Іздеуде жүрген 127 қылмыскер ұсталды

2024 жылы жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мемлекетаралық іздеуде жүрген 127 қылмыскерді анықтап, ұстады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Оның ішінде 50 қылмыскер – Ресей, Өзбекстан, Армения, Қытай, Үндістан, Түркия, Польша және Әзербайжан азаматтары.
Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторларына қамалды, ал 77-сі іздестіру бастамашыларына берілді.
Осы жылдың басынан бері 23 қылмыскер ұсталды, оның 7-еуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал 16 адам іздестіру бастамашыларына берілді. Ұсталғандардың қатарында негізінен ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандар бар, – делінген хабарламада.
Мәселен, 5 ақпанда Маңғыстау теміржол станциясында Көліктегі ПД жедел бөліністерінің қызметкерлері ауыр қылмыс жасаған Қазақстан Республикасының азаматын ұстады. Ұсталған азамат изоляторға қамалды. Ол Қазақстанға Түркиядан келген болатын.
8 ақпанда Алматы халықаралық әуежайында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ресей Федерациясының азаматын ұстады. Қылмыскер Ресей Федерациясының қылмыстық кодексінің 132-бабында көзделген қылмыс, яғни, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 2023 жылдан бері іздеуде болған. Ол Қазақстанға Грузиядан келіп, артынша изоляторға қамалды.