Исабековке тағылған испан ордені
Ұлттық академиялық кітапхананың Конституция залында елордадағы «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабековті Испания Корольдігінің Католиктік Изабелла орденімен марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шараға қазіргі классик жазушы Төлен Әбдік, танымал ғалым-жазушы Қойшығара Салғараұлы қатарлы ірі тұлғалармен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, жазушы, аудармашы Өтен Ахмет сияқты зиялы қауым өкілдері мен шетелдік қонақтар қатысты.
Ал салтанатты шара барысында Испания Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Луис Франсиско Мартинес «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Сәрсенбіұлына Испания Корольдігінің Католиктік Изабелла орденін табыс етті. Нұрлан Исабеков болса, елшінің иығына қазақы шапан жауып құрмет көрсетті. Сонымен бірге Ұлттық академиялық кітапханаға «Фолиант» баспасы мен Испания Елшілігі 1000 кітап сыйға тартты.
Іс-шара тізгінін ұстаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы Әлібек Асқаров Нұрлан Исабековке тағылған Католиктік Изабелла орденінің – ғылым, мәдениет және білім саласындағы халықаралық деңгейде елеулі жетістіктерге қол жеткізген тұлғаларға берілетін жоғары марапаттардың бірі екенін атап өтті. Әрі бұл марапат – Нұрлан Исабековтің баспа саласына сіңірген еңбегінің халықаралық деңгейде танылуы және Қазақстан мен Испания арасындағы мәдени және әдеби байланыстарды нығайтуға қосқан үлесінің нәтижесі екендігіне тоқталды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ