Инвестиция тартудың икемді тетігі
Кеше Астана экономикалық бірыңғай алаңында VІ халықаралық инвестициялық форум өтті. Елорданың әлем алдындағы бітім-болмысын қалыптастырып, оған инвестиция тартуды көздеген шара халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамытатын ірі бизнес алаңына айналды.
Қазақстан бизнес-бастамаларды қолдайды
«Aстана Инвест-2013» инвестициялық форумының ашылуында сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов Астана қаласы еліміздің экономикалық дамуына соны серпін беретінін, Елбасы қолдауының арқасында бас шаһар ірі саяси және экономикалық орталыққа айналғанын атап өтті. Еуразияның кіндігінде орналасқан Астанада іскерлік байланыстарды нығайтып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер көп. Қала елордаға айналғалы халқының саны үш есеге дейін көбейіп, бүгінде 800 мыңға жеткенін айтқан Үкімет басшысы бұл елорданың қарқынды дамып келе жатқанын айғақтап, экономикалық әлеуетін көрсететінін айтты.
Кейінгі жылдары Қазақстан іскерлік ортаны көтермелеп, кәсіпкерлікті қолдауға, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға айрықша маңыз беріп келеді. Атап айтқанда, бизнес-бастамаларды жүзеге асыруға ыңғайлы жағдайлар жасалып, кәсіпті ашуға рұқсат беретін жүйелер оңтайландырыла бастаған. Соның ішінде бизнесмендерге салықты жеңілдету бойынша нақты шаралар қабылданған. Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстан инвестиция салуға тиімді мемлекет ретінде танылып келеді. Оған дәлел ретінде өткен жылдары елімізге 170 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция құйылғанын атап өтуге болады. «Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі – нақты бизнес-бастамаларды қолдау, іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті кеңейту. Сондықтан біз бизнес саласына қатысты кез келген іскерлік ұсыныстарыңызды қарауға дайынбыз. Сіздерді бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз» деді Үкімет басшысы.
Астананың абыройы асқақтайды
Бұдан кейін инвестициялық форумның ашылуымен жұртшылықты құттықтаған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорда – жасампаздық мен өркендеудің нағыз үлгісі екендігін айта келе, қаланың даму қарқынын нақты көрсеткіштермен өрнектеді. Оның айтуынша, Астана елордаға айналғалы бері ЖАӨ 90 есеге, ЖІӨ-дегі Астананың үлесі 7 есеге артқан. Инвестиция көлемі 30 есеге көбейген. Бұған қоса, 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Соның 4 миллионы соңғы үш жылда бой көтерген.
Елордаға инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлініп отырғанына тоқталған қала әкімі «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан Индустриалдық паркте бүгінгі таңда инвестиция көлемі 1,2 миллиард АҚШ долларын құрайтын 46 жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бұл аумақта инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасалғаны да әңгіме арқауына айналды. Инвестициялық форумға қатысушылар әкімнің сөзінен индустриалдық аумақта еркiн кедендiк режим қалыптасқанын, импортталатын тауарларға акциз салуды қоспағанда, кеден баждары мен салық салынбайтынын және тарифтік реттеу шаралары қолданылмайтынын білді. Құрылыс нысандары салынып жатқан жер телімдері жер салығынан босатылатыны, ғимарат салық салу нысаны болып табылмайтыны да инвес-торлар үшін жақсы мәлімет болғаны анық. Индустриалдық парк аумағында «Дженерал Электрик», Локомотив құрастыру зауыты, «Тальго» жолаушылар вагоны, «Альстом» электровоз құрастыру зауыты, «Еврокоптер» тікұшақ құрастыру және жөндеу зауыты сынды жобалар жүзеге асырылып жатқаны да айтылды.
Форумға келген мәртебелі меймандардың бірі – Франция Ішкі сауда министрі Николь Брик те инвестициялық форумда өз ой-пікірін ортаға салды. Қазақстан мен Франция арасындағы әріптестік қарым-қатынас дамып келе жатқанын тілге тиек еткен министр ханым Қазақстанның жетістігін өте жоғары бағалайтынын, «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесін өткізу мәртебесі бұйырған елдің болашағына сенімі мол екендігін жеткізді. Осынау беделді шараны талай рет өткізген тәжірибесі мол Франция қазақ еліне көмектесуге де әзір екен. Оның айтуынша, көрме тақырыбына жасыл экономика мәселесін таңдап алған Қазақстан адамзатты энергияның балама көздерін, жасыл технологияны қолдануға ғана емес, қоршаған ортаны қорғауға да үндеуге тиіс. Көрме өтетін бас шаһар кез келген саланың дамуына бейім болуы керек. «Францияның инвестор тартудағы жетістіктерінің бірі – біз жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен кәсіпорындардың және мемлекеттің арасында өзара тиімді байланыс орнатқанбыз. Соның арқасында инвесторларға қолайлы жағдай да жасап отырмыз. Бүгінгі таңда тек Парижге 30 миллард еуроны құрайтын инвестициялық жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз» дейді министр. Оның сөзіне қарағанда, Франция «ЕХРО» көрмесіне орай Астанаға инвестиция салуға дайын. Осыған байланысты министр Астана қаласының әкімін өз елдеріне шақырып, кәсіпкерлермен кездесуге ұсыныс білдірді. «Екі жақты кездесулер кезінде біз іргелі шаһар салудағы және ЕХРО-ны өткізудегі тәжірибемізді Астанамен бөліспекшіміз» деп сөзін түйіндеді Николь Брик.
Халықаралық инвестициялық компаниялар мен қаржы институттарының, отандық және шетелдік қауымдастық өкілдерінің басын қосып, «Астана Инвест – 2013» форумына бас-аяғы 14 мемлекеттен 500-ден астам қатысушы тіркелген екен. Астананың инвестициялық мүмкіндігін арттырып, оның келешектегі көкжиегін кеңейтеді деп үміт артылып отырған форумның қорытындысында инвесторлармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жалпы өткен жылдары өткен экономикалық форум елімізге 8,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция әкеліп, Қазақстанның дамуына тиімді көптеген инвестициялық жобалардың тұсауы кесілген екен. Ендеше, кезекті форум жұмысынан да күтеріміз мол.
Қымбат НҰРҒАЛИ
Жеделсөз
Сергей СТАНОВКИН,
BBC телеарнасы коммерциялық қызметінің басшысы:
– Мен ұзақ жылдар бойы Ұлыбританияда жұмыс істеп келемін. Өзімнің жұмыс тәжірибемнен түйгенім, кез келген қаланың имиджін қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор. Қоғамды күмәнді ойдан арылтатын да, жаңа істер туралы жақсы пікір қалыптастыратын да – ақпарат құралдары. Сондықтан Астананы әлемге танытуға, жас қала туралы жылы пікір ұялатуға ақпарат құралдары белсене атсалысуы керек. Өйткені ЕХРО – халықаралық шара. Оған күллі әлем көз тігеді. Астананың бет-беделі қалыптасатын тұсы да осы.
Роберт АБДУЛЛИН,
Халықаралық кредиторлар ұйымының президенті (WOC):
– Халықаралық кредиторлар ұйымы Мәскеу, Киев, Астана, Минск, Баку, Лондон, Берлин, Париж, Вашингтон, Нью-Йорк және Бейжің сынды қалалардың әлеуметтік және экономикалық жетістіктерін саралайтын сараптамалық зерттеу жүргізді. Ең бірінші біз аталған шаһарлардың білім жүйесі қандай деңгейде екендігін зерделедік. WOC бағалауы бойынша, Киев ең білімді қала болып шықты. Мұндағы тұрғындардың 16,9 пайызы жоғары білімді екен. Біліктілігі жағынан екінші орынды Минск алды. Ал халыққа медициналық көмек көрсету жағынан ТМД елдері алдына жан салған жоқ. Мысалы, Бакуде 10 мың адамға 85 дәрігерден келеді екен. Ал Киевте 10 мың тұрғынға 84 ақхалатты қызмет көрсетеді. Мәскеуде – 78, Берлин мен Бейжіңде – 54 дәрігерден. Ал Лондонда 10 мың адамға небары 28 дәрігер-маман қызмет етеді. Соған қарамастан ағылшындардың өмір жас ұзақтығы – 87-ге жетеді. Париждегі халықтың өмір жасы шамамен 80-нен асып жығылады. Нью-Йорк те осымен шамалас. Ал дәрігері көп ТМД елдеріндегі халықтың өмір сұру ұзақтығы бұдан әлдеқайда төмен. 75 жастан әрі ұзамайды. Демек, санның көп болуы сапаның мықтылығын білдірмейді. Жұмыссыздық деңгейі жағынан Еуропа мен АҚШ алдыңғы қатарда. Ал инвестициялық тартымдылығы жағынан Лондон, Нью-Йорк, Париж ешкімге дес бермей келеді. Бәрімізге де осы елдердің тәжірибесін зерттеу артық болмас деп ойлаймын.