Елорда тынысы

ІТ мамандары сынға түседі

Елордада IT саласындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтары арасында республикалық кәсіптік шеберлік байқауы өтіп жатыр.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Астана қаласы Білім басқармасының жоспарына сәйкес, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МҚКК және «Astana Polytechnic» ШЖҚ «Жоғары колледжі» МҚК-мен бірлесіп өткізген бұл байқаудың басты мақсаты – IT саласы бойынша педагогтарды анықтау, ТЖКОБ ұйымдарының талантты, дарынды, шығармашыл педагогтарын қолдау және олардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.

3 күн (16-18 қараша аралығында) өтетін бұл байқауда қатысушылар «web әзірлеу», «графика дизайны», «заттар интернеті (IoT)», «желілік және жүйелік басқару», «мобильді робототехника», «бизнеске арналған ІТ шешімдері» секілді біліктілікті анықтау бойынша сынға түседі.

– Астана – заманауи технологиялар қаласы, жаңа сандық шешімдер енгізудің орталығы, кәсіби дарын иесін айқындайтын қала. ІТ – қазір ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Бұрын бұл салада мамандар жетіспейтін. Соңғы жылдары бұл салаға болған қолдаудың күшеюі мен берілетін гранттар санының артуына байланысты маман тапшылығы мәселесі азайды. Қазіргі таңда кәсіптік білім беру саласына жылына 7500-ге дейін грант бөлінсе, соның 1200-і ІТ саласы мамандарына беріліп отыр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Байқау – біліктілікті сынайтын дода ғана емес, өзара тәжірибе алмасуға жол ашатын тамаша мүмкіндік. Қатысушылар осы орайды тиімді пайдаланып, еліміздің ІТ саласын одан әрі дамытуға өз үлесін қосады деп сенемін, – деді байқаудың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button