Басты ақпарат

Ит асыраудың да ережесі бар

Жақында Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатында қаңғыбас иттер мен мысық­тарды аулауды және жоюды ұйымдастыру жөнінде жергілікті атқарушы органның жүргізіп жатқан жұмысы туралы келелі әңгіме қозғалды. Тек өткен айда ғана тұрғындардың арыз-шағымы бойынша 4326 бұралқы хайуан ұсталыпты.

[smartslider3 slider=3522]

Жағдай ушығып кетпес үшін

«Бұл не қылған қаптап кеткен қаңғыбас иттер?!» деп таңғалуыңыз әбден мүмкін. Мән-жайды «Астана ветсервис» мекемесінің мамандары былай түсіндіреді: «Ит – тез көбейетін мақұлық. Бір күшіктегенде 7-8 күшік туады. Ал олардың жылына екі реттен күшіктейтінін ескерсек, түйткілді мәселенің түйіні қайда жатқанын түсіне бастайсыз. Рас, кейінгі кезде қалада қаңғыбас иттер көбейіп кетті. Тек қалада ғана емес, қала сыртындағы «Жасыл белдеуде» де панасыз иттер өріп жүр. Олар ондағы аңдарға ғана емес, адамдарға да қауіп төндіретін кездері болады. Медициналық мәліметтер бойынша тек Нұр-Сұлтан қаласының өзінде жылына 1700 адамды ит қабады екен. Бұл дегеніңіз айына 140 адам, күніне 4-5 адам итке таланады деген сөз ғой. Міне, осыған байланысты қаңғыбас иттерді жоспарлы түрде аулауға көштік».

Жағдайдың ушығып бара жатқаны соншалық, еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігі үй жануарларын, соның ішінде иттерді ұстаудың жаңа тәртібін ұсынып отыр. Ол енді осы жылдың 23 шілдесінен бастап күшіне енеді. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, зооқорғаушы ­Әлима Бейсенова өз ойын былай білдіреді.

«Маған жаңа ережедегі «иесі итінің қоршаған ортаға қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек» деген тармағы ұнап отыр. Әрі оған бұл үшін иті әлеуметтік ортаға бейімделген және қауіпсіз екенін дәлелдейтін сынақ тапсырып, құжат алу міндеттеледі екен. Жануарды асыраған соң тәрбиелеу керек. Әйтпесе адамдардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау қиынға соғады» деді.

Үй жануарларын серуендету кезінде айналадағы адамдарға қауіп төндіретіндей жағдай орын алса, 3 АЕК көлемінде айып­пұл төлейді. Ал адамдардың мүлкіне зақым келтірсе, зиян шектірсе, 10 АЕК-тен жоғары айыппұлмен жазаланады

Қазір кей адамдар иттің питбуль, ротвейлер, стаффорд, тағы да басқа кішігірім тайыншадай тұқымдарын асырауға көшіпті. Ақтөбе қаласында өткен айда осындай бір иттің он үш жасар баланы талап, қан-жоса қылғаны бұқаралық ақпарат құралдарында айтылды. Кейінгі кезде адамдар асыраған иттері үшін жауапкершілік жүктемейтін болып кетті. Әкімдіктерге көршілері мен айналадағы адамдардан үздіксіз арыз-шағым түсіп жататыны сондықтан. Жылдар бойы байлап ұстап, асырай алмаған соң иттерін «күл болмасаң, бүл бол» дегендей, көшеге босатып жіберетіндер де бар.

Әлима Бейсенованың айтуынша, Ақтөбеде де, Қарағанды мен Семей қалаларында балаларды талап, жазым қылған иттер – бір кезде иелері асыл тұқымды деп асыраған «алабайлар» көрінеді. «Тиісті органдар бұған аса назар аударуы керек. Жауапкершілікті күшейтіп, осындай иті бар адамдарды есепке қойған дұрыс» дейді.

Мына қызықты қараңыз! Алматыда көшеден ауланған қаңғыбас иттердің көбі бір кезде бай-бағыландар қызы­ғушылықпен шетелден алып келген «хаски», «маламут», «лайка» деген ит тұқымдары болып шыққан. Бағуға көнбегендіктен, иелері оларды көшеге қаңғыртып жіберген. Ішінде тіпті солтүстіктің ешкімге керегі жоқ шанаға жегілетін иттері де жүрген көрінеді.

Жауапкершілікті күшейткен жөн

Жаңадан қабылданған ереже бойынша көшедегі қаңғыбас иттерді қазір атуға рұқсат берілді. Дегенмен осы талаптарға да үзілді-кесілді қарсы шығып жатқандар бар. Олар әкімдікке жолдаған арыз-шағымында «иесіз дегенмен, ит те, мысық та тірі мақұлық қой, оларды атпай, арнайы панаханада ұстау керек» деген уәжін алға тартады.

Рас, елордада 2018 жылы салынған қаңғыбас ит-мысық­тарды ұстайтын питомник бар. Бірақ онда 150 бастан артық жануар сыймайды. Ал қала сыр­тындағы мамандандырылған ХҚКО аумағындағы Баршын көшесі бойынан әкімдік арнайы жер бөліп, салынып жатқан ит пен мысыққа арналған панахана пайдалануға келесі жылы берілуі мүмкін. Сондықтан аулау қызметінің қаңғыбас ит пен мысықтардың бірден көзін жойып, азайтып отырудан басқа амалы қалмай отыр. Онда да ереже бойынша үш-төртеу болып топталып жүрген иттерді атады. Бұл бапқа да «олар жұп болып жүрсе, қасында күшіктері жүруі мүмкін. Ал күшіктерімен бірге ату гуманизмге жатпайды» деп қарсылық білдірушілер табылып қалатыны бар.

Бұған аулау тобының қызметкерлері де «Біз ит пен мысықты бірден өлтірмейміз. Дәрі-оқпен атып, ұйықтатып, төбетін піштіріп, ұрықсыздандырамыз. Сосын қайтадан жіберіп қоямыз. Тек мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерінен арыз-шағым түскенде ғана ол иттердің көзін құртамыз.

Ал енді кейбіреулер айтып жүрген: «қарғыбауы барларды да, күшіктерімен жүргендерді де, буаздарын да – бәрін бірдей ата береді» деген сөз – қып-қызыл жала. Біз тек шағым түскенде немесе иттер тікелей қауіп төндіргенде ғана көзін жоямыз.

Әрине, үйінде ит, мысық немесе өздері қалаған басқа да жануарларды асырауға ешкімге тыйым салынбайды. Тек оларды қоғамдық орындарда, соның ішінде жалпы пайдаланудағы – баспалдақ алаңында, жертөледе, үйдің шатырында, балконда, лоджияда, жатақхананың асүйі мен дәлізде ұстауға болмайды. Әрі осы жануарлардың иелері оларға алдын ала екпе жасатып, түрлі аурудан сақтандырып отыруы тиіс. Ол көршілердің мазасын алып, айналадағы адамдарға қауіп төндірмеуін қатаң бақылауы қажет. Егер асыраған жануарды белгілі бір себептермен одан әрі ұстау мүмкіндігі болмаса, оны арнаулы панаханаларға өткізуі тиіс.

«Жерұйық» саябағында қыдырып жүрген сегіз-тоғыз жасар қыздың қасына үлкен төбет ит жетіп барған. Қыздың әкесі қасында тұрып байқамай қалған қызының шыңғырған дауысынан жалт қараған. Осы кезде иттің иесі де келіп жеткен. Сол жерде үлкен дау-дамай туды. Полиция шақырылып, ит иесіне хаттама толтырылды. Сөйтсе ит иесінің қолында иттің қарғыбауы бар екен де, тұмылдырығы жоқ болып шықты. Сол үшін де ол айыпты. Міне, осындай келеңсіздіктер қайталанбас үшін үй жануарларын асыраушылар оларды ұстаудың ережелерін білулері керек-ақ.

Иесі итімен серуендеуге шыққанда тұмылдырық тағып шығуы міндетті. Сосын жануарды 1,5 метр қарғыбауы арқылы серуендеткен дұрыс болады. Үй жануарларын білім беру, дене шынықтыру-спорт, медицина мекемелерінің жанында, балалар және спорт ойындары алаңдарына алып шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ иттерді адамдар көп шоғырланған жерге, жағажайға апаруға болмайды.

Тағы бір қатаң ескеретін жай – ит иесі серуенге шығарған жануарының қиын тазалап жүруі керек.

Ал осы белгіленген ережелерді сақтамай, үй жануарларын серуендету кезінде айналадағы адамдарға қауіп төндіретіндей жағдай орын алса, 3 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ал адамдардың мүлкіне зақым келтірсе, зиян шектірсе, 10 АЕК-тен жоғары айыппұлмен жазаланады.

Сонымен, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы осындай келелі мәселелерге тоқтала келіп, қалада мысық пен ит ұстайтын тұрғындардың есебін алуды, жануарларды ұстау­дың нақты картасын әзірлеуді тапсырды. Бұған қоса, осыған қатысты мемлекеттік орган мен ведомстволық бағынысты ұйымның жұмысын күшейту қажеттігі атап өтілді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button