Ізгілік пен ірілік жыршысы
Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржанның 70 жас мерейтойына орай «Ағаштар үнсіз өседі» кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қаламгерлер мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, оқырмандар қатысты.
Оңайгүл Тұржанның екі бөлімнен тұратын бұл жыр жинағына соңғы жылдары жазылған өлеңдері мен поэмалары енгізілген. Ақынның шығармашылығы туралы белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы мазмұнды баяндама жасады. Ол кітап авторының поэзиядағы, аударма ісіндегі, ғылымдағы еңбектеріне тоқтала келе, жаңа жинақтың ерекшелігі жайында айтты.
«Ақынның бұл кітабы адам мен табиғат, адам мен қоғам байланысын ақындық пайыммен толғаған өлеңдерден тұрады. Автор адам атты ұлы ұғымды «Сен», «Мен», «Біз», «Сіз», «Ол» атты жекелеген ұғымдардың тұтасуымен түсіндіреді. «Ағаштар үнсіз өседі» – Оңайгүл Тұржанның ақындық ізденісінің кеңістігін танытатын, оқырманға берері көп мәнді де мағыналы, көркемдігі келіскен кітап. Өмірдің биік бір белесіне көтерілген ақын осы жыр кітабымен өлеңнің де бір биік асуын бағындырып отыр» деді Жанат Әскербекқызы.
Белгілі журналист, әдебиеттанушы ғалым, ҰҒА академигі, Президент кеңесшісі Бауыржан Омарұлы жаңа кітап туралы пікірін айтты.
«Екі поэма, көлемді жырлар, балладалар және лирикалық өлеңдер топтастырылған бұл кітаптың негізгі ортақ тақырыбы – ел мен жер, адам мен заман, байып пен байлам десе де болар. Бұл кітаптағы өлеңдердің негізгі идеясы – ізгілік пен ірілік. Адамды аялау, сезімді саялау. Қатыгездің қатал жүрегінен жақсылық іздеу. Оңайгүл ақынның өлеңдеріндегі ізгілік пен мейірімділіктің шектен тыс екенін көрген соң жанталасқан жаудың өзіне де, көзіне де жәудірей қарағың кеп кетеді» деді ғалым.
Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі, ақын Шерхан Талап министр Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Жанна Құрманғалиева, көрнекті жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт, көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы жылы лебіздерін жеткізді.
Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы аталмыш одақ төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауын оқыды.
Таныстырылым барысында студенттер ақынның өлеңдерін оқыды. Оқылған өлеңдердің бірі «Мағжан. Сейітмағамбет. Патефон» деп аталады. Осы өлең кейіпкерінің немересі, саяси және қоғам қайраткері Гүлнар Сейітмағамбетова өлеңдегі оқиғаның тарихы туралы әңгімеледі.
Алаштанушы ғалым Қайрат Сақ, журналист, жазушы Шархан Қазығұл сөз сөйледі. Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева Оңайгүл Тұржанның Қытайдағы байқауға қатысқан Димаш Құдайбергеннің жарқын болашағына ата-анасынан бұрын сенгенін, кітап жазғанын айта келе, ақынға алғыс айтты.
Бетті дайындаған Аманғали ҚАЛЖАНОВ