Ел тынысы

іс-шаралар нақтыланды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы бастамашы болған Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберіндегі іс-шаралар жоспары қаралды. Қабылданып жатқан іс-шаралар туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндады.

Инновациялық навигатор қалай дайындалды?

Атап айтқанда, ол жұмысшы мамандықтары қазақстандық еңбек нарығының негізі болып қала беретінін хабарлады. Барлық жұмыс істейтін қазақстандықтардың жартысынан астамының (52%) кәсіптік немесе техникалық білімі бар. 2,3 млн-ға жуық адам 2 мыңнан астам жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Мамандарға деген жоғары сұраныс көптеген бос жұмыс орындарымен байланысты, өткен жылы 270 мыңнан астам бос жұмыс орнын құрады. Жұмысшы кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда көбірек сұранысқа ие. Сонымен қатар актуарлық модельдер негізінде жасалған болжамдар таяу жылдары жұмысшы кадрларға деген қажеттілік тек арта түсетінін көрсетеді. Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам деп бағаланады, оның ішінде жартысынан астамы – кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлер, олардың 400 мыңға жуығы – жұмысшы мамандықтар.

Кадрларды даярлауды, оның ішінде жұмысшы мамандықтарды неғұрлым тиімді жоспарлау мақсатында ми­нистрлік жобалардың инновациялық навигаторын әзірледі. Платформа кадр­ларға деген қажеттілікті болжауға, сондай-ақ еңбек нарығының сұраныс­тарын техникалық және кәсіптік білім беретін (ТжКБ) ұйымдарда мамандар даярлаумен үндестіруге мүмкіндік береді. Бүгінде платформада 755 инвестициялық жоба қамтылып, 150 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Талдау әртүрлі аймақтардағы еңбек нарығының қажеттіліктері мен колледж студенттері (ТжКБ) түлектерінің арасындағы үлкен алшақтықты көрсетті.

Сондай-ақ Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграция аяқталды және олардан деректер түскеннен кейін кадрларды даяр­лауды мемлекеттік бюджет есебінен іске асырылатын жобалармен үндес­тіріледі. Кадрлардың дайындық сапасын қамтамасыз ету үшін министрлік жұмысшы мамандықтар бойынша 1,6 мың кәсіптік стандартты жаңартты. Олардың негізінде білім беру бағдарламаларының 87%-ы жаңартылды. Еуропа стандартының (ESCO) қолданылуымен 12 мыңнан астам дағдыны қамтитын электрондық дағдылар банкі құрылды. Биыл тағы 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылады. Біліктілікті тануды бағалау 4 тәуелсіз орталықтың базасында басталды. Биыл тағы 5 орталықты, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша 2 орталықты ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Enbek» платформасы жұмысшы мамандықтары бойынша дағдыларды дамытуға да белсенді ықпал етеді. Кәсіби мансапты таңдау және өзінің мансаптық траектория­сын басқару үшін мамандықтар, жалақы, білім беру талаптары, оқу орындарының рейтингі және басқалар туралы егжей-тегжейлі аналитикасы бар «Мансап компасы» жобасы іске асырылуда.

Кәсіптік оқыту қалай жүргізіледі?

Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік оқыту және жұмыс орнында оқыту белсенді дамып келеді. Биыл 12 мыңға жуық адам осындай курстардан өтеді. Студенттердің практикалық дағдысын игеру үшін біз электрондық еңбек биржасында өндірістік практиканың функционалын іске қостық. Онлайн оқыту платформасында бүгінде 643 онлайн курс қолжетімді, ал оқытудан 410 мың адам өтті. Министрліктің жоспарында жұмысшы мамандықтары бойынша және өндірістік практика үшін VR және AR-технологияларды пайдалана отырып, практикалық курстарды іске асыру міндеті де бар. Қанатқақты жоба Қонаев, Өскемен, Түркістан, Астана және Шымкент қалаларының мансап орталықтарында іске асырылады.

Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес тәлімгерлік институтын дамыту, бос орындар жәрмеңкесін өткізу, оқушылар мен техникалық-кәсіптік білім беретін мекемелерінің (ТжКБ) студенттерін жұмыс іздеу және жұмысқа орналастыру дағдыларына оқыту көзделген. Жұмысшылардың құқығын қорғауды күшейту үшін әлеуметтік әріптестермен бірлесіп мынадай іс-шаралар іске асырылады: еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы цифрлық мониторинг арқылы өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру, кәсіпорындарға тәуекел класын бере отырып, кәсіптік тәуекелдерді интегралды бағалауды енгізу, сондай-ақ оқытуға және білімді тексеруге қойылатын талаптарды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту.

Еңбек қатынастарының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілердің штат кестесін орналастыруын, еңбек және ұжымдық шарттар жасасу рәсімдерін электрондық форматқа ауыстыруды көздейтін еңбек қатынастарын декларациялау тетіктерін енгізу жоспарлануда.

Халықаралық еңбек ұйымы ынтымақтастық шеңберінде заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды көздейтін лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары іске асырылады.

Жұмысшы мамандықтары саласындағы маңызды жобалардың бірі – кәсіпорынның цифрлық картасы. Бұл нақты уақыт режимінде кәсіп­орындардағы тәуекелдерді алдын ала анықтауға және алдын алу шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Модельде 60-тан астам қаржылық, әлеуметтік және еңбек көрсеткіштерін қоса алғанда мәлімет қолданылады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button