Қоғам

Итті заң қорғайды, баланы кім қорғайды?

Астана қаласы «Көктал-2» тұрғын алабында тұратын Жәнел Толыбайды 17 қараша күні ит талап, ауруханаға түсті. Қазақстанда балаларды ит талау, ит қауып алу жайлы жиі айтылуда. Оған бастысы, көшеде қаңғып жүрген бұралқы иттердің көптігі мен ит бағушылардың иттерін беталды қоя беруі себеп болуда.

Елімізде 2021 жылы 30 желтоқсанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң шықты. Бұл заң биыл 2 наурыздан бастап өз күшіне енді. Су жаңа заңда қараусыз иттерге жауапкершілікпен қарап, бірден өлтірмей, иесі анықталғанша 2 айға дейін ұстап, бағу көзделген. Сол себепті көшеде жүрген итті бірден атып тастауға рұқсат жоқ. Дегенмен иесіз иттердің әсіресе балаларға қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Қаңғыбас иттерден зардап шегіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінгендер жиі кездеседі. Бұл жағдай күні кеше ғана, яғни 17 қараша күні Астанада да қайталанды.

Дәрігерлердің айтуынша, Жәнелдің бір жақ қабағы мен жамбасы, арқасы түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Үлкен қауіп жоқ, бірақ тайыншадай ит талаған баланы қойып, қасындағы анасы да шошынып қалған.

– 17 қараша түстен кейін кіші қызымды логопедке алып бара жатқам, түстен бұрын оқитын Жәнел де үйде жалғыз қалғысы келмей еріп алды. Мектепке таяп қалғанда жол шетінде жатқан тайыншадай неміс овчаркасы тап берді. Мен қанша қорғасам да елеген жоқ, қарғадай қызды арқасынан тістеп алып ұрды, есім шығып кетті, егер ер адамдар көмекке келмегенде қиын еді, – дейді Жәнелдің анасы Айгерім Әмірқызы.

Жәнелді құтқаруға көмектесем деп, белі зақымдалып қалған №1 Психология­лық-педагогикалық зерттеу кабинетінің оқытушысы Ұлжан Тұрарбекқызы да қазір емханада ем алуда. Баланы ит талап жатқанын терезеден көрген ол аяқ киімін ауыстыруға, кабинетті айналып, есіктен шығуға да үлгермей, терезеден секіріп түсіп, жалаң аяқ жүрген ол «мен келгенде баланың бет-аузы қан-жоса екен» дейді.

– Сырттан әлдекімдердің қатты айқайлаған дауысын естіп, терезден қарасам, кішкентей баланы ит талаған екен, терезеден қалай секіріп кеткенімді білмеймін, жанұшыра жетіп, итті жасқап едім, баланы жіберер емес, жерден көтеріп алайын деп баланы көтере тартып едім, ит сілкіп қалғанда, қолым шығып кетіп, шалқамнан түстім, белім жерге қатты тигені соншалық, көзім қарауытып кетті. Бір жағынан, шошып та кеттім. Сол кезде біздің айқайлаған дауысымызды естіп, бір-екі ер адам көмекке келіп, итті басынан күрекпен ұрып жүріп, баланы әзер ажыратып алды, – дейді Ұлжан Тұрарбекқызы.

Анасының айтуынша, баланың қазір жағдайы жақсы, бірақ иттің иесі әлі күнге дейін табылмаған. «Иттің бейнесіне және мойын жүніне қарап, қолбаққан ит екенін тұспалдап тұрмыз, бірақ құлағында немесе мойнында ешқандай тіркеу нөмірі жоқ» депті аумақтық қауіпсіздікке жауапты полиция қызметкері. Ендеше, ит иесі табылмаса, жарақат алған баланың шығымын кім өтейді? Аурухана 10 күн емдейді де, жарақаты жазылған соң шығарады. Қалыптасқан қағида бойынша, ит қапқан және ит талаған адамға бір айдан астам уақыт бақылау жасап, құтыруға қарсы укол салу керек. Жас бала баққан жас отауға бұл да шығын.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңда қараусыз иттерге жауапкершілікпен қарап, бірден өлтірмей, иесі анықталғанша 2 айға дейін ұстап, бағу міндеттелгенімен, көп өңірлерде бос жүрген иттерді уақытша ұстайтын арнайы жер жоқ. Оның үстіне, полиция қызметкерлері қаңғып жүрген иттердің иесін анықтап, үйіне барса, олардың көбі «итті алып кете беріңдер» дейді екен. Ендеше полиция қызметкерлері не істейді? Итті атуға, өлтіруге болмайды, ұстайтын жер тағы жоқ. Сондықтан амалсыздан қайтадан бос қоя береді. Ол тағы да адам талауы мүмкін. Бұл көпе-көрінеу жануарларға жанашырлық қыламыз деп, адам өмірін қауіпке байлау емес пе?!

Қысқасы, қалай айтсақ та, қаңғыған иттен келер қауіп аз болмай тұр. Адамдық тұрғысынан жануарларға жанашырлықпен қарап, оларды қорғау әлбетте дұрыс. Дегенмен көше кезіп қаңғыған ит ойнаған бала, көшеден өткен жаяуға тап беріп, талап тастаса немесе Ақтөбедегі сияқты талап өлтірсе, оның обалы кімде?! Астанадағы ит талаған баланың жағдайы осындай сұрақты қайта қозғады…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button