Қоғам

Интернет- алаяқтықтан қалай сақтанамыз?

Кеше Астана қаласы коммуникациялар қызметінің алаңында «Интернет-алаяқтыққа қарсы күрес және оның алдын алу шаралары» туралы баспасөз мәслихаты өтті. Күн тәртібіндегі мәселемен қалалық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Дастан Қалиев таныстырды.

«Елімізде цифрландыру көптен бері жаппай сипатқа ие болды. Мәмілелер, ақшалай қаражаттарды сатып алу, аудару, мемлекеттік қыз­меттерді алу және осындай тағы да басқа операциялар қашықтан жасалуда. Осы орайда алаяқтар ақпарат технологияларының мүмкіндігін өз айласын асыру үшін кеңінен қолдануда» деді Дастан Қалиев.

Оның айтуынша, осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық тіркелді. Соның ­730-ы ашылып, сот органдарына жіберілді. Жалпы алғанда, 120-дан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, басқа да фактілер бойынша тергеу әрекеті жалғасуда. Тергеумен қатар, құқық бұзушылықтың аталған түрінің жолын кесуге және алдын алуға бағытталған іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілуде.

«Халық арасында қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында біз қала өмірінің әртүрлі саласында дәріс сабақтарын өткіземіз. Онда алаяқтар пайдаланатын әдістер мен тәсілдер егжей-тегжейлі ашылады, сондай-ақ негізгі сақтық шаралары жеткізіледі. Адамдар көп шоғырланатын жерлерде профилактикалық сипаттағы үгіт-насихат жұмысы жүргізіледі, жадынамалар мен буклеттер және аудио-бейне материал­дар таратылады. Интернет-алаяқ­тықтың алдын алуда, қажетті және пайдалы ақпаратты тарату бөлігінде маңызды рөлді блогерлер, медиа тұлғалар, сондай-ақ кәсіпкерлер мен еріктілер қозғалыстары атқарады. Кеңірек хабардар болу үшін рес­публикалық теле-радиоарналарда, жаңалықтар порталдарында, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде ескерту сипатындағы мате­риалдарды жариялау және тарату жүзеге асырылады. Заңсыз контентті анықтау мақсатында интернет желісіне мониторинг жүргізіледі, жалған хабарландырулар, алаяқтардың ­аккаунттары және басқа да заңсыз сайттар бұғатталады. Көрсетілген кезеңде 900-ден астам түрлі мазмұн бұғаттауға бағытталған» дейді Дастан Габдурахимұлы.

Спикер алаяқтардың негізгі қолданылатын әдістерін атап өтті.

Біріншісі – банктердің немесе құқық қорғау органдарының қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің атынан қоңырау соғу. Бұл әдісті алаяқ­тар күмәнді банктік транзакциялар немесе алаяқтарды ұстау мақсатында арнайы операциялар жүргізу сыл­тауымен жаңылыстыру үшін пайдаланады.

Екіншісі – онлайн сатып алу. Бұл әдісті алаяқтар әртүрлі сауда алаңында және әлеуметтік желілерде жоқ ­тауарлар мен қызметтерді сату кезінде қолданады.

Үшіншісі – фишингтік сайттарды пайдалану. Алаяқтықтың бұл түрі дербес деректер мен банктік мәліметтерді жинауға бағытталған. Мұндай сайттар мен платформалар шынайы сайттарға ұқсас болуы мүмкін.

Төртіншісі – инвестициялық жобалар. Бұл әдіс бағалы қағаздар мен криптовалютаға тиімді инвестиция­лармен сипатталады. Қаскүнемдер сайттар жасап, онда платформалар ойдан шығарылған сауда-саттық өткізеді, толықтырулар мен кірістер туралы мәліметтер көрсетіледі.

Бесіншісі – What’s App мес­сенджерінің аккаунтына заңсыз кіру. Бұл үшін алаяқтар зиянды сілтемені пайдаланады. Сосын бұл абонент таныстарына келіп түсіп, сол арқылы алаяқтар аккаунтқа өтеді. Содан ­кейін олар абонент атынан барлық ­контактіден қарызға ақша беруді сұрап, өздері ұсынған банктік шоттарға жіберуді өтінеді.

«Интернет-алаяқтықтың алдын алудағы маңызды қадам кибергигие­наны сақтау екенін атап өткім келеді» деген спикер мынандай кеңес берді: күмән тудыратын сілтемелерге өтпеу. Тіпті олар жақындар мен таныс­тардан келсе де; ешқашан және ешкімге SMS-хабарламадан кодты және банктік шоттарға қатысты басқа да дербес деректерді жібермеу; тауарларды әртүрлі интернет-алаңда сатып алғанда, сатушы ұсынатын мәліметтердің түпнұсқасына көз жеткізгенге дейін ешқашан алдын ала төлем жібермеу; деректер мен әлеуметтік желідегі аккаунтарының қауіпсіздігі үшін қиын құпия сөздерді қолдану және екі факторлы аутентификация­ны қосу.

«Абонент өзінің ғана емес, айналадағы адамдардың да қаржылық ­сауаттылығын үнемі арттырып ­отыруы керек. Қажетті және пайдалы ақпаратпен бөліскен адам жақындары мен таныстарының ақшалай жинақтарын сақтауға және оларды алаяқтардың құрбаны болмауынан сақтандыруға көмектеседі» деп ­түйіндеді Дастан Қалиев.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button