Басты ақпаратМәселе

Ішкі туризм күшті туризм болмай тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөніндегі кеңесте туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін айтты.

«Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорт­тық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр» деген Президент елдегі туризмның баяу дамып жатқанын сынға алған болатын.

Елдің көңілі тола ма?

Шын мәнінде елдегі туризм бағыты бойынша істеліп жатқан жұмыстарға елдің де көңілі тола қоймайды. Олардың бірі жүретін жолдың сапасыздығын сынға алса, енді бірі саяхат орындарында интернет сапасының төмендігін айтып шағымданады. Осыған орай біз бас қаламыздағы ішкі туризм қалай дамуда, ал оның дамуына қандай жағдай жасалып жатыр деген сұрақты Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Өмірұзақ Тілеужанға қойған болатынбыз. Ол бүгінгі таңда Астана қаласында туристердің қарқынды өсуі байқалатынын айтады.

– 2023 жылдың қорытындысы бойынша туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 12,3 пайыз­ға артып, 1 324 047 адамды құрады. Оның ішінде шетелдік туристер – 287 126 адам болса, ішкі туристер – 1 036 921 адамды құрап отыр. Сонымен қатар елге келушілердің үздік 5 елі ретінде Ресей, Түркия, Қытай, Германия және АҚШ сияқты мемлекеттердің азаматтары тіркелгенін айта кеткіміз келеді. Соның нәтижесінде әуе жолаушылар ағыны 25 пайызға артты. Сондықтан да қазіргі таңда туристік инфрақұрылымды дамыту, туристердің елордада жайлы болуын арттыру шеңберінде «Red Bus» экскурсиялық автобустары жүруде. Олар аудиогидтермен жабдықталған, онда экскурсия туристерге 8 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, қытай, неміс, түрік, француз, испан) ұсынылады. Бұдан бөлек, қалада «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында және «Бәйтерек» монументінде турис­тік ақпараттық дүңгіршектер бар. Ал «Astana City Pass» турис­тік картасы жобасы қаланың көрікті жерлеріне барудың қолжетімділігін арттыруда. Аталған турист картасы 11 мәдениет нысандарына 70 пайызға дейін жеңілдікпен баруға мүмкіндік береді. Карта құны: 24 сағатқа – 9 990 теңге, 72 сағатқа – 13 990 теңге. Сонымен қатар қалада izi.TRAVEL халықаралық платформасы да өз жұмысын жүйелі жасап тұр. Әрі туристерге арналған қызметті жақсарту мақсатында visitastana.kz ақпараттық жүйесі құралған. Бұл сервистің арқасында туристер әуе билеттерін сатып алу, тұру орындарын брондау мүмкіндігіне ие бола алады. Сондай-ақ, 2GIS компаниясымен интеграциялаудың арқасында қаламызға келушілер көрікті жерлер тізімін қарап біле алады. Міне мұның бәрі де туризмді дамыту бағытында істеліп жатқан жұмыстардың қатарына кіреді, – дейді
Ө.Тілеужан.

Ал қазіргі таңда ішкі туризмді дамыту мақсатында елорданың туроператорлары ұйымдас­тыратын 79 түрлі туристік маршруттар іске қосылған. Маршруттарға Ақмола облысына (Бурабай курорты, Зеренді, Бұйратау ұлттық паркі, Селета каньоны, Родина ауылы және т.б.), Қарағанды облысына (Қарқаралы, Қорғалжын қорығы, Балқаш), Павлодар облысына (Баянауыл), сондай-ақ тарихи турлар (АЛЖИР лагері, КарЛаг лагері, Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі, Қабанбай батыр кесенесі) және атқа міну турлары кіреді. Туристік бағыттардың орындарына туристер туроператордан (автобус) ұйымдас­тырылған трансфер арқылы немесе өз бетімен (автокөлік, пойыз) жете алады.

Астана маңындағы демалыс қандай?

Сонымен қатар Астана маңайын­да жазда бассейндерде, сауналарда және таза ауада демалуға, ал қыста әртүрлі іс-шараларды өткізуге (қарда жүретін көлік айдау, шаңғы трассасы, мұз айдындары) мүмкіндік беретін көптеген демалыс орталықтары бар.

Алайда гид қызметкері Қымбат Тастанбек Астанаға келген шетелдік туристердің көбінде қазақтың тұрмыс-тіршілігін көрсететін орындарда демалып, саяхаттағысы келетінін айтады.

– Мен осы Астана қаласында ұзақ жылдар бойы гид болып жұмыс істеп келе жатырмын. Сонда бір байқағаным, көбінде елордамызға келген шетелдік қонақтар ұлттық асханаларымыздың қымбат екенін айтып жатады. Екінші жағынан бізге қазақтың ұлттық үлгіде жасалған қонақүйлері бар ма деп сұрайды. Міне сол кезде біз қай жерді көрсететінімізді білмей жатамыз. Менің ойымша енді қаланың маңайынан қазақы нақышта жасалған, іші де қазақ киіз үйлерінің үлгісіндегі қонақүйлер болса тіпті де керемет болар еді. Әрі тағамдары мен жатын орны да қолжетімді болса, онда біздің қаламызға туристер тіпті де көп ағылып келер еді, – дейді ол.

Ал, Астана тұрғындары шетелдіктерді қоя тұрып, өзіміз Алматының Шарын шатқалы сияқты көрікті жерлерімізді көруге бару үшін мың сан әуреге түсеміз. Пойызбен бару үшін ертерек алып қоймасаң, билет табылмайды, билет табылса, қымбатқа түседі. Оның үстіне бізде Астанадан Алматыға апаратын турлар жоқ. Алматыға жетіп алып, әрі қарай турлар арқылы немесе автокөлікпен жетуге болатынын айтады.

Жұрт неге шетел құмар?

– Біз жыл сайын жолдасым екеуіміз еліміздің көрікті жерлерін аралауды әдетке айналдырған болатынбыз. Бірде Алакөлге барсақ, енді бірде Көлсай, Шарын шатқалдарына барамыз. Биыл Астанадан Алматыға жетіп алдық та әрі қарай жеңіл көлікпен Шарынға тарттық. Ал туроператорлармен  сөйлескенмен, олардың бағасы бір адамға 18 мың теңгеден басталады екен. Оның үстіне Шарынға барғанда күн салқын болып тұрмаса, қапырық ыстық қолқаңды қабады. Әрі ондай жағдайда бастап барған гидтер де тездетіңіз деп адамды асықтырады. Сондықтан да жеке көлік жалдап барған тиімдірек болды бізге. Егер қонамыз дейтіндер болса қайтадан Алматыға қайтса болады немесе Шарынның ар жағындағы Шонжы Ұйғыр ауданына барып қонуына болады екен. Алайда менің ойымша Шарын шатқалында туристерге жасалған жағдай мүлдем жоқ деуге болады. Өйткені демалатын, отыратын орын немесе саябақтар жоқ. Шіркін, Шарын өзенін жағалатып отырып, қонақүйлер салып, өзеннің әрбір жерінен көпірлер салып қойса, қандай керемет болар еді. Қазір Шарынға барған адам табиғи көріністерден өзге ештеңе де көре алмайды, – дейді Гүлназ Орынбасар.

Әрине, ішкі туризм бағытын дамыту үшін бір қаладан екінші қалаға баратын жол да, көлік те ыңғайлы болуы – басты шарт. Қазіргі таңда Шарын сияқты басқа облыстардың көрікті жерлеріне алып баратын Hangout Tour, Astana Travel, Active Tours KZ сияқты бірнеше туроператорлар бар. Алайда біз хабарласқан бір-екеуі Астанадан Алматыға бару қызмет құнының өзін ақтамауына байланысты жұмыстарын тоқтатып, басқа жаққа адамдарды апарып жүргендерін айтты.

Дейтұрғанмен, елдің бәрі демалу үшін міндетті түрде Шарынға бару шарт емес. Демаламыз деген адамдар үшін Астананың маңайында да туристік нысандар жеткілікті. Мысалы соның бірі – Қосшыдағы «Тау Парк» демалыс орталығы. Онда адамдардың емін-еркін демалуына барлық жағдай жасалған. Тағамдарының бағасы да тұрғындардың қалтасына салмақ салмайды.

– Біз тура Нұра өзенінің бойын­да орналасқанбыз. Тұрғындар келіп суға түссе де, өзен бойында дастархан жазып, түрлі іс-шаралар ұйым­дастырса да, бәріне жағдай жасалған. Қазан-ошақты өзімен бірге алып келмеген жағдайда бізден жалдап алуға болады. Олардың құны өз қызметіне қарай ыдыс-аяқ 500 теңгеден, қазан-ошақ 8000 мың теңгеге дейін, мангал 6000 теңгеден жалға беріледі. Сондай-ақ бізде ат мініп серуендеуге де болады. Ат мінудің құны – 15 минутқа 3000 теңге. Бір сағаты – 8000 теңге. Сонымен қатар садақ атуға да, ыстық парға түсуге де болады. Бір сөзбен айтқанда келушілердің демалуға арналған барлық қажетін өтеуге әзірміз, – дейді демалыс орнының қызметкері.

Бұдан бөлек Астана маңында Tengovka Ethno, Barn house Astana, BalQaragai, Құлагер, Jailau Resort қатарлы 40-қа жуық демалыс орындары бар.

Қызмет сапасы тәуір ме?

Дегенмен ішкі туризмның қарқынды дамымай жатқандығының да бір себебі – келу­шілердің көңілінен шыға алмау. Өйткені бізде көбінде халық демалыс орындарындағы тамақ пен жатын орындардың қымбаттығына шағымданса, енді бірі берген ақшамызға сай қызмет көрсетпеді деп кейістік танытып жатады. Мұның бәрі де шын мәнінде туристік нысандардың жіберген олқылықтарынан орын алып жатқан мәселелер деуге болады. Оның үстіне шетелден келген туристер көргісі келіп, арнайы ат басын бұратын Астанада 4 және 5 жұлдызды қонақүйлердің жетіспеу мәселесі де бар. Өйткені туристер тарапынан осындай санаттағы қонақүйлерге сұраныс көп. Жалпы, Астана қаласында 257 қонақүй бар. Оның ішінде бесжұлдызды қонақүйлер саны – 8. Ал төртжұлдызды 11 қонақүй бар. Сондықтан да жыл сайын елімізге келген туристердің санын айтып, ауызды құрғақ шөппен сүрткеннен гөрі, соларға көрсетілген қызметтің сапасы туралы көбірек айтып, мақтанатын кез келді. Сонда ғана туризм тұраламай, тура дамымақ.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button