Мәслихат

Инженерлік инфрақұрылым – халық игілігіне

Елорданың Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы 2022-2024 жылдары 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Соның ішінде қаланы жылумен жабдықтауға 24,4 млрд теңге қарастырылған. Биыл оған 21,3 млрд теңге бағытталмақ. Бұл қаржы 3-ЖЭО құрылысын аяқтауға және 2-ЖЭО-ны жаңғыртуға бөлінген.

[smartslider3 slider=2088]

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында есеп берген аталмыш басқарманың басшысы Төлеген Құлышев баяндады. Оның айтуынша, атқарылар жұмыстарға қолданыстағы магистралды желілерді жаңарту, жабық қосалқы стансаны салу, жұмыс істеп жатқан энергия таратқыш қосалқы станса мен трансформаторлы қосалқы стансаны жаңғырту, осындай жаңа стансаларды бас қаланың құрылысы қарқынды аудандарына салу кіріп отыр.

Керей-Жәнібек хандар көшесі бойындағы кәріз-сорғы стансасынан Ә.Бөкейхан көшесінен №38 көшеге дейінгі аралыққа кәріз коллекторларын жүргізу жоспарланған. Әсіресе тұрғын алаптардың инженерлік инфра­құрылымына ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, нөсер кәрізі жүйесін дамыту үшін 1-көтермедегі сорғы стансасынан «Железнодорожный» тұрғын алабына дейінгі учаскеде сорғы-сүзгі стансасының су таратқышы жаңартылмақ.

«Үркер» тұрғын алабында нөсер кәрізінің негізгі нысанын салу жоспарланған. Осы тұрғын алаптағы шығысқа қарай орналасқан жеке секторға инженерлік желілер мен жол салынбақ.

Мәслихат отырысында әсіресе қаланы газдандыру мәселесі біраз талқыланды. Төлеген Құлышевтің сөзінше, газ тасымалдау жүйесін дамыту мақсатында республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары қысымды газ құбырының 2-кезегін (3-9 іске қосу кешендері), 3 кезегін (1-3 іске қосу кешені) салу жоспарлануда. Бұл жұмыс арқылы қаланың шеткі аймақтарындағы 300 мың тұрғын газбен қамтылады.

Қабанбай батыр даңғылындағы «Будапешт» тұрғын үй кешенін салған G-Park компаниясы өз есебінен блокты-модульді қазандық (БМҚ) орнатты. Қазір үй тұрғындары сұйытылған газды пайдаланады. Оны аталмыш компания сатып алады. Бірақ қазір газ арзандағанмен, үй тұрғындары қалтасына әжептәуір салмақ түсіп отыр. Осы мәселені көтерген мәслихат депутаты Ғабит Сәтмағамбетов Тұран даңғылы бойымен газ магистралі өтетінін ескеріп, газ құбыры Қабанбай батыр даңғылына қашан тартылатынын сұрады. Оның айтуынша, «Будапешт» тұрғындары газ құбыры желісіне қосылғаннан кейін газдың қалалық тарифі бойынша 37 теңге төлеуі үшін аталмыш компания БМҚ-ны Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруа­шылық басқармасы меншігіне беруге дайын.

Депутат Ғабит Тәжімұратов «Пригородный» тұрғын алабын газдандыру мерзімін сұрады. Ол халықаралық әуежай «Ақтөбе Проект» ЖШС-пен газдандыру бойынша шарт жасасуға ниетті екенін айтты. Қазір көмір де қымбат. Осыған байланысты әуежай әкімшілігі «Пригородный» тұрғындарына көмір сатып алуға көмек көрсеткен. Депутат Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысына көмір бағасын бақылауды қамтамасыз етуді өтінді.

Депутат Бауыржан Жанқонақов 3-ЖЭО қашан пайдалануға берілетінін сұрады. Төлеген Құлышевтің айтуынша, 2022-2023 жылдың жылыту маусымында 3-ЖЭО жұмысы газбен басталуы тиіс.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасына қалалық коммуналдық қызметтерімен бірлесіп, елорданың төрт ауданы мен 16 тұрғын алабына арналған «Тәуекелдер картасын» дайындауды тапсырды. Бұл карта депутаттық сауалдар және 109 қызметіне тұрғындардың өтініштері негізінде әзірленуі тиіс. Осы бағдарламалық құжатта алдағы екі жылға арналған нақты жоспарлар мен жобалар, белгілі бір жұмыстардың жүзеге асырылу кезеңдері, қаржыландыру мәселелері қамтылуы керек. Бұл ақпаратпен қала тұрғындарын таныстыру қажет.

Сондай-ақ хатшы тиісті басқармаға «ЭЧ-8» желілерін АРЕК балансына беру бойынша туындаған мәселелерді шешуді, Күлтегін көшесі тұрғындарының арыз-шағымдарын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ал «Астана су арнасы» кәсіпорнына Ш.Құдайбердіұлы, Ш.Қосшығұлұлы көшелері және Абылай хан даңғылы тұрғындарынан сумен қамтуға қатысты түскен шағымдарын ескеру тапсырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button