бұрынғы жазғы резиденциясы – Ресейдегі халық көп баратын музейлердің бірі. Мұражайға 2022 жылы 2,9 миллион адам келген. Кешеннің негізгі нысаны саналатын Екатерина сарайында әлемге әйгілі Янтарь бөлмесі орналасқан.

Президенттердің үшінші экскурсиясы «Петергоф» мемлекеттік музей-қорығының Үлкен Петергоф сарайында жалғасты. Делегация басшылары сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, мүсін және кескіндеме өнерінің туындылары мен жиһаздар қойылған бірегей сәулет ескерткішін тамашалады. Петергоф ­музей-қорығы 33 музейден, 414 гектар аумақты алып жатқан саябақтар мен бақтардан және 150-ден астам субұрқақтан тұрады. Сорғы станцияларының жоқтығы субұрқақ жүйесінің тарихи және мәдени ескерткіш ретіндегі бірегейлігі саналады. Инженерлік шешімнің арқасында су 300 жыл бұрынғыдай биіктік пен әртүрлі деңгейдегі субұрқақтар арасынан табиғи түрде құлай ағып жатыр. Сондықтан Петергоф субұрқақ­тары сәуірдің аяғынан қазан айының ортасына дейін күн сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді.

Бейресми кездесуге қатысты

ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар, Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Жиын барысында ТМД елдерінің көшбасшылары ұйым қызметінің басым бағыттарын, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту жоспарын талқылады. Сондай-ақ ТМД аясындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button