Мәселе

Ірге лас болса, төр тозаңмен тозады

Жақында Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі жариялаған еліміздегі лас қалалардың тізімінде Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. Халқы жыл сайын көбейіп, өнеркәсіп өндірісі де жылдан жылға ұлғайып келе жатқан бас қаланы соңғы жылдары ыс-түтек басып, ауа сапасы күрт нашарлап кеткені рас. Дегенмен, қалаға көгілдір отын жеткізіліп, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу қарқын алғалы шаһардың ауа сапасы қайта жақсаратыны анық. Бірақ Нұр-Сұлтанда көмір жағатындар азайып, тұрмыстық қалдықтар өңдеуден өткізіліп жатқанымен, қала төңірегіндегі Ақмола облысының аудан, ауылдарында ауаға таралатын ыс-түтекті азайту, жиналған тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісі қарқын алмаса, елорданың ауа сапасы айтарлықтай жақсарып кетуі екіталай. Әсіресе, астана төңірегіндегі ауылдардың қоқыс мәселесі дұрыс шешілмесе, елорда қоқыстан тазармайды.

[smartslider3 slider=937]

Азия даму банкінің мәліметінше, қазақстандықтар күніне 13 мың тонна, жылына 5 млн тонна қоқыс шығарады екен. Осы көрсеткіш бойынша есептесек, әрбір қазақстандықтың үлесіне жылына 300-450 келі қоқыстан келеді. Қазақстанның «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес елімізде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу 2030  жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жетуі тиіс еді. Бірақ елімізде қоқыс өңделу жұмысының аяқ алысы әлі де сылбыр. Мәселен, 2020 жылғы 3-тоқсанда қайта өңделген және кәдеге жаратылған ҚТҚ үлесі 15, 8 пайызды құраған. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және оны кәдеге жарату жағында Нұр-Сұлтан қаласы ел бойынша алда (30 пайыздан асады) болғанымен, Ақмола облысының бұл жағындағы көрсеткіші 3 пайыз ғана. Демек, Нұр-Сұлтан қаласының ауа сапасын жақсартып, қаланы қоқыстан тазарту үшін қала төңірегіндегі аудан, ауылдардың да тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу қуатын жоғарылату керек.

Соңғы жылдарды «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша, елорда төңірегіндегі 100 мың гектар аумақ жасыл желек жамылды. Бұл қаланың ауа сапасын жақсартып ғана қоймай, қыс болса ақ бораны ұлып тұратын Арқа жерінде желден қорғануға да үлкен септігін тигізді. Алайда қала төңірегіндегі аудан, ауылдарда қоқысты өнімді бір жайлы ету, қайта өңдеу ісіне ден қойылмады. Тіпті, астанаға іргесі тиіп тұрған көптеген ауылдарда күні бүгінге дейін жөнді қоқыс полигондары жоқ. Көбі бұрынғыдай ауылдың шетіне апарып төгеді. Оны сұрыптап, залдысын бір жаққа, керекке жарайтынын бір жаққа екшеп жатқан ешкім жоқ. Үйінің маңында үйілген қоқысты көлікке артып, ауылдың шетіне апарып төге салуға жұрттың еті үйреніп кеткен. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі полигондарда пластмасса, пластика, полиэтилен, полиэтилен терефталат қапшықтарын, макулатура, картон және қағаз қалдықтары, құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды, қорғасын-қышқылды батарейкаларды, электронды және электр жабдықтарын, түрлі-түсті және қара металдарды көмуге тыйым салынған. Мұны да ескеріп жатқан ауыл тұрғындары жоқ. Бәрін жинап апарып, ауылдың шетіне төгеді. Жергілікті органдар оны дер кезінде көметінін көміп, өртейтінін өртеп, бір жайлы етпегендіктен, бір боран соқса, желмен ұшып жоғалады. Қатты боран соққан сайын астананы қоқыс басып қалатынының бір себебі – осы. Өйткені ауылдарда жөні дұрыс қоқыс полигоны жоқ. Жоғарыда атап өткен 2019 жылғы жарлыққа сәйкес тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, түрге айырып жинауға шарт-жағдай мүлде жоқ. Нақтылап айтсақ, тек астана төңірегіндегі ауылдар ғана емес, Қазақстандағы барлық ауылдардың маңы күл-қоқыс полигонына айналып кеткен. Ауыл тұрғындары тұрмыстық қалдықтардан бастап малдың қиына дейін сонда төгеді. Өлген малдың жемтігі де сонда апарылады. Соның әсерінен ауылдарды қара шыбын басқан. Елді мекендердің басым бөлігінде қалдықтарды залалсыздандыру жұмысы жүргізілмейді, қоқыс полигондарының шекаралары анықталып, қоршалмайды. Контейнерлер туралы сөз қозғаудың өзі басы артық әңгіме. Ауыл іргесінде шашылған қоқыс­ты, целлофандарды жеп, мал өлетін жағдай да жоқ емес. Оны қадағалап, қалыптасқан жағдайды өзгертуге әрекет жасап жатқан ешкім жоқ. Былайша айтқанда, тұрмыстық қалдықты өңдеу тек ірі қалалардың іргесінен арыға бара алмай тұр.

Қорыта айтқанда, бас қаланың орта тазалығын жақсартып, ауа сапасын жақсарту үшін тек қана Нұр-Сұлтан қаласының орта тазалығына көңіл бөлу жеткіліксіз. Керісінше, бас қаланың төңірегіндегі, яғни 200 шақырым аумақ ішіндегі қала, аудан, ауылдардың орта тазалығына баса назар аударып, ыс-түтек көздерін азайту, қоқыс өңдеу қуатын арттыруға ден қойған жөн. Ауылдардағы қоқыс полигондарын тегін контейнерлермен қамтамасыз етіп, оны уағында тазалап тұруға арнаулы мекемелерді жауаптандырған дұрыс. Ал Қазақстандағы қоқыс басқан ауылдардың жағдайы – мемлекет баса назар аударатын маңызды мәселелердің бірі. Өйткені дала ластанса, қала қоқыстан көз ашпайды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button