Басты ақпарат

ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ

Әдебиет әлемі ғасырлар жүгін арқалап келе жатқан алып керуенге ұқсайды. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтар еңбек еткен киелі әлемнің теңдессіз құпиялары маржандай қазақ сөзінің тереңінде жатты. Уақыттың ағысы әдебиетіміздің керуенбасы саналатын осынау сөз зергерлерінен кейін де қазақтың рухани әлеміндегі әдеби тұлғаларды қалыптастырды. Бұл уақытта қазақ әдебиеті жаңа бір белеске көтеріліп, айтарлықтай абырой-беделге ие болды. Ұлт тарихындағы қазақ әдебиеті өзгеше сипат алды. Сондай әдеби тұлғалардың ішінде жазушы-драматург Дулат Исабеков те бар еді.

Жазушы өз заманының жыршысы дегенді жиі айтамыз. Дегенмен, шынайы жазушының басты кредосы қандай тақырыпқа қалам тербесе де, мейлінше сазды да сұлу етіп жазу болмақ. Сүйекке біткен, қанға сіңген бекзада өнер ғана жазушының идеясын талғам таразысына салмақ, өзін таным тұрғысынан тәрбиелемек. Дүниеде жазушыдан өткен сезімтал да сергек сезім иесі болмаса керек. Олар, әрине көп емес, сол көп еместің тағы бірі – Дулат Исабеков.

Мен Исабековтің шығармаларынан және болмысынан осы қасиеттерді көремін, әсері де айрықша. Шынында, ол Исабековке ғана лайық, оның шығармалары Дулаттың қаламынан ғана туатын дүниелер болуға тиіс еді. Оның болмысы кейде маған ақшам мен бесіннің арасында тамызға қарап күрсініп, қарашаға қарай мұңайып беттеп бара жатқандай болады. Енді қыс қамытынан мойны жіңішкеріп шығатын адамзаттың тағдыры жайлы толғанып жүргендей сезіледі. Бұл екі мезгілдің ортасында күн күркіреп, көктемнің кіндігі кесілгенше де талай уақыт бар екенін де білетіндей. Таң торғайының шырылдағанынан бастап, қонар ұясына қайыра ұшқанға дейінгі тіршілігінің өзіне-ақ тамсанатын үлкен жүрек. Басқасын айтпағанда, Жасынның тіліп түсер жасын мінезін, жай отындай жарқылын қалай ұмытарсың. Ал, көргенің үшін көзақы беруге тұрарлық Бағила қыздың келбеті қандай еді… Жасынның Бағилаға деген алғаусыз сезімі ше?! Нағыз өмірдің өзі, өмірден жасалған өнер.

Еңсесін тіктей бастаған күз мезгілі дүниенің бәріне мырзақол сахилықпен  жағып шыққан жасыл бояуын енді біртіндеп өзі сүртіп ала бастағандай қазір. Әрқашан өмір пәлсапасы осыны дәлелдейді. Дүниеде дәурен мәңгілік емес болса да, жазушының шығармалары ғасырлармен бірге жасай берері шындық. Жазушы Исабеков солардың санатынан.

Дулат Исабеков биыл жетпіс жаста. Өзінің алғашқы әңгімелерімен-ақ әдебиет әлеміне тың серпін ала келген жазушының мерейтойын Алматы қаласынан кейін Астана жұртшылығы тойлады. 26 қазан күні Конгресс-холл сарайында жазушының жетпіс жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Мерейтой иесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын жеткізген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай жазушының қолына Президенттің арнаулы сыйлығы – алтын сағат тақты. Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің құттықтау хатын жазушыға мәжіліс депутаты Алдан Смайыл жеткізді. ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің құттықтау хатын премьер-министр кеңсесі бөлім меңгерушісінің орынбасары Жолтай Әлмашұлы оқып беріп, мерейгердің иығына қазақы салтпен шапан жапты. Одан кейін қазақ әдебиетінің классигі атанған көрнекті жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов көлемді баяндама жасап, жазушы Дулат Исабековтің қаламгерлік қабілетін кеңінен сөз етті. Азаматтық болмысына барынша тоқталды. Кештің бір ерекшелігі дейтін дүние, «Қазақфильм» киностудиясы шығарған «Исабеков әлемі» атты деректі фильмнің көрсетілуі еді. Фильм барша ғұмырын сөз өнеріне арнаған қаламгердің балалық шағынан бастап жазушы ретінде қалыптасқанға дейінгі өмір жолынан сыр шертеді. Әрбір шығармасының жазылу тарихын кеңірек әрі қызғылықты етіп баяндайды. Кештің жүргізушісі, ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов жарасымды әзілімен көпшілікке көтеріңкі күй сыйласа, Алтынай Жорабаева, Тамара Асар секілді танымал эстрада әншілері Астана жұртшылығын әсем әндерімен тербетті. Кеш соңында сахнаға көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, мерейтой иесі Дулат Исабеков шығып, жиналған көпшілікке рахмет айтып, өз ризашылығын білдірді.

Жазушы үшін шығармаларының халық ықыласына бөленіп, өз оқырманын тапқанынан асқан бақыт болмаса керек. Бірақ, ол бақыт тек шынайы таланттарға ғана бұйырған. Олардың ішінде сөз жоқ Дулат Исабеков те бар.

 Хамит ЕСАМАН

 

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button