Басты ақпарат

Интернет-таныстық табыстырып жатыр ма?

Бұл күнде өзгермеген не қалды дейсің… Неке-отбасылық қатынастар шиеленісе түсіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырудың жөн-жолы өзгеріп, тура жолдан қиғаш кетіп бара жатқандаймыз. Үйлену оңай, үй болудың қиындығына шыдаудың қажеті жоқ дейтіндер жеткілікті. Ұнамаса, шаңырағын құлатып, жан-жаққа кете барады. Жаппай белең алып жатқан құбылысты зерделеп, себебін іздеп, шешіміне бас қатырып жүргендер көрінбейді.

[smartslider3 slider=2130]

Қазіргі жастардың көбі ішерге асын, киерге киімін қамтамасыз ететін жұмысы болмаған соң, жауапкершілік арқалап басын қатырмайды. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайтынын» естен шығарып, сыбай-сылтаң өмірге еті үйреніп кетті. Бойжеткендер де тұрмыс құруға асықпайды. Оқыған-тоқығандары қыз­метін жасап, алыс-жақын шетелдің білімін тауысып жүргенде, уақыттың зырылдап бара жатқанын аңғара қоймайды. Алайда қыз ғұмыры қысқа, дер кезінде жұбын тауып, сәби сүймесе, кеш қалып жатады. Күндердің күнінде табиғи жаратылысы бұлқынғанда, тәуір жігіттердің бәрі үйленіп қойғанын көреді. Таңдауды қырыққа жақындағандардың арасынан іздесе, олардың дені – ажырасып үлгергендер. Теңін табу қиындау.

Бұрындары жеңгесін «қыз тұсауы» деуші еді, бүгінгі жеңгелер бұл міндеттен ерікті түрде бас тартқан. Тіпті туған қайын сіңлісі болса да, өзгенің тағдырына араласқысы келмейді. Бұл да – өзгерген заманның өзімшіл көрінісі. Бір жағынан жеңгені де кінәлауға болмайды. Жасы да, кәрісі де өз қызметінде, күнкөріс тірлігінде. Онсыз да аралас-құралас болып жатпаған жағдайымызға індет келіп, өз дегенін жасады. Жастар көпшілік жиналатын жерлерге баруға тартынатын болды. Жай киноға барудың өзіне қомақты қаражат қажет. Бұл – бір. Ал серіктес болар басы бос құрбылары қалмаған қыздың «үй-жұмыс» бағытынан айнып, басқа жаққа бұрылуға батылы жете бермейді. Мұны екі деңіз. Жалғыз басы сопиып не істесін? Сол қыздардың отырғаны отыр­ған. Осылайша «отырған қыз орнын табады» деген сөздің мәні мен мағынасы өзгеріп кетті. Егер ол қыз жалғыздық жайлаған үлкен қалада болса ше?! Бұл жеке бастың емес, әлеуметтің, қоғамның көтеретін мәселесіне айналуы тиіс. Бұрындары отыздан асқандардың бас қосатын жері болатын. Жастардың болашағына ерекше көзқараспен қарайтын, жанашырлары жеткілікті болатын. Ел ішінде қалыптасқан жолы бар, 25-тен асқан қыз жалғыз жүруге ұялатын. Жас жігіттің үйленбеуін айналасындағылар түсінбейтін. Тіпті болмаса бойдақ салығын салып, қоғам алдындағы жауапкершілігін еске салушы еді.

Миллиардтаған халқы болса да, бұл мәселе Қытайда ерекше әдіспен шешіледі екен. Арнайы некеге таныс­тыру орталықтары жұмыс істейді. Онда екі адамның табысып кету мүмкіндіктерін саралап, бағалап, бар жауапкершілікті мойнына алғандар қызмет етеді. Одан бөлек, бойдақ жігіттер мен бойжеткендердің жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіледі. Отырып қалған қызы бар, сүр бойдақ ұлы барлардың өздері де келіп, болашақ келіні мен күйеу баласын таңдап жатады. Жәрмеңкеге келуге бетінен басылып ұялған жастар мұнда анкетасын қалдырып кете алады

Миллиардтаған халқы болса да, бұл мәселе Қытайда ерекше әдіспен шешіледі екен. Арнайы некеге таныстыру орталықтары жұмыс істейді. Онда екі адамның табысып кету мүмкіндіктерін саралап, бағалап, бар жауапкершілікті мойнына алғандар қызмет етеді.

Одан бөлек, бойдақ жігіттер мен бойжеткендердің жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіледі. Отырып қалған қызы бар, сүр бойдақ ұлы барлардың өздері де келіп, болашақ келіні мен күйеу баласын таңдап жатады. Жәрмеңкеге келуге бетінен басылып ұялған жастар мұнда анкетасын қалдырып кете алады. Нәтижесі жоқ емес. Бұл әдіске жетіскеннен барып жатқан жоқ болар. Статистикаға сүйенсек, бір ғана Бейжіңнің өзінде 500 мың «кәрі қыз» тұрады. Бұл жалғаса берсе, 2025 жылға қарай Қытайда бойдақ еркектердің саны үйленбеген әйелдерге қарағанда 30 миллионға көп болады деген дерек бар. Қыз отырып қалды деп қара аспанды төндірудің қажеті бар ма, жоқ па – өзіңіз білесіз. Дамыған елдерде отызға дейін үйленгендерге таңдана қарайды. Жапондық бойжеткендер де отбасын құруға асықпайтындардан екен. Отыздан асқандардың 3/1 бөлігі оң босағада отыр. Бірақ біз жапон емеспіз, «Тайлаққа» қыз іздеген апамыз болса да, жәрмеңкеге баратын қытай да емеспіз. Әйтсе де елімізде кәрі қыз бен сүр бойдақ жоқтай көзді жұмып отыруға болмайды. Бұл мәселе мемлекеттік тұрғыда қаралып, оған депутаттар басын қатыруы тиіс. Есесіне ғаламтор деген «жеңгетай» шықты.

Білетін жұрт: жиырмадан асқан жастардан бастап қырма сақалдыларға дейін осы интернет-таныстықта отырады екен. Әсіресе соңғы екі жылда індеттің сылтауымен интернетке таңылғандардың жайы сол күйінде. Жиырмадан асқандар арасында Tinder, Badoo-ды білмейтіндер некен-саяқ. Бұл – көптеген тілде қатар жүргізетін әлеуметтік танысу желісі. Компанияның штаб-пәтері Лондондағы Сохо қаласында орналасқан, бірақ компанияның өзі Кипрде тіркелген және ресейлік кәсіпкер Андрей ­Андреевке тиесілі екен. Тапқан табысы да шаш етектен. Еуропадағы ең табысты IT-компанияларының біріне айналған. Жаңа нарықты ашты дейді. Демек, ақылы. Әрине, адамдар ақшасын қайда жіберемін десе де өзі біледі. Сайт арқылы танысып, табысып кетіп жатқандар бар болуы мүмкін. Дегенмен жар іздегендердің қаражаты құрдымға кетіп жатқаны өкінішті. Көп жағдайда қайран уақытын сарп етіп, біреудің май-шелпегіне айналуда. Әлі де айнала береді. Ғаламторды адам өмірінен шығарып тастау мүмкін емес. Бірақ мәселенің бастысы – отырып қалған қыздардың мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Қазақтардың арасында сауалнама алып, зерттеп жатқан ешкім жоқ. Алайда орыстың әлеуметтанушылары қарап отырмаған сияқты. Сұрастырғандардың 20 пайызы іздеген адамының тұрақты жұмысы болғанын қалайтын көрінеді. Бұдан да азының іздеген адамының басында үй-жайының бар-жоғына басы ауырмайды екен. Алайда 60 пайызы сайтта таңдаған адамының көңілді уақыт өткізетін, жарасымды мінезді болғанын қалайды екен. Түсінгенге мұның астарында отбасы құрам деушілердің ниеті де жоғын байқаймыз.

Бұл тұрғыда америкалықтар интернет-таныс­тыққа көзқарасы байсалды. Singles in America 2020 қосымшасының зерттеуінше, ұзақ мерзімге, тұрақты қарым-қатынасты іздейтін пайдаланушылардың саны 62 пайызды, ал OkCupid сауалнамасына қатысушылардың 84 пайызы тұрақты серіктес іздейтіндерін айтты. Тек тұрақты серіктес олардың ұғымында не екенін ашып айта алмаймын.

35 жасқа дейінгі еуропалықтардың жартысына жуығы цифрлық танысудың қандай да бір түрін қолданып көрген екен. Бұл кәсіп өркендеп өсіп, миллиардтаған долларлық индустрияға айналғанмен, онлайн-танысу бізге таңсық болғанмен, шетелдіктер жалығып үлгерсе керек.

2018 жылы BBC сауал­намасы бойынша онлайн-платформалардың 16 мен 34 жас аралығындағы адамдар үшін жаңа адаммен танысудың тамаша тәсілі емес дегенге саяды. Алайда әзірге бәсі артып тұр. Сайттарға көз жүгіртіп, бір шолып қарағанда, небір біздің ұғымыздан тысқары лас нәрселерді де көріп, түңілгендей боласың. Десе де бұл интернет-танысуды жоққа шығаруға болмайды. Адамдар әртүрлі, бәлкім, жасы келген бойжеткеннің серігін тауып, сәбилі болуының соңғы амалы осы болуы да әбден мүмкін. Қолымыздан басқа нәрсе келмеген соң, онсыз да отырған қыздың сайтты жағалағанын жек көрмейміз. Кім біледі?!

Жалғыз біз емес, Ресейдегі интернетте де танысу қарқын алып тұр. Жақын күндерде неке таңдауының жалпы қабылданған амалдарының біріне айналуы да мүмкін. Осы күнге дейін жастар көшеде жолықса, ағайындары таныстырса, не болмаса достарымен бірге жүріп жолықса, жұмысында жолықтырса, тағы сол сияқты нысаналы сәттерге онлайн-таныстықты да қосатын күн алыс емес сияқты. Әрі бизнес, әрі сауап бұл істің дамуына мүдделілер жетерлік. Оны сайттардың біріндегі «қазақ қыздарымен танысқанда нені ескеру керек?» деген нұсқауды оқып, жігерім жасып қалды. Қазақ қызының жүрегін жаулап алғың келсе, тұрақты қарым-қатынас жасайтыныңызды айтыңыз. Атыңыз қандай мағына береді деп сұраңыз, айналысатын ісін, жақсы көретін нәрселерін біліңіз. Мақтау сөз айтқанда тапқыр болыңыз, жауыр болған сөздерді қолданбаңыз. Сауатты жазыңыз. Өз фотоңызды қолданыңыз, интернеттегі суреттерді салмаңыз. Кездесіп жатсаңыз, өзіңізді жақсы ұстаңыз, жоғары мәдениетті көрсетіңіз дейді. Сөйте келе, ауыл мен қаладағы қыздың айыр­масын еске салады. Бұл дегеніміз қазақтың білімді, оқыған-тоқыған қазақ қызының ізіне түскенінің белгісі емес пе? Демек, отырған қыздарымыздың көптігін өзгелер де біліп отыр.

Масқара, осы нұсқаумен қазақ қыздарын бөтендер жетектеп кетіп жатса не болғаны?! Кетіп те жатыр. Қара нәсілді жігітке тұрмысқа шыққан қызды қазақтың жігіті алғанда, Африка асып несі бар еді деген ой келеді.

Сөздің тоқетері қыз­дарымыз «ғаламторға» түсіп қалмаса екен дейміз. Түссе де, таңдағаны адал жігіт болып, бағы ашылса екен дейміз. Уақыт болса отырғандардың қас жауы.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button