Интернет әлсіз ұстайтын орындар жойылады

Цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникация комитеті төрағасы Дамир Сейсембеков Астанада мобильді интернет әлсіз ұстайтын орындардың санын және ондай орындарды қалыпқа келтіру жұмыстары жайлы айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
— Астана қаласы бойынша айтар болсақ, өткен жылы біз осындай 32 нүктені анықтадық. Бұл елордадағы мобильдік интернет әлсіз ұстайтын не мүлде ұстамайтын жерлер. Қазіргі таңда мұндай 10 «ақ нүкте» жойылды, онда антенналар қойылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр, – деді комитет басшысы Үкімет отырысында Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Цифрландыру министрлігі 5G технологиясын енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Екінші бастама адамдар кешке үйіне оралған кезде мобильді интернет әлсірейтін, ал басқа уақытта қалыпты ұстап тұратын аумақтарға қатысты. Қазіргі таңда Астанада 250-ден астам базалық стансалар орнатылды. Бұл да трафиктік жүктемені азайтуға көмектеседі. Мемлекет басшысы бізге жыл соңына дейін 5G технологиясын енгізу жұмыстарын аяқтауды тапсырған болатын. Біз сол межеден шығу үшін барымызды салып жатырмыз, – деді Дамир Сейсембеков.
Одан бөлек, министрлік елорда тұрғындары санының үнемі өсіп отыратынына байланысты «ақ нүктелерді» анықтау жұмысын үнемі жүргізіп тұратынын айтты.
— Астананың аумағы ғана емес, ондағы тұрғындар саны да өсіп келеді. Соған сай, интернет тұтынушылары да артады. Бұрын бір үйде 1-2 смартфон ғана болса, қазір ол 5 құрылғыдан да асып түсуі мүмкін. Телевизор, ноутбук, телефондар дегендей. Сол себепті біз «ақ нүктелерді» анықтау және бақылау жұмыстарын тоқтаусыз жүргізіп отыратын боламыз. Биыл үлкен қалаларда осындай жұмыстар жүргізіледі, одан соң трассалар мен басқа да нысандарды қолға аламыз, – деді спикер.
Сейсембеков жыл соңына дейін бұған дейін анықталған «ақ нүктелер» толығымен жойылатынын айтады.
— Өткен жылы мобильдік интернет ұстамайтын не әлсіз ұстайтыны анықталған орындар жыл соңына дейін толығымен қалыпқа келтіріледі. Біз жаңа базалық стансалар орнатамыз. Кей жағдайларда тұрғын үй иелері шатырына осындай стансалар орнатуға жол бермейді. Ондай жағдайда аулаға антенна-діңгек орнатамыз. Бұл жұмысты әкімдікпен бірлесе атқарамыз және жыл соңына дейін 32 «ақ нүкте» жойылады, – деді Дамир Сейсембеков.
Осыған дейін Үкімет басшысы цифрландыру министрлігіне шалғай елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету жобаларын уақтылы іске асыруды тапсырған болатын.