Жаңалықтар

ИНТЕГРАЦИЯ ИГІЛІГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Logotip-Nur-Otana1

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының «Көзқарас» партияаралық және қоғамдық диалог клубының кезекті отырысында Мемлекеттік рәміздердің маңызы және Еуразиялық экономикалық интеграция мәселелері талқыланды.

Қалалық филиал төраға­сы­ның бірінші орынбасары Сапар Ахметов алдымен клуб мүшелерін Қазақ­стан Республикасының мемле­кеттік рәміздер мерекесімен құттық­тады. Осыған орай, күн тәртібін­дегі алғашқы мәселе бойын­ша Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Ж.Ибрагимов баяндама жасап, азамат­тық пен патриотизмді нығайту­дағы мемлекеттік рәміздердің маңызына тоқталды. Елбасы Н.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатқанын атап өтті. Осыны ескере келе, Ж.Ибрагимов:

«Расында да мемлекеттік рәмізіміз – біздің тәуелсіздігімізді, жасампаздығымызды көрсететін ең басты құндылықтарымыздың бірі. Сондықтан да біздің қоғамы­мыздағы адамдардың міндеті – осы мемлекеттік рәміздерге деген құрметпен қарау, оны сақтап, қастерлеу. Отанды сүю, отанға деген құрмет отбасынан басталады. Осы орайда мен балалардың бойы­на отанға деген сүйіспеншілікті дамытудың бірден бір құралы осы сүйіспеншіліктің әкелердің бойында болуы дер едім» дей келе, тәуелсіздік алған алғашқы күндерден-ақ Мемлекет басшысы ұлтаралық келісімді, бірлік пен ішкі саяси тұрақтылықты Қазақстанның негізгі басымдықтары етіп белгілегенін, бұл ретте жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және өскелең ұрпақтың бойында мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын насихаттау мәселелеріне де көңіл аудару керектігін баса айтты.

Жалпы, 2009 жылы құрылған «Көзқарас» клубы саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдерінің ерікті бірлестігі болып табылады. Оның мүшелері бас қала мен қоғам дамуындағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша өзара пікір алмасады. Жақында ғана Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің арасында Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі шартқа қол қойылуына байланысты клубтың кезекті отырысында Еуразиялық экономикалық интеграцияның маңызы мен келешегі туралы да кеңінен сөз болды.
Шара соңында қатысушылар біздің мемлекетімізді мекендеген әрбір адам егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің жарқын белгісі іспеттес мемлекеттік рәміздерді – аспан түсті көк Туымызды, айбынды Елтаңбамыз бен асқақ Әнұранымызды құрметтеуі тиіс деген ортақ ой түйді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button