Мәселе

Ит қапса, иесі кінәлі ме?

Ереженің жұмсақтығынан иесіз ­жануарлар шабуылы көбеюде

[smartslider3 slider=2593]

 

Ақпарат құралдарының жазуынша, сәуір айының алғашқы күндері Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында екі баланы ит талаған. Бос қоя берілген неміс овчаркасы үй иесінің екі немересіне ауыз салып, салдарынан кішісі ауруханада көз жұмса, үлкенінің көзі мен қолы қатты зақымданыпты. Дәрігерлер оның халін ауыр деп бағалап отыр. ереженің жұмсақтығынан иесіз жануарлар шабуылы көбеюде.

Ит – адамның досы, жеті қазынаның бірі, бұған дауымыз жоқ. Бірақ иттің аты қашанда ит, тағылығы мен долылығы ұстаса, «иттің ұлы итақай» да адамға қарсы шабуы, тіпті өз иесіне тіс батыруы мүмкін, әсіресе, алып шаһарлар мен елді мекендердің көше-көшесін кезіп жүретін иесіз, бұралқы, қаңғыбас иттердің айналасын танып үлгермеген балалар түгілі, ересек адам үшін де аса қауіпті екені бесенеден белгілі. Таяуда ғана Ақмола облысының Атбасар қаласында 57 жастағы әйелдің итке таланып, мүгедек болып қалғаны осы сөзімізге дәлел.

Нұр-Сұлтан қаласы Санэпидбақылау қызметінің мәліметінше, өткен жылы 1700-ден астам адам хайуанаттардан зардап шеккен. Оның ішінде 1233 адамды ит қапқан. Қалалы жерде серік жануар ұстаудың мәдениеті қалыптасып үлгерді ме? Ит пен мысық иелерінің жауапкершілігі діттеліп, тиісті ережелер сәйкесінше сақталып жатыр ма? Жиілеп кеткен «иттер шабулы» бұл сұрауларға «иә» деп жауап қатуға мүмкіндік бермейді. Бас қаламыз Нұр-Сұлтанның өзінде, екі жыл бұрынғы есеп бойынша, 300 орынға жоспарланған панажайда 700-ден астам қараусыз ит пен мысықтың болуы жануар ұстаудың жауапкершілігі мен міндеттемелері толық орындалып жатқанына күдік тудырады.

Бас қаламыз Нұр-Сұлтанның өзінде, екі жыл бұрынғы есеп бойынша, 300 орынға жоспарланған панажайда 700-ден астам қараусыз ит пен мысықтың болуы жануар ұстаудың жауапкершілігі мен міндеттемелері толық орындалып жатқанына күдік тудырады

Кілтипанның бір ұшы ережелердің босаңдығы мен сақталмауында секілді. Жануарлар құқығын қорғауда алдына жан салмайтын Батыс елдерінде де ит пен мысық секілді ермек үшін бағылатын асырандыларды қолда ұстаудың аса қатаң ережелері жасалған. Мысалы, АҚШ-та кез келген отбасы ит ұстай бермейді, себебі ол елде ит ұстаудың шығыны шаш етектен. Ит иесі тек тіркеудің өзіне 50 доллар төлейді. Ит біткеннің тұрақты тіркеуі және «білім деңгейі туралы анықтамасы» болады. Иттердің басым көпшілігі күшік шағын ит-клубта өткізіп, адам досымен «сыйласып өтудің» қыр-сырына дағдыланады. Ал қоғамдық орындарда итті қарғыбаусыз серуендеткені үшін иесі айып­пұл төлеуі мүмкін. Ұлыбританияда күшіктер көршінің мазасын алса, иесіне 5 000 фунт стерлингке дейін айыппұл салынады. Жапонияда да заң өте қатаң. Егер иесі итті қарау­сыз қалдырса немесе қаңғытып жіберсе, 300,000 иена көлемінде айып­пұл төлейді. Егер қолындағы итін қасақана өлтіргені анықталса, 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Канадада адам қапқан иттің иесі өмір бойы қарызға буылып өтуі мүмкін. Сондықтан, иттер міндетті түрде сақтандырылады. Адамға аранын ашқан ит те жазасыз қалмайды, қауіпті деп саналса көзі жойылуы да ғажап емес. Ал вакцинация барлық елде дерлік міндетті талап, бірқатар мемлекеттерде иттің өз ауласынан басқа жерге тастаған дәретін жинастыру да иесінің бас тартпас міндеті екендігі заң арқылы бекітілген.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының тиісті ережесінде де ит пен мысық ұстаудың тәртіптері тәптіштеп көрсетілген. «Нұр-Сұлтан қаласында ит пен мысық ұстау және серуендету қағидалары туралы» шешімге сәйкес, америкалық питбультерьер, америкалық Стаффордшир терьер, бультерьер, Стаффордшир бультерьер, ротвейлер және бұлардың будандастырылған түрлері иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін тұқымдар қатарына жатады.

Шешімге сәйкес, кәдімгі иттерді 18 жасқа толған азамат асырай алады және жануарлардың санына ешқандай шектеу жоқ. Алайда ит пен мысық бірізділендіру базасына тіркелуі керек. Күшік пен марғаулар 3 айлығында тіркеледі және иесінің қолына ветеринариялық паспорт беріледі. 3 айдан бастап иттер мен мысықтар міндетті түрде құтыруға қарсы егіледі. Тоқсан сайын кемінде 1 рет тері паразиттері мен гельминттерге қарсы профилактикалық емдеу жүргізілуі керек. Ит пен мысықты баспалдақ алаңдарында, жертөледе, шатырда, шектес балкон немесе лоджияларда, үй ауласының маңында және басқа да көпшілік пайдаланатын қосалқы үй-жайларда асырауға болмайды. Итті еркін серуендету алаңдары мен арнайы  жаттығу алаңдарында серуендетуге рұқсат етіледі. Иесі итке үнемі тұмылдырық кигізуге міндетті емес, бірақ қажет болған жағдайда кигізу үшін оны бірге алып жүруі керек. Серуен­деу кезінде ауланы, кіреберісті, баспалдақ алаңын, лифтті, ойын алаңын, жолды, тротуарды, скверді, сая­бақ аумағын, демалыс аймағын ластауға болмайды. Иесі пакеттер алып жүруі керек және қажет болған жағдайда дәретті бірден тазартып, пакетті қоқыс жәшігіне тастау қажет. Иттерді қоршалған балалар алаңы мен спорт алаңында, балабақша мен мектеп аумағында, емдеу мекемелерінің аумағында, шомылуға рұқсат етілген аумақта және тыйым салу белгісі орнатылған өзге аумақтарда серуендетуге рұқсат етілмейді.

 Алайда осы ережелер мен тәртіптер жеткілікті деңгейде сақталып, мүлтіксіз орындалып жатыр ма? «Ит қапса, иесі кінәлі» дегенімізбен, қараусыз, иесіз итке таланған адамның материалдық, моральдық шығынын кім өтейді? Адамға шапқан қараусыз иттің иесін іздеп табудың тетіктері қарас­тырылған ба? Ит пен мысықты қараусыз қалдырғаны, тастанды еткені үшін иесі қандай жауапкершілікке тартылуға тиіс?  Қағиданың орындалуын бақылаумен кімдер айналысуға тиіс? Міне, осы сауалдар тиісті ережелерді әлі де ширатудың, пысықтаудың қажеттілігін ескертіп тұрғандай.

Әрине, ермек үшін асыранды жануар ұстау – әркімнің өз еркіндегі іс. Алайда «ит бақ – игілікке бақ, жауапкершілігін сезін, қараусыз қалдырма, қаңғыртпа» дегіміз келеді. Сондай-ақ тиісті ережелерді қатайту және қабылданған тәртіптің қағаз жүзінде қалмауын қадағалау, азаматтардың құқықтық танымы мен сауаттылығын көтеруге көмектесу – құзырлы мекемелердің еншісіндегі шаруа болуға тиіс, ең бастысы, адам өмірінің қауіпсіздігі ешқашан қосалқы стандартқа айналмауы керек.

Ерлан МАЗАН

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button