Жаңалықтар

Іске сәт, жаңарған мәслихат!

Астана қалалық мәслихаттың VI шақырылымдағы депутаттары жұма күні жұмысқа кірісіп, алғашқы сессиясын өткізді. Бұл жиынға Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қатысып, жаңа құрамға сәттілік тіледі.

KBB_4401

– Қалалық мәслихаттың жаңа депутаттарын шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге халық үміт артып, сайлап отыр. Елдің сенімі үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан мемлекеттің игілігі мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру жолында екпінді еңбек ететіндеріңізге сенемін. Елбасы елорданың дамуына ерекше көңіл бөліп, алдымызға ауқымды міндеттер қойып отырғанын білесіздер. Бұл шаруаларды абыроймен алып шығу үшін бәріміздің бірлігіміз бен күш-жігеріміз қажет,– деді қала әкімі.
Бұдан кейін Әділбек Рыскелдіұлы V шақырылымдағы мәслихаттың депутаттарына қызметін табысты атқарғаны үшін алғысын білдірді.
–Бесінші шақырылымдағы мәслихат депутаттары Астананың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Былтырғы бір жылдың өзінде депутаттар 65 сессия өткізді. Онда 475 мәселе қаралды. Тұрақты комиссиялардың 165 отырысында қаланың дамуына қатысты бірталай түйткілдің түйіні шешілді. Бұл дегеніңіз еселі еңбек. Ал бұған дейінгі мәслихаттың хатшысы болған Сансызбай Есілов өздеріңізге жақсы таныс. Ол қырық жылдан астам уақыт бойы мемлекеттің игілігі үшін қызмет етті. Қаланың қалыптасуына өзіндік қолтаңбасы бар Сансызбай Сейтжанұлы «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері, – дей келе қала әкімі оның иығына шапан жауып, құрметпен шығарып салды. Бұрынғы құрамда депутат болғандардың бәрі әкімнің қолынан алғыс хат алды.
Ал қалалық мәслихаттың VI шақыры­лы­мының алғашқы сессиясында тұрақты комиссияларды құру, мәслихат хатшысын сайлау, келесі сессияның күн тәртібін бекіту секілді мәселелер қаралды.
Астана қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Игілік Жалбыров 20 наурызда өткен қалалық мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытындысын жариялады. Оның айтуынша, Астанада 213 сайлау учаскесінде дауыс беру жүргізілген. Сайлаушылар тізіміне 400445 сайлаушы енгізіліп, дауыс беруге 296 364 адам қатысқан. Яғни, бұл – сайлаушылардың 74 пайызы. Ал 1821 сайлаушы дауыс беруге арналған орыннан тыс жерде дауыс берген.
Жалпы қалалық мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру барысында 4 аумақтық, 213 учаскелік, 25 аймақтық сайлау комиссиялары құрылып, оған барлығы 1694 адам тартылған.
Аймақтық сайлау комиссиясы 121 депутаттыққа үміткерді тіркеген. Тіркеуден кейін 23 кандидат өз өтініш­тері бойынша кандидаттықтан бас тартқан. 42 үміткер заң бұзу­шы­лықтарына байланысты үміткерліктен алынып тасталған. Осылайша, 25 депутаттық мандатқа 56 кандидат түскен. Оның 27-сі – саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден болса, қалғаны өзін-өзі ұсынғандар. Сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, сайлау әділ әрі ашық өткен. Оған 1400 бақылаушы қатысқан.
Жұртшылықтың көп дауысын алып, алтыншы шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаты болып отырған азаматтардың бәрі «Нұр Отан» партиясының мүшесі екен. Олардың ішінде 6-уы – әйелдер.
25 депутаттың 20-сы – қазақ болса, екеуі – орыс, біреуі – неміс, бір татар және бір корей ұлтының өкілі бар.
Барлық депутат жоғары білімді. Соның ішінде 4 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты болса, халық қалаулыларының 36 пайызы экономикалық, 24 пайызы – инженерлік білімі бар. Сондай-ақ, жаңа құрамның ішінде мұғалімдерді де, дәрігерлер мен заңгерді де көруге болады.
Бұдан кейін депутаттық куәлігін қолдарына алған халық қалаулылары қызметіне кірісіп, алғашқы сессияның күн тәртібін бекітті. Олар бірауыздан Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, депутат Жанат Нұрпейісовті VI шақырылымдағы қалалық мәслихаттың хатшысы етіп сайлады.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тұрақты комиссиялар құрылып, оның төрағалары мен құрамы бекітілді. Атап айтқанда, Заң, құқық тәртібі және қоғаммен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Гайдар Касенов, Бюджет, экономика, өнеркәсіп, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Мирас Шекенов, Құрылыс, экология, көлік, сауда, тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Сәрсембек Жүнісов және әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып депутат Мәжит Шайдаров сайланды.
Ал келесі сессияның төрағасы ретінде депутат Мирас Шекеновтың аты аталып, бұл отырыста индустриалдық-инновациялық қызмет төңірегіндегі мәселелер қаралатын болып шешілді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button