Іске асатын ірі инвестициялық жобалар мәселесі қаралды

Астаналық Кәсіпкерлер палатасында елордадағы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы негізгі мәселелер қаралып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту мен инвестиция тарту мәселесін атаған еді. Осы бағытта мемлекет тарапынан бірқатар шаралар қабылданғанымен, кәсіпкерлер әлі де әкімшілік кедергілерге тап болуда. Мәселен, 2024 жылы Астанада жалпы құны шамамен 2,3 трлн теңгені құрайтын 129 инвестициялық жоба болған. Бұл – елдегі барлық жобалардың 11%-ын құрайды. Алайда көптеген жобалардың іске асуы бюрократиялық кедергілерге байланысты қиындықтарға ұшырауда.
Кеңес отырысында құны 9 млрд теңгеден асатын жеті инвестициялық жобаның проблемалық мәселелері қаралды. Олардың ішінде балабақшалар, спорт кешендері және медициналық орталықтар сияқты әлеуметтік нысандар бар. Мысалы, Astana Kindergarten компаниясының 240 орындық балабақша құрылысы сәулет-жоспарлау тапсырмасын ала алмауына байланысты тоқтатылған. Қолданыстағы нормаларға сәйкес, ғимарат екі қабатты болуы керек, алайда 240 баланы орналастыру үшін үш қабат қажет.
Осындай коммуналдық-инфрақұрылымдық мәселелерге Beren-En, TrueHockey, SKY Project Group және Mergen Arena спорт кешендерін салумен айналысатын төрт компания да тап болған. Сондай-ақ, Cynosure компаниясы Катар инвесторларының қатысуымен медициналық орталық салу барысында қиындықтарға кезікті.
TrueHockey компаниясының басшысы Еркебұлан Абуовтың айтуынша, спорт кешені спортшыларды былтыр күзде қабылдай бастауы керек болған. Алайда инженерлік желілердің жоқтығынан құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Енді жергілікті атқарушы органдар келісімді бұзуды жоспарлап отыр.
– Біздің инвестициялық жобамыздың аяқталу мерзімі 2025 жылдың қыркүйегіне белгіленген. Біз жобаны әзірлеп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге үлгермедік. Егер дәл қазір құрылыс басталған күннің өзінде, жоба инженерлік желілерсіз қалып, жұмысын бастай алмас еді. Яғни, нысанды пайдалануға беру мүмкін болмас еді. Келісім 2022 жылы жасалды. Коммуникация желілерін ұйымдастыру мәселесін біз әу баста көтердік. Жауапты мемлекеттік органдарға жүгіндік. Бізге қосылу нүктесі берілді, бірақ ол бізден 2-3 шақырым қашықтықта орналасқан, – деді Е.Абуов.
Кеңесте қаралған мәселелер мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасында тиімді өзара іс-қимыл орнатылған жағдайда көптеген проблеманың жедел шешілетінін көрсетті. Мысалы, Cynosure ЖШС-не қатысты мәселе қалалық Сәулет басқармасы тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін оң шешімін тапты. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жіберілген ұсыныстар әзірленді.