Әлеумет

ІЗГІЛЕНДІРУ ДЕ, ІЗ КЕСУ ДЕ – НӘТИЖЕЛІ

Бақытжан Бейсеев, ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары:

1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум арқылы қабылданған Конституцияға уақыт талабы мен қоғам дамуынан туындаған қажеттілік­терге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мәселен, 2007 жылы Мемлекет басшы­сы­ның бастамасымен жедел және әділ сот жүйесіне бағытталған мемлекет билігі қалыптасты.

Егеменді еліміздің құқықтық, зайырлы мемлекет ретінде қалыптасуы жолында құқық қорғау органдарының, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететін, еліміздің ішкі ты­ныштығын сақтауды жүзеге асыратын ішкі істер органдарының қызметін қоғам талабына сәй­кестендіру ісіне сәйкес бірқатар заңнамалық өзгерістер болды.

Ішкі істер министрлігі бүгінде әлемдік проб­лемаға айналып отырған есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күрес мәселесі бойынша Конституция ережелеріне сай қолданыстағы заң­намаларға тиісті өзгертулер енгізуде. Еліміз көп жылдардан бері есірткіге тәуелділерге қатысты сая­сатты ізгілендіруді біртіндеп жүргізіп келеді. 2011 жылы Қылмыстық кодекстің 259-бабының 1-тармағы декриминацияланды, яғни осы бапта көзделген қылмыстық әрекет Қылмыстық кодекстен алынды. Аз мөлшерде есірткіні сату мақсатынсыз сақтағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қолданылады. Мұның профилактикалық тұрғыдан оң ықпалы бар, сонымен қатар, бұл өзгеріс қажетті ем алудың орнына колонияларда криминал ортаға қосылуға бейім нашақорлардың санын азайтуға мүмкіндік берді.

Есірткіге тәуелділер проблемасына көзқарастың өзгеруіне байланысты оларды емдеу әдістері де қайта қаралуда. Денсаулық сақтау органдарында есірткіге тәуелділерді анонимді емдеу мүм­кіндігі қарастырылған. «Нашақор» диагнозы қойылған адамдарды диспансерлік бақылаумен қатар, профилактикалық есепке алу қолға алынды. Нашақорлардың проблемаларын шешуге үкіметтік емес ұйымдар да белсене араласуда. Бұл қоғамның нашақорлыққа қарсы күреске бей-жай қарамай­тынын көрсетеді.

Жалпы, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесі жаман емес. Мәселен, соңғы бірнеше жылда еліміз­дегі есірткі тұтынушылардың саны азайды. Егер 2008 жылы денсаулық сақтау органдарының диспансерлік есебінде 54 мыңнан астам нашақор тіркелген болса, қазіргі уақытта олардың саны 40 мыңға дейін азайды.

Сонымен қатар, есірткі тұтынғаны және қолдан­ғаны үшін белгіленетін жазаны қатаңдату шаралары да жүргізілуде.

Әрине, Конституция ережелеріне сәйкес еліміздің есірткіге қарсы заңнамасын жетілдіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады. Бүгінде қолданыстағы есірткіге қарсы заңнама өзінің тиімділігімен қоса, ТМД кеңістігіндегі ең қатал заңнама ретінде айқындалған.

Мәселен, 2008 жылы заңнамалық деңгейде есірткі контрабандасы, есірткі сатқаны, ұйымдасқан есірткі тасымалдау құрылымдарына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілген болатын. Осы қылмыстық әрекеттерді жасағаны үшін 10 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бос­тандығынан айыру жазалары көзделді. Сол жылы Өзбекстан азаматы есірткіні тасымалдағаны, сатқаны және басқаларды тартқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Мұндай қатал жазалау шараларының белгілі бір профилактикалық әсері бар және олар есірткі айналымына тартылған, әсіресе, куръерлердің қылмыстық әрекеттерге баруын азайтады деп ойлаймын.

Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу кодекс­терінің жаңа редакцияларын әзірлеу кезінде есірткіге қарсы заңнаманы да жетілдіру жұмыстары қоса қарастырылуда. Атап айтқанда, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қылмыстық Кодексінің 193-бабында көз­делген заңсыз жолмен алынған ақшалай қаражатты немесе өзге мүлікті заңдастыру әрекетін ішкі істер органдарының баламалық тергеуіне жатқызу жөнін­де ұсыныстарымызды енгіздік.

Сонымен қатар, қоғамға қауіп төндіре қоймайтын есірткі тұтынған және бірінші рет қылмыстық әрекетке барған адамға қатысты жазалаудың баламалық ны­санын енгізу, есірткі заттары мен психотроптық заттардың аналогтарын, прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қолдану ұсынылды.

Бірінші рет қылмыстық әрекетке барған немесе ұсақ және ауырлығы орташа қылмыстық әрекет жасаған есірткі тұтынушыға соттың үкімімен на­ша­қорлықтан емделу курсынан өту негізінде баламалы жаза тағайындалуы мүмкін. Өз кезегінде осы жазаға кесілген адам емдеуден жалтаратын болса, онда оған бас бостандығынан айырумен байланысты шара қолдану көзделмек.

Осы нашақорларға қолданылатын баламалық жауапкершілік заңнамалық тұрғыдан бекітілген жағдайда есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту жүйесінің жұмысын түбегейлі қайта қарау қажеттігі туындайды. Себебі, бүгінгі нашақорлық проблемасы жаңаша көзқарастарға тәуелді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button