Имантаразы

Ислам діні жауған жаңбыр сияқты

– Барша мұсылманның ұлық мейрамы Құрбан айт та келіп жетті. Бұл мерекені Жаратушы иемізге жақындау күні дейміз…
– Иншалла, Құрбан айт мерекесі діни мәдениеттің көзіне айналды десе болады. Кешегі келмеске кеткен қызыл империя тұсындағы «дін – апиын» деген заманда қанша жерден тосқауыл қойғанына қарамастан, салт-дәстүрімізге сіңіп, қалыптасып кеткен құрбан шалуды ата-бабаларымыз атадан мирас етіп, ұрпақтан-ұрпаққа алып келді. Бүгінде бұл мейрам діни жоралғы ретінде қазақтың мәдени өмірінде айшықты орын алып, кең көлемде атап өту үлкен үрдіске айналды. Оған мемлекет тарапынан да үлкен көңіл бөлініп отыр. Елбасы Н.Назарбаев Құрбан айтты діни мереке ретінде ресми белгілеп беріп, «Еңбек туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Құрбан айттың бірінші күнін ресми түрде демалыс етіп жариялады. Осыған сай әр аймақтағы әкімдіктер арнайы құрбан шалатын орындар белгіледі. Бүгінде Нұр-Сұлтанда мал союға арналған жеті стацио­нар­­лық орын ашылды. Бұл да халықтың сұранысын қанағаттандырудың бір көрінісі.
– Құрбандық шалған кезде соны мақтаныш тұтқандай суретке түсіп, селфилетіп жатады. Осы қаншалықты дұрыс?
– Көңілге қаяу түсіретін жағымсыз үрдіс кең қанат жая бастады. Құран Кәрімнің хаджы сүресінің жиырмасыншы аятында: «Аллаға сіздердің шалған құрбандықтарыңыздың қаны, еті жетпейді. Алланың алдына жететіні – ол сіздердің тақуалықпен, ықыласпен шалғандарыңыз» делінген. Яғни құрбандық дегеннің өзі – Аллаға жақындау үшін құлшылық ретінде жасалатын ықылас. Құлшылықты жария үшін жасасаңыз, оның сауабынан айырыласыз. Сондықтан селфиге түсу – ықыластан айыратын іс. Ондай әрекеттен іргені аулақ салған жөн. Өйткені құлшылық әрқашан ықыласпен істелінсе, нұр үстіне нұр. Құрбандығыңыз қабыл болуы үшін ниетіңіз дұрыс болу керек. Ниет – ол құрбандық арқылы тәңірге деген шүкіршілігімізді, тәубамызды білдіру.
– Құрбан айт кезінде қаншама мал сойылып, ішек-қарнын рәсуа етіп лақтырып жатады. Бұл ысырап әрі обал емес пе?
– Негізі, нәсіп еткен нығ­метті ысырап жасамай толық қолдану – ол мұсылманның міндеті, тіпті борышы. Қалалық жер болғандықтан, ішек-қарынды аршып отыратындай жағдай жоқ та шығар. Сол себептен ішек-қарынды тастауға мәжбүр болады. Дегенмен стационарлық орындарда ішек-қарын аршитын қызмет түрлері қалыптасып келе жатыр. Ақысын төлесе, ішек-қарынды тазалап береді. Осындай мүмкіншілікті пайдаланған абзал.
– Маңайды қызыл ала қанға боямай, базардан да­йын сойылған малдың етін ала салуға болмай ма деген де пікірлер айтылып жүр…
– Құрбандық шалудың ерекшелігі сол, арналған мал айт намазы оқылғаннан кейін со­йылады. Оған дейін сойылған мал құрбандыққа жатпайды. Елордада айт намазы 11 тамыз күні таңғы сағат 7.00 деп белгіленіп отыр. Егер айт намазынан бұрын сойып қойса, жай өзі үшін сойған ет сияқты болып қалады. Сондықтан құрбандықтың сауабына кенелу үшін айт намазынан кейін сойылуы керек.
– Мектеп бағдарламасына дін сабағын енгізу керек де­се, біреуі қажет емес дейді…
– Мектепте факультативтік негізде жүргізіліп жатқан дінтану пәні бар. Ол – керек сабақ. Дінтану дегенде бір нәрсені түсініп алуымыз керек. Бұл исламтану деген сөз емес. Жұрт исламды оқытады, дінді үйретеді, діндар адам шығарады деп үрейленеді. Тіптен олай емес. Дәстүрлі дін деген не? Оның қандай негіздері бар? Соны білу керек. Міне, осы бағытта оқушының діннен мағлұматы болуы керек. Өйткені дәстүрлі діннің негіздерін білмесе сектаға жолығып адасады, жат ағымның жетегінде кетіп қалады. Жасыратыны жоқ, геосаяси мақсатта құрылған мемлекеттің құрылымына кері әсерін тигізетін жат ағымдар бар. Адамдар оның ырқында кетіп, ілімі жастайынан санасына сіңіп қалса, дұрыс жолға салу өте қиын болады. Ал ислам дінін тереңдетіп оқығысы келсе, ислам дініне сауатын ашуды ниет етіп, соған ұмтылған жастар болса, онда мешітіміздің есігі ашық.
Бүгінде мұсылман елдері бойынша үлкен проблема жастардың некесіз жыныстық қатынасқа түсуі болып отыр. Бұл үлкен алаңдатушылық тудыруда. Бұған бір себеп – ақпарат ағынының көптігі, әлемге ақпарат есігінің айқара ашылуы. Теледидар көрме десең, ғаламтордан көреді. Сондықтан бірінші кезекте ата-аналар институтын дамытуымыз керек. Тәрбие отбасынан шығады ғой. Ата-­ана­сын тыңдамаған қыз басқа кімді тыңдайды? Қазақта «Қыз­ға қырық үйден тыйым» де­ген тәмсіл бекерден-бекер айтылмаған. Отбасында көрген тәрбие мықты болмаса, қалғаны бекер.
– Дінімізге, салт-дәс­тү­рімізге берік халық едік. Қа­зақ қыздары өзге ұлтқа тұрмысқа шығып жатыр. Бұған не уәж айтар едіңіз?
– Рас, діні өзгеге шығу менің жүрегімді жаралайды. Діні өзгеге шықса, одан туған ұрпақ өзге дінде тәрбиеленіп кете ме деген үрей басым. Неге дінді айтып отырмын. Дін деген – ол кез келген қоғамның күре тамыры, мәдениетінің тірегі. Біздің қазақтың мәдениеті, салт-дәстүріне қарасаң, көп әдет-ғұрыптарымыз діннен негіз алады. Мемлекеттің жү­йесі дінсіз болуы мүмкін, бірақ қоғам ешқашан дінсіз болмайды. Өзге ұлтқа тұрмысқа шығудың бірнеше факторы болуы мүмкін. Жаһандану үрдісінің солақай тәрбиесінің бір кө­рінісі дер едім. Себебі осы та­қы­леттес көрініс бір жерде сән­ге айналса, ұлттық құндылықтарды ысырып қо­йып, соған еліктеп кетушілік басым. Қыздар «жұбымызбен жарассақ жетеді, ұлты маңызды емес» деп таяз ойдың жетегіне ереді. Бірақ дінімізде де теңдік деген нәрсе бар. «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген. Ұлтымызды сақтау үшін жұбай ұлтымыздан таңдалуы керек. Мұсылман баласы болса, онда түсіністікпен қарауға болады. Ең бастысы, діні өзгеге шығып кетсе, ұлт болып сақталуы­мызға қауіп төндіреді.
– Дін мен саясат бөлек деп жатамыз. Алайда қоғамда бір текетірес болып қалған жағдайда дін қызметкерлерінің уағыз айтуы қаншалықты дұрыс?
– Дін адамдары келіп басу айтып жататын кездер болады. Ол керек деп ойлаймын. Кез келген бейбіт бағыттағы митингті теріс бағытқа қолданып, бұзып жіберу оп-оңай. Дін адамын әртүрлі ұлтаралық, дінаралық бүліктерге алып баруы бәлкім, осындай қауіптің алдын алу үшін шығар. Бейбіт өмірдің құны өте қымбат. Оны бағалай білуіміз керек. Дұрыс бағытқа үгіттеп жатса, онда тұрған ешнәрсе жоқ деп ойлаймын. Дін мемлекеттен бөлек дегенмен, біз сол мемлекетте өмір сүріп жатырмыз ғой. Сондықтан ел болашағы үшін имам да жұмыс істейді.
– Қоғамда жемқорлық дерті дендеп кетті. Сол жем­қорларды дін адамдары не­ге сабырға шақырмайды? Әлде сабыр мен шүкіршілік тек сіңірі шыққан кедейлер үшін ғана ма деген пікір айтылып қалып жүр…
– Біз кедей, бай-манап деп таңдап жатпаймыз. Уағыз жалпыға айтылады. Діндегі мақсат – жеткізу. Әрі қарай оны қабылдау түсінігін, танымын, әрекетін түзеу әр адамның еркіне, таңдауына беріледі. Мұхаммед с.ғ.с. налығанда Жаратушыдан құранға арнайы аят түсті: «Саған тек жеткізу ғана бұ­йырылды. Тура жолға салу – ол Алла Тағаланың ісі» деді, сол сияқты діни басқарма уағыз-насихатын жалпы халыққа айтады. Мұхаммед пайғамбар хадисінде «Ислам діні ол бір жауған жаңбыр сияқ­ты, адамдар жердің қыртысы ­сияқты. Бір жер дөңес болады, ол түскен жаңбырды басқа түгіл, өзі де пайдалана алмайды. Түскен жауын жан-жағына ағып кетеді. Тегіс жерлер болады. Ол жер жаңбырды қанып ішіп, жеке өзі қолданады. Ал жаңбыр суын жинап алатын ойпат жер өзі де пайдаланып, басқаға да пайдасын береді» дейді.
Негізі, дінде «пара беруші де, пара алушы да тозаққа тү­седі» дейді. Яғни пара беру мен пара алу – тозаққа апаратын амал. Оған шариғатта өте қатаң тыйым салынған. Пара беру арқылы көптеген тәртіп, жүйе бұзылады. Ол қоғамға үлкен тоқырау әкеледі.
– Дінге бет бұрып жатқан жастар қатарының көптігі көңіл қуантады. Алайда білім мен ғылымның дамы­ған заманында дін жастардың санасын байлайды, да­муға кедергі жасайды деу­шілер де табылып қалып жатыр…
– Исламның өзі – ғылым. Ғылым менен исламды бөліп қарауға болмайды. Құранның бірінші аятының өзі «оқы, оқы және оқы» деп түсті. Әуелгі түскен бес аяттың ішінде осы сөз үш рет қайталанады. Осы орайда білімді, ілімді жастардың көбейіп келе жатқаны, әрине, қуанышты.
– Құран оқытсақ, иіс шы­ғарып нан пісіреміз. Кейбі­реулер мұны дұрыс емес деп жүр…
– Бұл – теріс, жат ағымның қолданатын уағыздары. Халықтың ішінен әсіредіншілдік арқылы ұлттың салт-дәстүрін теріске шығарып, мұсылманшылдықтың шырқын бұзу. Қазақ оны үй ішінен үй тігу деп айтады. Жеті шелпек пісірсе, құран бағыштаса, ол дінге негізделген. Қазақ оны аспаннан алған жоқ. Немесе басқа діннен келген нәрсе емес. Өмірден өткен адамның артынан садақа жасап немесе пәле-жаланың, қиыншылықтың толқынын садақа беру арқылы қайтару әрекеті исламда бар. Демек, садақа берудің пайдасы көп. Иіс шығарып, нан пісіру тек қана бейсенбіде емес, бірнәрседен секемденсе, жаман түс көрсе, жеті шелпек пісіріп садақа қылып жіберген. Оның өзінің жауабы бар. Нан – ас атасы. Бір тілім нанды ат басындай алтынға айырбастап ала алмайтын замандар болған. Бидай түгіл, арпаның ұнына қол жеткізе алмаған кезеңдер өтті. Ең құнды нәрсе нан болған. Неге нанды садақа қылып жатыр? Ол – ең қасиетті, қымбат дүние. Сондықтан ас атасы – нанды пісіріп, садақа қылып жатады. Неге жетеу? Өйткені жеті санына шариғатта үлкен мән берілген. Біріншіден, тақ сан. Алла Тағала тақ санды жақсы көреді. Екіншіден, құлшылықта қағбаны жеті рет айналасың, Сафа мен Мәруа жоталарының арасы жеті санына құрылған. Осындайды қазақ өзінің салт-дәстүріне сіңіріп алған. Жат ағымдардың мақсаты – осындай құндылығымыз­ды теріске шығару. Олардың ұғымынша, бір нәрседен қауіптенген адам Алладан емес, жеті шелпектен жәрдем сұрап тұр, бұл ширкке жатады деп өңін теріс айналдырып, адам санасын улап жатыр. Мұндай түсінікке жол бермеуіміз керек.
– «Сақал – адам көркі» деп жатамыз, жап-жас балалар ұсқынсыз сақал қойып алады. Бұған қалай қарайсыз?
– Сақалды бей-берекетсіз тұрпайы қылып өсіру дін ұстанушылардың арасында да белең алғаны рас. Ол дінді дұрыс түсінбегендіктен. Немесе бір топтың алдына қойған мақсаты бар. Мен бұл жерде сақалды мысқылдап жатқан жоқпын. Сақал – ер адамның көркі. Пайғамбардан бастап ұлы тұлғалардың бәрі сақал қойған. Жарасымды дүние. Бірақ сақалды түзеп, реттеп қою да шариғатта қарастырылған. Сақалға қайшы тигізуге болмайды деген қасаң түсінікке бармау керек. Омар ибн Хаттап өзі қолымен сақалын қысып ұстап түзеген, реттеп қиған. Мұсылман адамның жүрегі қалай таза болу керек болса, түр-әлпетіне де қарағанда көз тойып сүйсінетіндей көркем болу керек. Өйткені ислам дінінің өзі соған үндейді.
Барша мұсылман бауырларға айтарым, айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын. Ұлық мерекеде әр отбасына бақыт, береке қонсын!
– Әңгімеңізге рақмет!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button