Құқық

Интернет-алаяқтықпен жастар қалай күреседі?

Цифрландырудың жаңашылдығы өмірімізді жарқын еткенімен, интернет-алаяқтықтың қанат жаюына да түрткі болып отырғанын мойындауымыз керек. Себебі әлеуметтік желілерде алаяқтарға алданған азаматтардың мұң-зары толып тұр. Осындайда зейнеткерлер былай тұрсын, «құқықтық сауатым жақсы» деген тұрғындардың өзіне алаяқтың қақпанына түспеуіне белсенді жастар көмектеседі. «Alayaq.net» жастар қозғалысы киберқылмыскерлердің түрлі айла-шарғы жолдарын әшкерелеп, 100-ге жуық жастың басын қосқан.

Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. WhatsApp желісіндегі алаяқтық, онлайн дүкендердің қитұрқылығы, түрлі блогерлердің «пайдалы» курстары секілді әлеуметтік желілердегі алаяқтықтың түрлі схемалары «Alayaq.net» интернет-порталында нақты көрсетіліп, көпшілікті алданудың алдын алуға әрі қаржылық сауатын арттыруға шақырады. Республикалық жастар қозғалысы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

– Онлайн порталда адамдар алаяқтық схемаларға түспеуі үшін барлық қажетті деректер орналастырылған. Мысалы, «Алаяқ­ты қалай тез білуге болады?», «Алаяқтар қалай алдайды?», «Алаяқтықтың расталған фактілерінің тізімі» тақырыптары бойынша қолжетімді ақпарат алуға болады. Сондай-ақ белгілі бір инфлюенсердің қара тізімде бар-жоғын тексеру мүмкіндігі де қарастырылған. Ең бастысы, біздің порталдың көмегімен азаматтар интернеттегі алаяқ­тық фактілері туралы хабарлай алады. «Алаяқтықпен бетпе-бет келдіңіз бе?» бөліміне өтіп, өзіңіздің оқиғаңызды хабарлау­ға мүмкіндік бар. Одан бөлек, ғаламтордағы әккі ұрылардың айласы жүзеге аспауы үшін олардың қалыптасқан әрекеттерінің үлгісі жинақталып, жобаның әлеуметтік желілерінде еріктілердің қатысуымен бейнежазбаларда жарияланады. Жастар азаматтарға заң тұрғысынан кеңес беріп, түрлі алаяқтық әдістерді қалай тез анықтауға болатыны жайлы егжейлі-тегжейлі түсіндіреді. Қазіргі уақытта біз 10 күндік тренингті бастадық, онда ақпараттық бейнероликтер мен подкасттар арқылы адамдарға түсінікті және қолжетімді түрде ақпарат жеткізіледі. Оған тек 500-дей адам қызығушылық танытады деп ойладық, бірақ бүгінде 4000-ға жуық адам тіркелді. Дені – жастар, – деді жобаның іске асырушысы әрі «Медицина Жастары» РҚБ төрағасы Абылайхан Әбдіраш.

Ал жоба жетекшісі Нұрсұлтан Орынбеков тез байысам, ақша тапсам деген қызығушылық бар жерде алаяқтар да болады. Сондықтан әркімге қаражатты аударғанда ойланған жөн.

– «Alayaq.net» сайтында түрлі мақалалар бар, бірақ ондағы ең басты қосымша – «қара тізім». Оған адамдар интернет-алаяқтық белгілері байқалған қызмет көрсетушілерді тіркей алады. Мысалы, сізге белгісіз нөмірден қоңырау шалып, әлдебір жеке деректеріңізді енгізуді сұраса және бұл сізге күмәнді көрінсе, ол туралы бізге хабарлай аласыз. Бірақ мұнымен ол алаяқ деп танылмайды. Бұлай деуге ешкімнің де құқы жоқ. Ал өзінің «қара тізімге» енгенін білген адам өз ісінің дұрыстығын дәлелдесе, оның деректері тізімнен алынып тасталады. Жалпы, бір айта кетерлігі, біздің мақсатымыз – алаяқтарды әшкерелеу, ұстау емес, олардың үлгі, жүйесін көпке жариялау, түсіндіру. Сол арқылы азаматтардың өздерін-өздері солардың құрбаны болудан сақтау, – деді спикер.

Жақында Астана қаласындағы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында аталмыш қозғалыс негіз болып, интернеттегі алаяқтық схемалардың алдын алу бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Оған Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен «Медицина Жастары» РҚБ өкілдері қатысты.

– Бұл меморандумның бекітілуі – халықтың қаржы пирамидасы мәселесін түпкілікті жоймаса да, оның деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Тек Астананың өзінде жыл басынан бері 5 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларының құрбаны атанды. Ендігі кезекте жастармен, «Alayaq.net» қозғалысының еріктілерімен бірлесіп, роликтер, подкасттар түсіруді, кең аудиторияға алаяқтардың құрығына түсу қаупі туралы ақпарат беруді, өз жұмысымыздың нәтижелері, қаржы пирамидасының белгілері туралы айтуды, жұмысымызға блогерлерді тартуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Жаслан Аманбеков.

Ал Астана қаласының Полиция департаменті интернет-алаяқтық бойынша өткен 10 айда қала аумағында 4129 қылмысты анықтап, оның 720-сы ашқан еді. Елордалық Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес бөлімі бастығы Олжас Майтканов қылмыстың бұл түрі бірден ашыла салмайды дейді.

«Интернет қолданушылардың қай-қайсы да алаяқтардың арбауына түсіп қалуға бейім. Көбіміз желінің арғы жағындағы сатушының шын айтып тұрғанына, тауардың барына, сапасының дұрыс екеніне көзіміз жетпей жатып, алдын ала ақша аударамыз. Жастар жағы интернет-саудада ақшасынан қағылып жатса, тұрғындардың қаржылық сауаты аз тобы банк қызметкерлерінің атын жамылып, қоңырау шалған қуларға алданып жатады.

Алдымен, банктердің қауіпсіздік қызметі немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің атынан жасалатын қоңырауларға мұқият болу керек. Әңгімелесу барысында зиянкестер банктік шоттарды пайдалана отырып, қоңырау шалған адамға несие рәсімделгені туралы хабарлауы мүмкін. Бұл жағдайда әңгімені үзіп, бұл туралы полицияға хабарлау қажет. Қандай да бір күмәнді қосымшаларды орнатудан сақтану керек, әсіресе құрылғыларды қашықтан басқаруға арналған қосымшылардан аулақ болған жөн (AnyDesk, RustDesk, TeamViewer және т.б.) Екіншіден, әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда тауарлар мен қызметтерді сату. Әдетте, бұл автомобильдер, тұрмыстық техника, жиһаз, киімдер, аксессуарлар, тұтыну тауарлары, тамақ өнімдері және т.б. Зиянкестердің мақсаты – пайда табу. Олар кез келген жолмен ақша қаражатын алдын ала төлем ретінде аударуды сұрайды. Егер сіз өнімді өз көзіңізбен көрмесеңіз, мұндай сатып алулардан бас тартқан дұрыс» деді спикер.

 

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button