ӘлеуметИмантаразы

ИСЛАМ ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ

Қайрат Лама Шариф, ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолда­уында елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек деп атай отырып, XXI ғасырдағы Қазақстандағы дінге ерекше көңіл бөлді.

Шындығында, дін зайырлы қо­ғамымыздың ажырамас бөлігі болып табылады, сондықтан құ­зырлы мемлекеттік мекемелер елі­міздегі діни қатынастарды одан әрі дамытуға әрқашанда мүдделік танытады.

Соңғы кезде әлемнің көптеген ел­дері үшін терроризммен күрес мә­селесі аса өзекті болып отыр.

Терроризм – бұл қылышынан қаны тамып тұрған зұлмат. Терроризм барлық түр­лері және көрініс­тері­мен, ауқымы және қарқын­дылы­ғымен, зұлымдығы және қані­шер­лігімен бүгінгі заманда ең өткір мәселеге айналды.

Бүгінгі таңда лаңкестік әрекеттер ауқатты дамыған елдерде де, жағдайы төмен кедей елдерде де орын алып отыр. Терроризмнің өріс алуы кез келген елдің әлеуметтік жағдайына қатысты емес, дінмен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ол – өне бойы жауыздыққа толы індет. Бірде-бір мемлекет бұл жұқпалы вирустан аман қалған жоқ. Барлық араб және Африка елдері, Азия құрлығы, Ресей, АҚШ, Англия, Франция, Испания, Норвегия және тағы басқа елдер терроризммен бетпе-бет келіп, көптеген зардап шекті.

Соңғы кездері экстремистер бей­бітсүйгіштікке, ұстамдылыққа баулитын және өзге діни көзқарастарға тү­сіністікпен қарауға тәрбиелейтін ислам дінін ушықтыруға, басқа өр­ке­ниеттермен қақтығыстыруға талпынуда, осы арқылы тек дінаралық тату­лықты емес, сонымен қатар мұсыл­мандар арасында да іріткі салуда.

Біздің пікірімізше, ислам фунда­ментализмі, яғни, салафизм идеологиясы діни радикализмінің пайда болуы­на қатты ықпал етуде. Бұл жат идеологияны жақтаушылардың көз­қарастары мен ұстанымдары зайырлы қоғамда емін-еркін өмір сү­ретін дәстүрлі исламмен сәйкес келмейді. Сондықтан фундаменталис­тер ха­нафи мазхабындағы дәстүрлі ді­ні­мізді ұстанушыларға ғасырлар бойы қалыптасқан күнделікті салт-дәс­түрі­мізден безіп, олардың айдауында өмір сүруімізді талап етуде.
Террористердің қауіптілігі сонда, қой терісін жамылған қасқыр іс­петтес, қасиетті Құран аяттарының үзінділерін тілге тиек етіп, өздерінің көздеген арам пиғылдарын іске асыру үшін діни құндылықтарды бұрмалауда.

Алайда терроризм және ислам – бір-біріне түпкі тамырынан бас­тап қарама-қайшы және бірін-бірі жоққа шығаратын көрініс. Дегенмен, бүгінгі таңда халықаралық терроризм исламмен байланыстырылады, осы арқылы ұлтаралық алауыздық және діни төзімсіздік туындайды.

Террористерде не аяушылық, не адамгершілік қасиеттер жоқ. «Терроризм» сөзі – араб тілінде «ирхаб», яғни, «қорқыту, үркіту» деген мағынаны білдіреді. Терроризм өз нысанасына бейкүнә адамдарды таңдап, балаларды аяусыз өлтіреді, оларды ата-аналарынан айырып, жетім қылдырады.

Бүгінгі таңда халықаралық терро­ризм және діни экстремизм асыл ді­ні­міз – исламға да залалын тигі­зуде. Террористер – Құранның негізгі қағи­даларын да білмейтін діни сауатсыз адамдар. Зорлық-зомбылықтың барлық түрі Ислам нанымына қайшы келеді. Алла тағала адамдарға өзі бел­гі­леген шектен шықпауды бұйырды және жерде зұлымдық жасауға, әділет­сіздікке, зорлыққа, өлтіруге және қан төгуге тыйым салды. Бұған байланысты қасиетті Құранда «…Алла өзі қойған шектен шыққандарды ұнат­пайды» деген аят бар. Сонымен қатар, мұсылман баласы Жаратушы Иесінің алдында өзге адамдарға қылмыс жасамау тура­лы ескертпегендіктері үшін де жа­уап береді. Нағыз мұсылман адам жер бетінде арсыздыққа жол бермей, керісінше игілік және ізгілікке ұм­тылуы тиіс. Алланың қасиетті кітабында қоғамдық тәртіп бұзуға қатаң тыйым салынған. Құранның «әл-Ағраф» сүресінің 56-аятында «Тәртіпке келтірілгеннен кейін жер бетінде бұзықтық жасамаңдар» деген Алланың әмірі бар.
Құранда өз-өзіне қол жұмсау да үлкен күнә болып саналады. Мұсыл­ман ғұламалары беліне жарылғыш заттарды байлап, жазықсыз жандар арасында өзін-өзі жарып жібе­ретін­дерді қатты айыптайды, өйткені, Алла тағала өзін-өзі өлтіруге ашық тыйым салған. Құранның «Ниса» сүресінің 29-аятында «… өздеріңді өздерің өлтірмеңдер…» деген әмір бар. Сондықтан, Аллаға деген сені­мі зор және Құранның жолымен жү­ретін мұсылман баласы мұндай әрекетке ешуақытта бара алмайды.

Ислам өнегесінің негіздері – бұл қайырымдылық, жомарттық, адам­дарға ізгі ниеттілік, кешірім және әділдік. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Өмірде пайдалы іс істейтін адамдар – Алланың сүйікті құлдары болып саналады. Ал ең пайдалы іс – бұл мұ­сыл­ман бауырыңа қиналғанда қол ұшын беру, ашыққанда – азық беру, тарыққанда – қарызын өтеу. Мұсыл­ман бауырыңа жасаған жақ­сы­лығың – мешітте бір ай бойы жатып, дұға айтқаныңнан да артық. Шын­дығында, сірке суы қалай тәтті балды бұзса, жаман мінез-құ­лық та солай өмірін бұзады» деген.

Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің тағы бір хадисінде: «Кім адам­дарға жақсылық жасаса, Алла соған мейі­рімін төгеді. Жер басып жүрген жан­дарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге ра­қым­шылық жасайды» деген екен.

Біз діни экстремизмнің алдын алу бағыттарының бірі ретінде Қа­­зақстан қоғамында діни сауат­тылықты арт­тыруға ерекше мән береміз. Қазақ­стандықтар діни көз­қарасының әр­келкілігіне қа­ра­мастан, зайырлы елімізде иман­сыздық, діни ой-пікірлердің радикалдануы секілді шектен шығу­шы­лықтардың таралуына жол бермеу жолында бірігуі керек.

Республикадағы діни ахуал жалпы алғанда тұрақты екенін атап өткен жөн. Дейтұрғанмен, еліміздің жекелеген аймақтарында діни экстремизм ошақтарының шоғырлануы байқалады. Дін санаға айла-шарғы жасаудың қолайлы құралы болуда және мұны деструктивті күш пайдалануда.

Діни терминдерді және идео­ло­гиялық алғышарттарды ұтымды пай­далана отырып, экстремистік ұйымдардың мүшелері өздерінің насихаттау қызметінде географиялық және әлеуметтік ортаны кеңейте білді. Нәтижесінде елімізде мемлекетке және қоғамға өзін қарсы қоятын діни теріс ұғымдардың күшіне ерген жастардың саны артты.

Құқық қорғау органдары діни негіздегі, оның ішінде радикалды діни ағымдар өкілдері та­рапынан діни экстремизмге және терроризмге байланысты қылмыс­тарды ашу жағдайлары жиіледі.

Еліміздің батыс өңірілеріндегі бірқатар лаңкестікті ұйымдастыру әрекеттері, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің астыртын экстремистік топтарды әшкерелеуі, осындай топтардың мүшелерімен жүргізіліп жатқан сот процестері осы үдерістердің көріністері болып отыр. Террорлық әрекетпен байланысты жасалған қылмыстар үшін сотталған тұлғалардың саны 2012 жылы 105 адамды құрады.

«Орта Азияның моджахедтер жа­мағаты», «Жунд әл-Халифат» және та­­ғы басқа да террористік ұйымдардың қақпанына біздің еліміздің азаматтары, әсіресе, жас­тардың түсуі бізді алаңдатпай қой­­майды. Экстремизм мен терроризмнің отын көсеп жүрген жан­дайшаптардың сөзіне еріп, жас­тық шақтың алғырттығына бой ұр­ған кейбір жастарымыз «қасиетті соғысқа» барамыз деп, бастарын қатерге тігіп жүр.

Шын мәнісінде олар өз тағдыр­ларын тәлкекке салып қоймай, туған-туысқандарының да тағдыр­ларына балта шабуда. Осыдан бір­неше күн бұрын Қазақстан Рес­публикасының Қылмыстық ко­дексінің «Терроризм» деп аталатын 233-ші бабы бо­йынша былтыр сотталған 42 жас­өспірімдердің ата-аналары хат жол­­дады. Ата-аналар өз балалары жа­саған қылмыстарға өкініш білдіріп, діни экстремизм және терроризм идеологтарының шынайы жүздерін көрсетуге дайын екендерін білдірді. Осы көз жасына толы ұжымдық хаттан үзінділер келтірейін: 

«Шет елдерден келген дін шабармандары жалған дінді жамылып, жастарымызды ұлттық психо­логия­дан, қоғамнан, туған ортадан және туған-туыстардан айырғылары келеді…

…Жастардың ислам туралы білім алу құштарлықтарын әдейі өз пайдаларына жұмсау ар­қылы өздерінің деструктивті элементті мүдделерін ұтымды пайдаланады.

… тергеудің бірінші аптасынан бастап балалар сенімнің неге әке­ліп соқтыратындығын сезініп, мұндай идеологиялық адасу әсеріне қалай ұшырағандықтарын түсіне алмағандарына бүкпесіз өкініп, көз жастарына ерік берді…

… біздің балаларымыз діндар жас­тарға өздері жіберген қа­теліктер туралы хабарлауға асығуда…

Біз, ата-аналар, өз балалары­мызға тәрбие беруде жіберген қате­ліктерден бас тартпаймыз және Сізден, барлық біздің қоғамнан
шек­сіз кешірім сұрай­мыз. Біз Сіздің түсіністігіңізге және кө­мегіңізге үміттенеміз! Біз, Сізден, мұн­дай жағдайларға байланысты то­зақ деп аталатын азапты тартып жүр­­ген аналар мен туған-туыстардың жан­айқайына үн қатуыңызды сұраймыз».

Безек қаққан ата-аналардың келесі сөздері дін саласындағы біздің бар­лық қызметтің арқауы болуға әбден лайықты дәйексөз: «Өз еліміздің заңын мойынсұнатын азаматтар ре­­тінде, біз терроризмді барлық кө­рі­ністерімен бірге қабылдамаймыз және біздің халқымыз үшін бұл зұл­мат­пен күресудегі мемлекет және қоғам саясатын қолдаймыз». Бұл адасушылықтан жасалған террорлық қылмысқа қа­тысу­шылардың және бұған өкініш білді­рушілердің қасі­рет шеккен аналарының, туған-туыстарының сөздері екендігін тағы бір рет еске саламын.

Діннің мәнін тануға талпынған бұл балалар – экстремизм идеолог­тарының арбауына түскендер. Алайда, бұл оларды бұлтарғыш жолға дін арқылы келгендігін білдірмейді. Бүгінгі күні біздің барлығымызда кез келген дін жоғары гуманис­тік және адам­гершілік құнды­лықтар мен идея­ларға ие екен­дігі туралы нақты және дұрыс түсінік қалыптасты. Діни көзқарас, оның ішінде ислам нанымы, заңға бағыныштылыққа, ынтымақшылдыққа, төзімділікке жә­не ұстамдылыққа бағытталған. Дін экстремизмнің және тер­роризмнің ешбір формасын қа­был­дамайды.

Шынайы дін адамзатқа тура жол нұсқаушы ретінде азаматты адам­­гершілік тұрғыда тәрбиелейді, отан­сүйгіштікке баулиды, өш­пенділік пен басқыншылықты былай
қойғанда, адамдарды теріс іс-әрекеттен бойын аулақ ұстауға шақырады. Дін қоғамда өзінің сын­дарлы рөлін атқаруы тиіс, ке­ліспеушіліктердің алдын алуға кө­мектесіп, қарама-қайшылықтарға жол бермеуі қажет. Зайырлы білім де, діни білім де адамды тәрбиелеп қана қоймай, оны дұрыс жолға ба­ғыт­тап, оның ойдан шығарылған бұрмалаушылық нанымдардан айы­ғуына септесуі қажет. Адамдардың діни білімі тек халық игілігі мен қор­шаған ортасының мүддесі үшін жұмсалуы керек.
XXI ғасырдың өткен қилы замандардан артықшылығы – қазақ­стандықтардың сана-сезімінің, білім деңгейінің жоғары болуында. Біздің әрқайсымыз Қасиетті Құ­ранды, Інжіл мен Талмуд секілді діни түп­­деректерді алып оқуға және әлем­дегі бірде-бір діннің зорлық-зомбылық жасауға, соғысқа немесе өшпенділікке шақыр­майтынын түсінуге қабілеттіміз. Ал көзі ашық, көкірегі ояу тұлғаның теріс пи­ғыл­ды арандатушылықтарға елігу ықтималдылығы өте төмен болатыны айдай анық.

Экстремизм қатерлі ісік дерті іспеттес, егер уақтылы алдын алу ша­ра­лары жүргізілмесе, уа­қыт өте келе та­мырын тереңге жіберуі мүмкін. Сон­­дықтан қарапайым халықтың діни сауатты болуы өте маңызды әрі қа­жетті болып табы­лады. Ал діни сауат­тылық – бұл оқыту, ағарту және діни әдебиеттер арқылы алынатын білім.
Бүгінгі таңда елдегі ахуалды сыни тұрғыдан бағалау негізінде тұр­ғын­дардың шетелдердің идео­логия­лық экспансиясына қарсы берік діни иммунитетін күшейтетін дүние­танымдық көзқарастарды қалыптастыру мәселесі аса өзекті болып отыр.

Өкінішке қарай, біз кейбір күш­тердің адамдардың діни сауат­сыз­­дықтарын пайдалана отырып, дін­шілдердің діни сезімдерімен ойнап, олардың саналарын жаулау арқылы экстремистік және террористік сипаттағы қыл­мыстар жасауды жү­зеге асыру үшін ұсы­нылған уто­­пиялық идеяларды таратумен бетпе-бет келдік.

Біздің еліміз тәуелсіздіктің 20 жылдан астам кезеңінде көптеген қауіп-қатерлерге тап болды, алайда өзінің бірегей қазақстандық жолымен жүре отырып, олардың бәрін жеңе алды. Радикализм мен экстре­мизм мәселелерінде де бізге дайын нұсқаулықты ешкім ұсын­бай­тын­дығына сенімдіміз. Оны біз өзіміз қалыптастырамыз.

Анти-экстремистік нұсқаулықтың ұстанымдары ретінде қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың конс­титуциялық артықшылықтарын сақтау, конфессияаралық және ұлт­аралық келісімді нығайту, азамат­тардың діни сенім бостандығы құ­­қық­тарын жүзеге асыру, «дінде экс­тремизм жоқ» деген айғақты қабылдау болып табылады.
Елбасымыз «Сындарлы он жыл» атты кітабында былай деп атап өтеді: «Фундаменталистер тарапынан болатын шетін агрессиядан немесе тұрақсыздықтан қауіптеніп, діннің өзіне, Ислам дініне қатысты қатал саясат ұстану, менің пайымдауымда мәнсіз де мағынасыз тірлік». Бұл орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті былай ескертеді: «Бұл жағдайда да қауіп-қатердің зоры, Сенімді жору мен Сенімнің өзінің ара­сындағы айтар­лықтай айырма­шылықтың ескеріл­меуінде болса керек». Яғни, әр дінде адамдық қажет­тіліктермен және мақ­­­сат­тармен нақты адамдар тұр деп тү­­сінген жөн, олар негізгі діни жорамалдармен санаспайды. Бұл мәселеде Мемлекет Басшысы діни экстремизм құ­былысына алдын алу саясаты мен алдын алу әрекеттерінің түрлі нұсқалы әдістемесі тұрғысынан мұқият қарауға шақырады.

Аталған жағымсыз құбылыстың айқын қауіп тудырып отырған жағ­да­йында барлық дін қыз­мет­керлерінің, әсіресе, Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масы­ның, осы бағыттағы біліктілігін жоғарылата отырып, ор­тақ іске жұмылдыру қажет. Уақыт өз талабын қояды. Сондықтан, мешіт имамдарына ислам ілімдері, ша­риғат және фикх қағидасында, сондай-ақ, әлеуметтану, конфликтология мен психология тәрізді зайырлы ғы­лымдар тұрғысында радикализм мен экстремизмге діни-идеялық тұр­ғы­дан қарсы тұру қағидаларын, яғни, негіздерін оқытудың жүйелі бағ­дарламаларын қалыптастырып, іске қосу қажет деп есептейміз.
Біз Ислам дінін үйренгенде бір­беткейлік пен асырасіл­теу­ші­ліктен бойын аулақ ұстайтын парасатты мұсылман тұлғасын тәрбиелеуге мүдделіміз. Біздің дәстүрлі дініміз ата-бабамыздың көп ғасырлық да­налығына не­гізделген. Ұлы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп ұс­танған қазақ­тардың дәстүрлі мұсыл­ман­дығында басты негіз ретінде соқыр сенім емес, ақыл-парасат алынған. Ұс­тамдылық және қоғам бірлігін қорғау идеялары көптеген қазақ ойшылдарының философиялық еңбектерінде көрініс тапқан және бүгінгі қазақстандық қоғам арасында да кеңінен таратуға лайықты. Қазақ даласының әл-Фарабидан бастап Абайға дейін жалғасқан 1100 жылдық рухани тарихы бар. Сөзімнің соңында дін саласындағы түйшектелген мә­се­­лелерді шешу, экстремистік жә­не террористік мақсатта дінді пай­­далануға жол бермеу, зайырлы қоға­мымызға қауіп төндіріп тұрған үрдістерге тосқауыл қою – ортақ жұмысымыз екенін атап өтемін.

Ең бастысы – біз қоғамда діни экстремизм және терроризм идеяларын қабылдамайтын жағдай жасауымыз керек. Бұл – біздің ортақ міндетіміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button