Қоғам

Инвестициялық жобалар талқыланды

Астанада инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне арналған ашық есік күні өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, елорда прокурорының орынбасары Булат Мизанбаев, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы, Астананы дамыту орталығы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» және бірқатар бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында бизнесті және инвесторлардың мүдделерін қорғау, кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсету, инвестициялық ахуалды жақсарту және заңды құқықтардың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жер мәселелері, тарифтер, өнім өткізу және инвестициялық келісімшарттарды жасау кезінде туындайтын проблемалар талқыланды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың айтуынша, 2024 жыл елорда экономикасы үшін рекордтық жыл болды. Инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгеге жетіп, 13,1%-ға артқан. Жеке инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгені құрап, 7,2%-ға өсті. Әлеуметтік салаға (білім беру, денсаулық сақтау, ойын-сауық және демалыс) салынған инвестиция көлемі 295 млрд теңгеге дейін ұлғайып, жалпы көлемнің 16%-ын құрағаны ерекше атап өтілді.

– Бүгінгі ашық есік күні инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын бағалап, шешілмеген мәселелерді ашық диалог форматында талқылауға мүмкіндік берді. Шағын және орта бизнес – елорда экономикасының қозғаушы күші, ол қаладағы экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 70%-дан астамын жұмыспен қамтамасыз етеді, – деді елорда әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, Евгений Глотов Астана әкімі Женіс Қасымбектің төрағалығымен жұмыс істейтін Өңірлік инвестициялық штабтың тиімділігін ерекше атап өтті. Аталған штабтың қолдауымен экономиканың сұранысқа ие салаларында жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 54 инвестициялық жоба іске қосылды.

Елорда прокурорының орынбасары Булат Мизанбаев прокуратура жанында маңызды инвестициялық жобаларды қолдау бойынша жұмыс істейтін фронт-офис туралы айтып өтті. О ның құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар кіреді. Прокуратура органдарының жаңа құзыреттері аясында «Прокурорлық сүзгі» механизмі іске қосылды. Әр аудан прокуратурасында тәулік бойы жұмыс істейтін мобильді топ құрылып, инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында прокурормен тікелей байланыс орнату мүмкіндігі ұйымдастырылды.

– Бүгінгі таңда қала прокураторасының бастамасымен 1,6 трлн теңге көлеміндегі инвестицияларға қатысты 41 проблемалық іс шешілді. Нәтижесінде 140-тан астам инвестордың, оның ішінде 20 шетелдік инвестордың құқықтары қорғалды, – деп атап өтті Б.Мизанбаев.

Іс-шара барысында саладағы басым бағыттар бойынша жүзеге асырылып жатқан 15 инвестициялық жобаның өзекті мәселелері қарастырылды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, бизнес өкілдеріне өз ұсыныстарын білдіруге және қызықтырған сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік берді. Ашық есік күні билік пен бизнес-қоғамдастық арасындағы конструктивті диалог орнату мен әріптестікті нығайтудың тиімді алаңына айналды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button