Иран киноиндустриясы: Ислам революциясынан кейінгі даму жолы
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/1b6cd458-68c8-4b38-a378-48471f3bc9d8.jpg)
1979 жылы Ислам революциясы жеңіске жетіп, Иран Ислам Республикасы құрылғаннан кейін елдің барлық салаларында үлкен өзгерістер орын алды. Осы кезеңдегі ең жарқын және маңызды өзгерістердің бірі – киноиндустрияның дамуы. Революцияға дейін Иран киносы әлемдік киноиндустрияның бір бөлігі болып, батыс стандарттарының ықпалында болды. Алайда революциядан кейін кино ұлттық құралға айналып, исламдық құндылықтарды, мәдени дәстүрлерді және әлеуметтік ынтымақтастықты насихаттаудың құралы ретінде қолданылды. Ислам революциясы мен Ислам Республикасының құрылуы Иран киносының жаңа келбетінің қалыптасуында маңызды рөл атқарды, бұл өзгерістер тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де сезілді.
Бұл мақала Ислам революциясының Иран киноиндустриясына әсерін зерттеп, кино саясатының өзгерістерін, өндіріс үдерісін, мазмұндық ерекшеліктерін және халықаралық деңгейде танылуын талдайды. Мақаланың басты тұжырымы – Ислам революциясы шектеулер әкелген жоқ, керісінше, әлемдік мәдениетте ерекше орын алатын, бірегей және ықпалды киноиндустрияның қалыптасуына себеп болды.
Ислам революциясының киноиндустрияны қайта анықтаудағы рөлі
Ислам революциясынан кейін Иран киносы түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Батыстық фильмдердің көбі тыйымға ұшырап, тек исламдық және мәдени құндылықтарға сәйкес келетін фильмдер көрсетіле бастады. Кино енді тек ойын-сауық құралы емес, ұлттық рухты, исламдық сананы және әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды құралға айналды. Революцияның алғашқы жылдарында Иран батыстық кино үлгілерінен бас тартып, ислам идеялары мен құндылықтарына негізделген фильмдер өндірісіне көшті. Революциялық үкіметтің алғашқы әрекеттерінің бірі исламдық қағидаларға қайшы келетін фильмдерді көрсетуге тыйым салу болды. Мысалы, бейәдеп көріністері бар батыс фильмдері немесе тұтынушылық пен батыс мәдениетін насихаттайтын шығармалар экраннан алынып тасталды. Алайда, сонымен қатар, исламдық құндылықтарға сәйкес келетін жаңа кинематографиялық мүмкіндіктер жасалып, бұл Иран киносының әлемдік деңгейде мойындалуына жол ашты.
Киноның негізгі тақырыптары әлеуметтік және діни мәселелерге бағытталды. Мысалы, тәуелсіздік үшін күрес, рухани тазару, ислам қоғамындағы әйелдердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілік мәселелері көтерілді. Мұндай бағыт тек Иранның өзінде ғана емес, халықаралық кинофестивальдерде де жоғары бағаланды.
Жаңа жанрлар мен тақырыптардың дамуы
Ислам революциясынан кейін Иран киносының дамуына ықпал еткен маңызды факторлардың бірі – жаңа жанрлардың қалыптасуы және оларды қоғам қажеттіліктеріне бейімдеу болды. Режиссерлер мен сценаристер революция салдарынан өзгеріске ұшыраған қарапайым адамдардың мәселелерін бейнелейтін тақырыптарды зерттей бастады. 1980-жылдары Иран киносы Ислам революциясы мен Иран-Ирак соғысына (1980–1988) арналған әскери-патриоттық фильмдерімен танымал болды.
Соғыс тақырыбы жаңа ирандық киноның символына айналды. Мұндай алғашқы фильмдердің бірі – 1986 жылы шыққан “Қаһарман” фильмі, ол көрермендер мен сыншылар тарапынан кең қолдауға ие болды. Алайда, 1990-жылдардан бастап Иран киносы жаңа бағытқа бет бұрды. Бұл кезеңде фильмдер тек әскери тақырыппен шектелмей, қоғамдағы әлеуметтік және рухани мәселелерді зерттеуге көшті. Мысалы, “Бауырым” (1993) және “Қорғаушы” (1994) фильмдері әлеуметтік күрес, моральдық мәселелер, ер мен әйел қарым-қатынастары және ислам қоғамындағы адамның ішкі қайшылықтары туралы тереңірек ой қозғады.
Мемлекеттік қолдаудың күшеюі және кино индустриясының инфрақұрылымын дамыту
Революциядан кейін Иранда кино саласы айтарлықтай қолдауға ие болды. 1980 жылы “Ислам кино қоры” құрылды, ол кино өндірісін мемлекеттік қолдаудың басты орталығына айналды. Бұл қор ислам стандарттарына сәйкес келетін фильмдер өндірісіне септігін тігізді. Сонымен қатар, 1989 жылы “Фаджр кинофестивалі қоры” құрылды, ол Иран киносының ішкі және халықаралық деңгейде танылуына ықпал ететін ең ірі шараға айналды.
1991 жылы “Иран кино мектебі” ашылды, ол Ирандағы алғашқы кинематографиялық білім беру мекемесі ретінде жаңа режиссерлер мен сценаристерді тәрбиелеумен айналысты. Бұл бастама киноиндустрияның дамуына және фильм өндірісінің көбеюіне ықпал етті.
Халықаралық аренада мойындалуы және кинофестивальдердегі жетістіктер
Иран киносының әлемдік деңгейде мойындалуының жарқын мысалдарының бірі – Канн кинофестиваліндегі жетістіктер. Соңғы жылдары ирандық режиссерлер бұл беделді фестивальде бірнеше мәрте жеңімпаз атанды.
Аббас Киаростами – әлемде кеңінен танылған ирандық режиссерлердің бірі. Оның “Шие дәмі“ (1997) және “Жел бізді алып кетеді“ (1999) фильмдері Канн кинофестивалінде жоғары марапаттарға ие болды. Киаростамидің минималистік стилі, символикалық тереңдігі және философиялық астары әлемдік кино қауымдастығының қызығушылығын тудырды.
Сондай-ақ, Асгар Фархади режиссерінің “Надер және Симиннің ажырасуы” (2011) және “Сатушы” (2016) фильмдері халықаралық марапаттарға ие болып, әлем жұртшылығын Иран қоғамының мәдени және әлеуметтік мәселелерімен таныстырды.
Заманауи қиындықтар және жаңа мүмкіндіктер
Соңғы онжылдықтарда Иран киносы жаһандану, цифрлық технологиялар және мәдени құндылықтардың өзгеруі сияқты жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Дегенмен, киноиндустрия әлі күнге дейін елдің мәдени өмірінің ажырамас бөлігі болып қала беріп, өсіп-өркендеу әлеуетін сақтап келеді.
Кино білімінің дамуы үлкен серпін алды. Мысалы, 1979 жылға дейін Иранда небәрі 5 кино мектебі жұмыс істеп, 147 түлек дайындаған болса, революциядан кейін бұл көрсеткіш 150 000-нан астам студент пен түлекке жетті. Иран жас кинематографистер қауымдастығының 58 өңірлік орталығы мәдени әділеттілікті қамтамасыз етіп, таланттарды ашуға және оқытуға ықпал етті. Сондай-ақ, Иран киносы интернет пен әлеуметтік желілердің ықпалымен жаңа тарату арналарын тапты. Бұрын тек кинотеатрлар мен фестивальдер арқылы ғана көрерменге жететін ирандық фильмдер қазір Netflix, Amazon Prime және басқа да онлайн платформалар арқылы кең таралуда. Бұл өз кезегінде Иран киносының халықаралық аудиторияға қолжетімділігін арттырып, мәдени диалогқа жаңа мүмкіндіктер ашуда. Алайда, қиындықтар да жоқ емес. Цензура және мемлекеттік қадағалау Иран кинематографистерінің шығармашылық еркіндігіне әсер етіп келеді. Кейбір режиссерлер фильмдерін ел ішінде көрсету үшін мазмұнын өзгертуге немесе бейімдеуге мәжбүр. Осыған қарамастан, көптеген ирандық кинематографистер өз жұмыстарында шындықты көрсетуге және көрермендерге маңызды әлеуметтік мәселелерді жеткізуге тырысады.
Инфрақұрылым және кинотеатрлар
Мұндай өндіріс көлемі бар кинотеатр жақсы инфрақұрылымды қажет етеді. 90-жылдардың ортасына дейін Иранда 303 мың адамға бір ғана кинотеатрдан келген. Соңғы жылдары жағдай жақсарып, қазір 60 мың адамға бір кинотеатрдан келеді. Революцияға дейін бар болғаны 437 кинотеатр болған кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 408-ге дейін өсті, яғни төрт есе өсті.
Әйел-режиссерлердің жетістігі
Егер революцияға дейінгі кезеңде әйелдер режиссерлік және продюсерлік қызметте жоқтың қасы болса, революциядан кейін олардың кино саласына араласуы арта түсті. Рехшан Бени-Атмад, Пуране Дерахшинде, Тахмина Милани, Марзие Броманд, Нургес Абияр сияқты режиссерлер қазіргі Иран киносының маңызды тұлғаларына айналды. Ислам революциясы Иран киноиндустриясының жаңа кезеңін бастады. Бұл өзгерістер тек тыйым салу мен шектеулермен ғана емес, сонымен қатар жаңа тақырыптар мен жанрлардың пайда болуымен ерекшеленді. Кино саясаты исламдық және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталды, ал ирандық режиссерлер әлемдік кинематографияда ерекше стиль қалыптастырды.
Бүгінде Иран киносы әлемдегі ең танымал және мойындалған киноиндустриялардың бірі болып саналады. Көптеген фильмдер халықаралық марапаттарға ие болып, көрермендерді иран қоғамының мәдениеті мен әлеуметтік мәселелерін таныстырып келеді. Жаңа технологиялар мен цифрлық платформалардың дамуы ирандық фильмдердің кең таралуына ықпал етуде. Сонымен, Ислам революциясы Иран киносына шектеу әкелмей, керісінше, оны жаңа деңгейге көтеріп, өзіндік ерекшелігі бар ықпалды мәдени құралға айналдырды. Иран киносы алдағы жылдары да өз дамуын жалғастырып, жаһандық аудиторияға жаңа мазмұн ұсынып, кино өнеріндегі маңызды бағыттардың бірі болып қала беретіні сөзсіз.
Али Акбар Талеби Матин
ИИР–ның ҚР–дағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі