Басты ақпаратҚұқық

Істі болған азаматтар жұмыссыз қалмайды

Бүгінде түзеу мекемесінен шыққандардың біразы көп ұзамай қайта қылмысқа ұрынып, темір торға қамалып жатады. Жыл басынан бері Астанада қайта қылмыс жасау оқиғасы бойынша 23 факті тіркелген.

09

Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында Астана қаласында ішкі істер органдарында есепте тұрған тұрғындармен арнайы кездесулер өткізіліп тұрады. Кездесуге жұмыспен қамту және әлеуметтік ортаға бейімдеу орталығының мамандары шақыртылып, есепте тұрған азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Кеше Алматы аудандық Ішкі істер басқармасында осындай тағы бір кездесу болып өтті. Кезекті шараға есепте тұрған, бұрын сотталған немесе шартты түрде мерзімінен ерте боса­тылған 150-ге жуық азамат шақыртылыпты. Кездесуде «Бейімдеу технологиялары мен тұжырымдамалары» қоғамдық қорынан келген өкілдер әлеу­меттік мәселелер бойынша және құқықтық кеңестер берсе, Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығы мамандары еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарымен таныстырды.
– Бүгінде Алматы аудандық Жергілікті полиция қыз­метінде 458 адам есепте тұр. Түзеу мекемелерінен шыққан азаматтар бірден қоғамға сіңісіп кете алмайды. Сол себепті, биылғы жылдан бастап мұндай азаматтармен профилактикалық сұхбаттар, кездесулер өткізуді қолға алып отырмыз. Бейімделу жолында қолдан келгенше көмектер көрсетіледі. Мәселен, өткен алты айдың ішінде 139 есепте тұрған азамат алкоголь және есірткі тәуелділігінен арылту курсынан өткізілді. Мұндай азаматтардың көбісі келеңсіз жайттарға жиі тап болып жатады. Ондай сәтте кімге жүгінуге болатынын білмейді әрі бұрын істі болғандықтан, олар­ды ешкім жұмысқа алмайды. Сосын амалсыз ұсақ қылмысқа немесе құқық бұзушылыққа баруына тура келеді. Өткізіп жатқан шараның басты мақсаты да осы – қоғамдық бейімделуге көмектесу, – дейді Алматы аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Айтыбеков.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button